Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Ашық НҚА" порталында жарияланған бұйрық жобасына сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тартылған педофилдерге химиялық кастрация түрмеден босатылмай тұрып қолданылады.
Құжатта мекеме әкімшілігі сот-психиатриялық сараптама тағайындау туралы ұсынысты сотқа жазасын өтеу мерзімі аяқталғанға дейін 12 айдан кешіктірмей жолдауы тиіс екені жазылған. Сараптама сотталған адамның психикалық ауытқулары мен жыныстық зорлық-зомбылыққа бейімділігін бағалау үшін қажет. Ал химиялық кастрация шарасы босатылуына алты ай қалғанда жүзеге асырылады.
Бұйрық жобасы 18 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.