Сарапшылар өз иелеріне ақылға сыймас байлық сыйлаған акцияны атады

3248

Дер кезінде сатып алғандар 3 157 000% табысқа кенелген.

Сарапшылар өз иелеріне ақылға сыймас байлық сыйлаған акцияны атады Фото: istock

Көптеген акция бойынша трейдерлер дивидендін қоса алғанда жылына шамамен 10%-дан жоғары табыс тапса, соның өзін үлкен дәреже көреді, салмақты өсім санайды. Өйткені құнды қағаздардың көбісі ақыры құнсызданып, ұшантеңіз шығын әкеліп жатады. Оның қасында таза табыстың кез келген көлемі – шын жүректен шыққан таза қуаныш.

Дегенмен, мажоритарлы ғана емес, миноритарлы, ұсақ акционерлеріне де ұланасыр ауқат тарту етіп, тарихта қалған компаниялар бар. The Motley Fool соның бірінің табыс тарихын баян етті.

Home Depot компаниясы 1981 жылдың қыркүйегінде төл IPO-сын өткізіп, биржаға шықты. Сонда оның болашағына сеніп, қаржысын салған адамдар енді ғаламат 3 миллион 157 мың пайыз кіріске кенелді.

Бұл дегеніміз, бір адам қырық жыл бұрын оның акциясына 1 мың доллар салғанда, бүгінде оның балансындағы қаржысы 32 млн долларға жуықтайтын еді деген сөз.

"Ұзақ уақыт бойы табыстылығын сақтайтын компаниялар сирек кездеседі. Бірақ Home Depot осы мақсаттың үдесінен шыға алды. Ондаған жылдар ішінде компания өз акционерлеріне кез келген жанды тәнті ететін керемет табыс әкелді. Өткен ғасырдың соңына қарай бұл компания үй және басқа ғимараттар салуға қажетті ағаш тақтайлар, ағаштан жасалған өнімдер, электрлі аспаптар және басқа да күнделікті өмірде қажет болатын, өзектілігін жоймайтын тауарды сатумен айналысты. Қазірде сол бағытынан айнымай, өзгеріссіз қалды", – деп мәлім етті The Motley Fool.

Елге елеулі бір өзгерісі сол – Home Depot бүгінде алпауытқа айналып, орасан зор ауқымға жетті: бұл компанияның нарықтық капитализациясы 366 миллиард долларды құрайды.

Салыстырсақ, оның көлік маркаларын иеленуді әрбір адам армандайтын атақты Mercedes-Benz Group AG-ның капитализациясы бүгінде 79,2 млрд еуро ғана.

Home Depot болса, соңғы бір жыл ішінде 163 миллиард доллар көлемінде табыс тапқанын жария етті. Яғни, 12 айдағы табысының өзі Мерседес-Бенцтің бүкіл құнынан екі еседей жоғары.

Осының арқасында компания планетамыздағы аса ірі ритейлердің бірі саналады. Мәселен, аталған саладағы оның басты бәсекелесі Lowe's табысы бұдан шамаман екі еседей аз болып шыққан.

"Хоум Депоттың" ұтқан жері сол, ол дұрыс стратегияны таңдады. Биржада листингтеле салысымен, арқаны кеңге салып, жайбарақат күйге түскен жоқ. Ары қарай әбжіл қимылдап, пиарын құнттап, Америкада және шетелде жылдам қарқынмен жаңа дүкендерін ашуға кірісті.

Бастапқыда жергілікті желі саналған Home Depot-тың 1993 жылы әр өңірде табысты жұмыс істеген дүкендерінің саны 264-ке жетті. Оның бірінші басшылары жаңа дүкендер ашып, атағын жаю үшін ақша салудың да қажеті жоқтығын түсінді. Олар әлемге танымал болған брендін франшизамен сата бастады.

Ақыр соңында, 2025 жылғы мамыр айында Home Depot-тың жұмыс істеп тұрған дүкендерінің жалпы саны 2 350-ден асқан. Оның басым көпшілігі әрине, АҚШ-та. Одан кейінгі орында іргедегі Канада (182 дүкен) мен Мексика (140) тұр.

Қазіргі кезде, сарапшылардың мәліметінше, Home Depot орнықты түрде пайда табады. Ал, оның операциялық маржасы соңғы онжылдықта орта есеппен 14,2%-ды құрады.

Қалыптасқан, болып-толған, тұрақты компания. Бұл компания басшылығына тапқан капиталын акционерлерімен бөлісуіне мүмкіндік береді. Соңғы қаржы тоқсанында ғана ол 2,3 миллиард долларды дивиденд түрінде үлестіріп берді.

Дәл қазір оның акцияларын сатып алу қажет пе?

Бірден айталық, биржада ойнайтын жандар болжам-пікіріне құлақ түретін The Motley Fool бұрынғы кезеңдерде ыланойран табысқа жеткен компаниялар мен олардың акциялары туралы ғана журналистерге тегін ақпарат таратады.

Дәл бүгін биржаны "гулетіп" жатқан немесе алдағы уақытта "дүрілдетеді" деп мол үміт күттіретін акциялар туралы ақпаратты ол өз жазылушыларына ақылы түрде ғана жолдайды.

Тиісінше, ол "Хоум Депоттың" өз акциясын ұстаушыларға астатөк табыс әкелген заманы артта қалғанын ескертеді. Бүгінде сатып алғандар көп өсімнен дәмете алмайды.

Мысалы, кейінгі 52 апта ішінде компанияның 1 акциясының бағамы 439,37 доллардан 323,93 долларға дейін түсіп үлгерген. Бүгінде шамамен 367 долларға саудаланады.

"Home Depot-тың акционерлерінің капиталын өсіріп беру табысы таңдай қақтырады. Бірақ негізінен оның табысты кезеңі тарихта қалды деуге келеді. Оның тарихы бізді неге үйретеді? Бұл кей жағдайда тағат-төзім мол игілік әкелетінін айғақтайды. Алайда бүгінде оның акцияларын сатып алғысы келетін инвесторлар тарихына тамсанбай, ағымдағы қалыптасқан жағдайын ақылға салып, дұрыс таразылауға тиіс. Бәлкім, бұл компания бұрын тамаша өсімді паш еткен шығар. Ал, енді бәрі басқаша", – деп түсіндірді The Motley Fool сарапшылары.

Америка елі мен континентінде біздегідей бетон мен кірпіштен соғылған күрделі құрылысты тұрғын үйлер салына бермейді. Дауыл соқса ұшырып әкететін, тез тұрғызылатын жеңіл-желпі, екі-үші қабатты баспаналар көп. Оларда ағаш материалдары көп қолданылады.

Алайда сарапшылардың мәліметінше, Трамп келіп, экономикада стагнация нышандары басталғалы, макроэкономикалық орта нашарлағалы, әрі тұтынушылық ортада пессимистік көңіл-күйлер белең алғалы, АҚШ-та және оның көршілерінде ипотека ставкалары қымбаттаған. Тиісінше, тұрғын үй құрылысы тоқыраған жағдайда.

Салдарынан, Home Depot-тың дүкендерінің бірі биылғы бірінші тоқсанда саудасының 0,3%-ға құлағанын мойындады. Бұған дейін компанияның өзі де 2023 және 2024 жылдары сауда-саттығы бәсеңдегенін жария еткен болатын.

Компанияның өзі болашаққа сеніммен қарайды. Home Depot бас директоры Тед Декердің айтуынша, Америка Құрама Штаттарындағы ағаштан тұрғызылған үйлердің жартысының "жасы" 40 жылдан асқан. Демек, оларды алда құлатып, жаңадан салуға тура келеді.

Бұдан бөлек, АҚШ-та бәрібір баспана тапшылығы байқалады. Бұл құрылыс компанияларының даунтаундарда, шағын қалаларда тұрғын үй құрылысын өрістетуіне ықпал етуі мүмкін. Азаматтар да экономикалық рецессия жағдайында жаңасын алмай, қолданыстағы үйлерін жөндеп, жаңғырту жайын ойластыра бастайды.

"Сараптау, бағалау басты назарда болуға тиіс. Осы есеп жазылып жатқан кезде аталған компанияның акциялары "баға/табыс 24,9 коэффициентімен" сатылып жатты. Бұл тиімді салым болып есептелмейді. Сондықтан инвесторлар дәл қазір сатып алуға асықпағаны жөн. Бұл акциялар бұрын үлкен байлық әкелетін құрал болды. Болашағы одан қатты ерекшеленсе керек", – деп жорамалдады есеп авторлары.

Олар мұндай табыс тарихы аз еместігін еске салады. Мысалы, 2004 жылы Netflix акцияларына 1000 доллар салған адам қазіргі кезде одан 651 049 доллар жасап алатын еді.

Біз өз кезегімізде бұл материал қандай да бір құнды қағазды сатып алуға кеңес беруді көздемейтінін, инвестициялық рекомендация болып табылмайтынын, тек ақпараттандыру сипатында ғана екенін ескертеміз. Кез келген бағалы қағазды сатып алмас бұрын әр адам мамандармен ақылдасып, өз бетінше шешім қабылдағаны жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу