Пекин 2022. 10 ақпан күні өткен жарыстардың қорытындысы

1819

10 ақпан күні Пекинде қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының қатысуымен кезекті жарыс күні өтті. Бүгін біздің спортшылар өткен күндермен салыстырғанда бір ғана спорт түрінен бақ сынады.

Пекин 2022. 10 ақпан күні өткен жарыстардың қорытындысы

Шаңғышыларымыз бүгін өз күштерін сынап көрді. Олимпиада ойындары аясында классикалық жүріспен әйелдер арасында он шақырымдық жарыс өтті. Бұл жарыс түрі бойынша Қазақстан намысын төрт спортшы Валерия Тюленева, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина және Ксения Шылыгинаналар қорғады. Аталған спортшылар үшін жарыс жақсы өтті деп айта алмаймыз. Шаңғышылар жоғары нәтиже көрсете алмады. Шурыга 52-ші, Шалыгина 53-ші,  Степашкина 57-ші, Тюленева – 59-шы болды.

"Бүгін мен жарысты бірінші болып бастадым. Бұл мен үшін өте қиын. Қатты жел соғып, жарыс жолы, жасанды қар – мұның бәрі жағдайды одан әрі қиындатты. Дегенмен осыған қарамастан барлық спортшылар бірдей жағдайда өнер көрсетеді. Қазіргі нәтижеме көңілім толмайды. Соған қарамастан маған қолдау көрсеткендеріңіз үшін барлығына алғысымды білдіргім келеді. Өкінішке орай, бүгінгі нәтиже осындай болды", – деді Валерия Тюленева.

Медальдар үшін күресте нағыз драма өрбіді. Атақты норвегиялық Тереза ​​Йохауг аралық жарыста көш бастады. Ал Финляндиядан келген Кертту Нисканен одан 0,4 секунд басым түсіп, алтыннан алқа тақты. Тереза күміс жүлдегер атанса, ресейлік Наталья Непряева қола үшін күресті. Оның мәреге келуін финляндиялық Криста Пармякоски тағатсыздана күтті. Себебі ол жүлдесіз қалуы мүмкін еді. Дегенмен Кристаның жолы болып, ресейлік спортшы одан 0,1 секінд қана артта қалып, жарысты 4-болып аяқтады.

Айта кетейік, қазіргі таңда медальдық есепте 6 алтын, 3  күміс жүлдемен Германия құрамасы көш бастап тұр. Екінші орында  5 алтын, 3 күміс, 4 қола жүлдегер Норвегия құрамасы. Аустрия құрамасы 4 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль иеленіп, үздік үштік қатарын толықтырды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу