Петербургтегі экономикалық форум Қазақстан үшін тиімді алаң – Шаталов

2707

Саяси шолушы Никита Шаталов Қазақстан Президенті қатысып жатқан Петербургтегі халықаралық экономикалық форум жайлы пікірімен бөлісті.  

Петербургтегі экономикалық форум Қазақстан үшін тиімді алаң – Шаталов

Оның пікірінше, Украинадағы соғыс қимылдарына қарамастан, Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қатысуы орынды. Өйткені, Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан басшысын аталған форумға геосаяси жағдай шиеленіспей тұрып, яғни осы жылдың 10 ақпанында шақырған болатын.

"Егер Мемлекет басшысы бұл форумға қатыспағанда өңірдегі негізгі серіктесіміз мұны бір жақты бағалар еді. Тиісінше, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа да сызат түсер еді. Оның үстіне Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптадағы сұхбатында Ресей Федерациясы турбулентті жағдайға қарамастан, Қазақстан үшін стратегиялық басымдық болып қала беретінін айтты. Тереңге тартқан тарихи байланыстар мен географиялық жағдайдың өзі екі мемлекетті осыған жетелеп отыр", – дейді Никита Шаталов.

Сарапшының айтуынша, Петербургтегі халықаралық экономикалық форум Қазақстан үшін тиімді алаң. Себебі форум Ресей Федерациясымен, сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылауға таптырмас жер. Өйткені, форумға алпауыт екі мемлекеттің де басшылары қатысады.

"Менің білуімше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында логистика және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін көтереді. Коронавирус пандемиясы мен соғыс әлемдік логистикалық байланыстардың тізбегін бұзды. Осының салдарынан әлемдік инфляция өсті. Өкініштісі аталған факторлар әлем үшін азық-түлік дағдарысын туындатып отыр. Ал кейбір өңірлер аштықпен бетпе-бет келуі мүмкін. Сондай-ақ Президент шекара маңы ынтымақтастығындағы өзекті мәселелерді көтереді деп күтілуде", – дейді саяси шолушы.

Н.Шаталов Қазақстан Президенті Санкт-Петербургтегі іс-шараны Ресей Федерациясының субъектілерімен өңірлік өзара іс-қимылды күшейту үшін пайдаланатынын алға тартты. Шынында да, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Башқұртстан басшысы Радий Хабировпен және Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесті.

"Ресей тек Санкт-Петербург пен Мәскеуден ғана тұрмайды. Путин де шектелмейтінін түсіну керек. Әсіресе, бұл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту тұрғысынан өте маңызды. Өйткені, қолайсыз инвестициялық ахуалға байланысты аталған өңірлердің инвесторлары Қазақстанды өте әлеуетті алаң ретінде қарастырады. Форумға көптеген халықаралық журналистер қатысатынын ескерсек, бұл алаңды батыстық серіктестерімізге санкциялар режимін сақтау туралы сигнал беру үшін пайдалана аламыз. Әрине, Ресей шектеулерді айналып өтуге көмектескенімізді қалайды. Бірақ біздің ұстанымымыз әртүрлі деңгейде бірнеше рет келісілген. Яғни, біз қайталама санкциялар салынатын салалар бойынша өзара әрекеттеспейміз", – деп толықтырды ол.

Петербургтегі форум алдында Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Россия-24" телеарнасына сұхбат бергені мәлім. Саяси шолушының пікірінше, дәл осы жағдай әлем назарын Қазақстан Президентіне аудартқандай болды. Өйткені, сұхбат Қазақстанның Ресей үшін әрдайым ыңғайлы одақтас бола бермейтінін көрсетті.

"Бізбен де санасу керек. Ал қысымға бой алдырмаймыз. Өйткені, барлық келісімдер мен мүдделерді сақтап отырмыз. Қысқасы, қазіргі жағдайда бізге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Мәскеудің өзі егемендік басты құндылық екенін мәлімдеді. Біз үшін де солай", – дейді Н.Шаталов.

Ғалия Әділ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу