Пекин 2022. Қазақстандық спортшылар ширек финалда

1700

Бүгін қазақстандық спортшылардан үш шорт-трекші ширек финалға шықты.

Пекин 2022. Қазақстандық спортшылар ширек финалда

Қазақстан құрамасы Пекинде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында кезекті жарыс күнін аяқтады. Біздің спортшылар төрт спорт түрінен өнер көрсетті. 11 ақпанда шорт-трекшілер тамаша нәтижелерімен жанкүйерлерді қуантты. Командамыз 500 метр қашықтықта өткен ерлер арасындағы іріктеу жарысына қатысты. Нәтижесінде, үш шорт-трекші де 1/4 финалға жолдама алды.

Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов және Абзал Әжіғалиев келесі айналымға өтті. Ғалиахметов екінші іріктеуде екінші болып мәреге келді. Төртінші және алтыншы іріктеуде Никиша мен  Әжіғалиев жеңіске жетіп, қазақстандықтар медальдар үшін күресті одан әрі жалғастыратын болды. Олар 13 ақпан күні елорда уақытымен 17:00-де басталатын ширек финал, жартылай финал және финалдық кездесулерге қатысады.

Сонымен қатар шаңғышылар ұзақтығы 15 шақырым болатын жекелей жарысқа қатысты. Қазақстандық команда сапынан Виталий Пухкало ең үздік нәтиже көрсетті. Ол 25-орынға табан тіреді. Евгений Величко қорытынды хаттамада 40-орынға жайғасты.

"Жарыс мен үшін қиынға соқты. "Классикалық" скиатлонда жүгіру оңай болды. Бірақ мен барымды салдым. Бүгін ауа-райы тамаша, жел аз, жылы болды. Мұндай жағдайда жүгірген жақсы әрі оңай. Шаңғы жарысында қар ұн сияқты болды. Сондықтан шаңғылар дұрыс жүрмеді. Бірақ жүгіріп, барынша тырыстық", – деді жарыстан кейін Пухкало.

Әйелдер арасындағы спринтте биатлоншы Галина Вишневская-Шепоренко өнер көрсетті. Нысана көздеуде спортшы бір рет қателесті. Нәтижесінде, ол жеңімпаз норвегиялық Марте Олсби-Ройзеландтан 2:38,3 секундқа артта қалып, жарысты 52-ші болып аяқтады.

Бүгінгі жарыс күнін трамплиннен секіруден Қазақстан құрамасының өкілдері аяқтады. Олар үлкен трамплиннен секіру бойынша іріктеуге қатысты. Басты міндет 50 мықтының арасына қосылу еді. Алайда Даниил Васильев пен Сергей Ткаченко іріктеуден өте алмай, негізгі жарыстарға жолдама ала алмады. Васильевке сәл ғана сәттілік жетіспеді. Ол жарысты 51-ші болып аяқтаса, Ткаченко мәреге 54-ші болып келді.

Айта кетейік, 12 ақпан күні қазақстандық спортшылар үш сайыс түрі бойынша жарыс жолына шығады. Елорда уақытымен 13:20-да әйелдер арасында шаңғы жарысынан эстафетада Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина, Ирина Быковалар бақ сынайды.

Ал 14:50-де конькимен 500 метрге жүгіруде ерлер арасында финалдық жарысқа Иван Аржаников қатысады.

Сондай-ақ 14:50-де ерлер арасында биатлоннан 10 шақырымдық спринт өтеді. Оған еліміздің атынан Александр Мухин, Владислав Киреев жарыс жолына шығады. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу