Педиатрия факультеттері қайта ашылмақ

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
11139

2017 жылдан бастап елдегі жоғары оқу орындарындағы педиатрия факультеттері қайта ашылады.

Педиатрия факультеттері қайта ашылмақ

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтың медициналық жоғары оқу орындарындағы педиатрия факультеттерін қайта ашу туралы ұсынысын қолдады. "Ұсынысты толық қолдаймын, министрлер Тамара Дүйсенова (денсаулық сақтау және әлеуметтік даму. – abctv.kz) мен Ерлан Сағадиевке (білім және ғылым министрі. - abctv.kz) барлық медициналық оқу орнында педиатрия факультеттерін қайта ашуға және 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттерді қабылдауға дайындық жасауға тапсырма беремін", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, бұл мәселеге "эксперимент жасаудың керегі жоқ".

Вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтың мәліметі бойынша, елдегі педиатрия факультеттерін жабу салдарынан мамандар тапшылығы пайда болды.

"Егер 2012 жылы 10 мың адамға төрт педиатрдан келсе, 2015 жылы тек үш педиатрдан келген. 2015 жылы Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында ауылдық жерлердегі 10 мың адамға шамамен бір педиатрдан келген. Осы мәселеге қатысты қоғамда алаңдаушылық туатыны сөзсіз",– деді ол.

Вице-премьердің айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы емделушілерді оңалту жұмысы нашар.

"Бізде ота жасағаннан кейінгі адам өлімі көбейді, ол айтарлықтай көп емес, бірақ адам өлімі бар екені анық. Былтыр ота жасағаннан кейін 5601 адам қайтыс болған. Елімізде медициналық оңалтумен және қалыпқа келтірумен небәрі он мекеме ғана айналысады", – деді Иманғали Тасмағамбетов.

Неміс клиникаларында емделушіні оңалтуға шамамен 25 күн берілсе, біздің елде екі апта ғана уақыт беріледі екен.

"Бұл жұмыс өте мұқият болуды талап етеді. Оңалту орталықтарын МЖӘ (мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) есебінен салуға болады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесіп, осы мәселені шешу керек", – деді Иманғали Тасмағамбетов.

 

Шетелдіктер емделу  үшін Қазақстанға келеді

Премьер-министр Қазақстан шетелдік емделушілер арасында танымал бола бастағанын айтып өтті. "Еліміздің барлық өңірінде кардиохирургиялық бөлімшелер ашылған. Біздің елде алғаш рет жүрек пен миға ота жасай бастады. Осының арқасында шетелден емделушілер келе бастағанын байқап отырмыз. Үстіміздегі жылдың сегіз айында емделуге келген шетелдіктердің саны 7,5 мыңға жетті", – деді ол.

Сонымен бірге ел азаматтарының орташа өмір сүру жасы 72 жасқа дейін жеткен. Ал 1991 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 67 жас болған екен.

"25 жыл ішінде орташа өмір сүру жасын 5 жылға ұзарттық. Сонымен қатар ана өлімі бес есе, бала өлімі үш есеге азайған. Осы көрсеткішті одан әрі дамыту үшін 2016 жылдан бастап "Денсаулық" бағдарламасы іске қосылады", – деді Бақытжан Сағынтаев.  

"Ұлттық нейрохирургия орталығы" АҚ басқармасының төрағасы Серік Ақшолақов сегіз жыл ішінде орталық Қазақстан мен Орталық Азия үшін 60-тан астам технологияны енгізіп, шамамен 15 мың ота жасағанын айтты.

"2008 жылы әлем елдері ішінде алғашқылардың бірі болып бас ми ісігін алып тастауға және баланы кесарь тілігі арқылы өмірге әкелуге ота жасалып, ана мен бала өмірін сақтап қалды. Үстіміздегі жылы тағы да дәл осындай ота жасалды. Қазіргі уақытта ота жасалған ана мен баланың жағдайы жақсы", – Серік Ақшолақов.  

"Ұлттық ғылыми медициналық орталығы" АҚ басқарамасының төрағасы Абай Байгенжин соңғы үш жылда елде ішкі ағза мүшелерін ауыстыру бойынша шамамен мыңнан астам ота жасалғанын мәлімдеді. 

"Соңғы үш жылда елімізде бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және сүйек майын ауыстыру бойынша мыңнан астам ота жасалған. Таяу күндері ғана кардиохирургия орталығы мамандары жүрек пен өкпені ауыстыру бойынша кешенді ота жасады. Ота өте сәтті шықты", – деді Абай Байгенжин үкімет отырысында.

Сонымен бірге 2003 жылдан бастап, медициналық қалыпқа келтіру бағыты – адам жасушасын ауыстыру қарқынды дамып келеді.

"Осы жылдар ішінде бауыр циррозының ауыр түрімен, қант диабеті, тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі, ұмытшақтық дертімен ауыратын алты мыңнан астам адам жазылып шықты. Альцгеймер, Паркинсон және басқа да ауруларды емдеуде оң нәтижелерге қол жетті. 2010-2016 жылдар аралығында АҚШ, Қытай, Кувейт, Үндістан, БАЭ, Сауд Арабиясы, Ресей, Сингапурден келген 200-ден астам науқас адам жасушасын ауыстыру бойынша ем алған. Аурулардың бұл категориясын емдеу үшін азық-түлік және дәрі-дәрмекті қадағалау жөніндегі америкалық комитеттен рұқсат алынды", – деді Абай Байгенжин.  

 

Маман тапшылығы, Ұлттық банкке берілген тапсырма

Аймақ әкімдері қиындық пен оның себептеріне көбірек тоқталды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов республика бойынша көрсеткіші орташа бұл аймақтағы нәресте өлімінің не себепті жиілеп кеткендігін түсіндірді.

"Біздегі қиындықтар жабдықтың жетіспеушілігінен емес, білікті мамандардың жетіспеушілігінен болып отыр.  Соңғы үш жылда жоғары оқу орындары гинеколог-дәрігерлер мен неантолог мамандығын дайындамайды. Шектен тыс әмбебаптандыру, біріздендіру жақсы нәтиже бермейді деп ойлаймын. Нәресте өліміне тоқталсақ, бізге халықаралық стандарттарды білетін және соған сай емдейтін арнайы мамандар керек", – деді ол.

Оның айтуынша, дәрі-дәрмек сатушылардың және дәрігерлердің мәлімет базасын қорғауды күшейту керек. Әйтпесе, ШҚО-да болған жағдай қайталануы мүмкін.

Оның айтуынша, 355 дәрігер қайта білім алу үстінде, оның ішінде 12 маман бала өлімінің алдын алу мәселесі бойынша жарты жылға Ұлыбританияда оқуға жіберілді.

Даниал Ахметов облыстық онкогемотологиялық орталыққа Ресей мен Қырғызстаннан емделуге адамдар келетінін айтып кетті. Оның айтуынша, мұндай орталықтарды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде ашу қажет.

"Бүгінгі күні онкогематологиямен ауыратын балалар үшін жеке хоспистерді ұйымдастыруға тыйым салынған. Ал ауру балаларды шетелге емделуге жібереміз. Шығыс Қазақстан облысының онкогематалогия орталығындағы тәжірбиені қолдану жақсы нәтиже беру үстінде", – деді Даниал Ахметов.

Сонымен бірге теңгенің құнсыздануы мен күрт қымбаттау салдарынан денсаулық сақтау саласындағы екі концессиялық жобаның әлі күнге дейін іске аспағанын атап кетті. Мұны Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та қолдап, банктердің жобаны іске асыру үшін қосымша кепіл талап ететінін айтты. "Сол себепті, Бақытжан мырза, мемлекетпен кепілдік мүлікке жасалған келісім-шартты теңестіру үшін Ұлттық банкке тиісті тапсырма беруіңізді сұраймыз", – деген өтініш білдірді. Ол осы жерде Ұлттық банктің Премьер-министрге емес, мемлекет басшысына тікелей бағынатынын ескермеді.  

Бердібек Сапарбаев діни сенім-наным салдарынан көптеген азамат екпе жасатудан бас тартып отырғанын сөз етті. "Діншілдік салдарынан кейбір балаға екпе жасатудан бас тарту сияқты қиындық бар. Сондықтан балабақшаға немесе мектепке бармас бұрын балаларды міндетті түрде екпе жасату және олардан анықтама талап ету мәселесін қарастыру керек. Бұл мәселені халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекс шеңберінде қарастырған дұрыс деп ойлаймын",– деді әкім Бердібек Сапарбаев.  

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев елдің медициналық мекемелері Байқоңырдан пайда көргенін, облыс жыл соңына дейін лизинг аясында жалпы сомасы 566 млн теңге болатын 24 санитарлық автокөлікті жеткізуге тиіс екенін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу