Петерис Скудра: "Мен мұнда табысқа жету үшін келдім"

2341

24 қаңтар күні "Сарыарқа" - "Ертіс" арасында кездесу өтеді.

Петерис Скудра: "Мен мұнда табысқа жету үшін келдім"

Осыдан бірнеше күн бұрын "Сарыарқа" хоккей клубының бас бапкері болып латвиялық маман Петерис Скудра тағайындалды. Ойыншы ретінде НХЛ мен ҚХЛ сынды лиганың белді клубтарында өнер көрсетіп, 1991 жылы жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Сондай-ақ 1994 жылы Латвия Чемпионатын жеңген. 48 жастағы маман бұған дейін бас бапкер ретінде құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін "Торпедо", "Трактор" және ригалық "Динамо" сынды командаларды тізгіндеген. Бас бапкер қарағандылық клубтан түскен ұсыныс туралы, қалған маусымдағы міндеттер мен жанкүйерлердің қолдауы жайлы "Сарыарқа" ХК баспасөз қызметіне берген сұхбатында әңгімеледі.

"Маған ұсыныс түсті және қызығушылық танытқандарыңыз үшін рахмет. Біраз ойланып, жағдайды бағалау керек болды. Команда туралы ақпараттармен таныстым. Бірнеше матчтарды қарап шықтым. Чемпионат қызған шақта мұндай ұсынысты қабылдаған кезде команданың алға жылжуына көмектесіп, бар жағдайды сезінуіңіз керек. Команда құрылымын түбегейлі өзгертудің қажеті жоқ. Мен мұнда табысқа жету үшін келдім. Маған команданың жұмысы ұнайды. Жігіттер өз істерінің нағыз маманы, кәсіпқой спортшылар. Бұл бірден байқалады. Біз дайындалып жатырмыз. Жігіттерді дамытуға тырысамыз. Команда әлі жас. Жалпы жігіттер жеке-дара күшейе түсуі керек.

Кейбір ұсақ-түйек мәселелерді жақсарту үшін жасалып жатқан жұмыс оң нәтиже беріп жатыр деп айта алмаймын. Сондықтан біз алдымен айдында жұмыс жасаймыз. Содан кейін бейнежазбаны қайталап көріп, қателіктерімізді көреміз. Қазір сырт айдындағы матчтар сериясына ақырындап дайындалудамыз. Шабуылға бес хоккейші қатысуы керек. Қорғаушылар да белсенді болуы керек. Статистикаға көз жүгіртсек бұрын ойыншылар онша белсенді болмаған. Біз қорғаныста ойнайтын жігіттердің бұл үрдіске, әсіресе, позициялық шабуылға көбірек араласуын қамтамасыз етуге тырысамыз.

Әр ойыншының техникалық элементтерін - шабуылдаушыларды да, қорғаушыларды да үнемі дамытамыз. Жас жігіттер дамуын тоқтатпай, керісінше ақпаратты қабылдап, жақсара түсуі керек. Ойыншылардың барлығы жас, әлеуеті зор. Бірақ біз екі өте маңызды кубок турнирі туралы айта кетуіміз керек. Құрлықтық кубок пен ішкі біріншіліктің плей-офф кезеңінің басталуына аз уақыт қалды. Бұл тек жақсы дайындықты ғана емес, тәжірибені де қажет ететін матчтар. Мұның барлығынан сүрінбей өту керек. 

"Сарыарқа" ұжымы мен жанкүйерлерін 15 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Қазірдің өзінде көп нәрсе жасалды, команда көптеген жүлделер иеленді. Бірақ ең маңызды жеңістер әлі алда. Осы уақыт ішінде қалыптасқан дәстүрлер сақталып, дамып, осы ұйымға келген әрбір ойыншы, жаттықтырушы, команда қызметкерлері алға жоғары міндеттер қойылғанын түсінсе екен деймін және бұл жұмыстардың барлығын олар өте жоғары деңгейде кәсіби түрде орындайды деп ойлаймын.

Жанкүйерлер бізді қолдауға келсе екен деймін. Әрине, біз бірінші кезекте жанкүйерлер үшін ойнаймыз. Оларсыз ешқандай кубок та болмас еді. Бізге трибуналардағы жанкүйерлердің эмоциялары қажет. Ал біз өз ойынымызбен қолдауға келген жанкүйерлерге барынша тамаша эмоция сыйлауға тырысамыз", - деді команданың жаңа бас бапкері.

Естеріңізге сала кетейік, 24 қаңтар күні Павлодарда Pro Hokei Ligasy 2021-2022 тұрақты чемпионаты аясында "Ертіс" - "Сарыарқа" командалары арасындағы ойын өтеді. Матч елорда уақытымен 19:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу