Пиротехникалық бұйымдарды қолданғанда қауіпсіздік қатаң сақталуы керек

3343

Жаңа жыл жақындаған сайын бенгал оттары,  петарда, зымыран, вулкан секілді алуан түрлі пиротехникалық шартылдақтардың саудасы қыза түседі.  

Пиротехникалық бұйымдарды қолданғанда қауіпсіздік қатаң сақталуы керек

Биыл да жаңа жыл келмей жатып, базарларда, дүкен сөрелерінде қытайдың жалт-жұлт еткен атылғыш заттары қаптап кетті. Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі 2020 жылдың 15 желтоқсаны мен 2021 жылдың 10 қаңтар аралығында арнайы рейдтік-алдын алу шарасын қолға алған.

Бұл туралы ҚР Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Асылбек Ыдырысов брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, рейдтік шаралардың басты мақсаты –пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқандарды анықтап, қоғамдық қауіпсіздіктің алдын алу. 

"Биылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша ішкі істер қызметкерлері, аумақтық департамент бөлімшелері, қала және аудандық құрылымдар бес күннің ішінде 1 мыңнан астам рейд өткізді. Іс-шара кезінде пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатудың 13 дерегі тіркелді", – дейді ол.

Полициялар пиротехникалық заттарды әлеуметтік желі арқылы заңсыз сататындарға да бақылау жүргізген. Соның нәтижесінде жақында пиротехниканы сатамын деп жарнама орналастырған Екібастұз тұрғынын ұстапты. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 34 725 теңге көлемінде айыппұл төлеген. Былтыр да Нұр-Сұлтан қаласында мектеп ауласында отшашу ұйымдастырған 11 жастағы бала анықталып, оның ата-анасына айыппұл салынған.

"Жаңа жыл қарсаңында біз рейдтік шараларды күшейттік. Бүкіл ел бойынша пиротехникалық бұйымдарды сататын дүкен, базар,  сауда орталықтары тексеріледі. Бұл ең алдымен адамдардың амандығы үшін қолға алынып жатқан шара", – дейді А.Ыдырысов.

Жұртшылық базарларда қаптап тұратын пиротехникалық бұйымдарды сатып алуға құмар. Көпшілік олардың қалай сақталғанын, қандай жолмен келгенін, арнайы сертификаты бар ма, жоқ па, мән бере бермейді. ӘПК басқармасы бастығының орынбасары А.Ыдырысов пиротехниканы сатып аларда сатушыдан оның сертификаты мен сатуға рұқсат қағазы бар-жоғын міндетті түрде сұрап алу керектігін ескертеді. Бұл қауіпсіздік үшін аса маңызды. Себебі бұл өнімдердің құрамында тез жанғыш зат пен тотықты қоспалар болады. Егер дұрыс сақталмаса немесе ережемен қолданбаса, адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.

"Бірақ сертификаттың өзі қауіпсіздікке кепілдік бере алмайтынын ескерген жөн. Биыл қаңтар айында Алматының 11 жастағы тұрғыны петарда атамын деп, оң көзінен жарақат алған. Ал 2 қаңтар күні қостанайлық 40 жастағы азаматтың бетіне отшашудың ұшқыны түсіп, күйдіріп алды. Сондықтан абай болу керек", – дейді А. Ыдырысов.

Сонымен, пиротехникалық бұйымдарды қауіпсіз қолданудың қағидалары қандай?

Бұл туралы айтқан А. Ыдырысов пиротехникалық бұйымдарды қолданарда нұсқаулықты мұқият оқып алу керектігін жеткізді. Заңды өнімдерде нұсқаулық қазақ және орыс тілдерінде жазылады. От шашу кезінде 50 радиусты жерде ғимараттар, ағаштар, тез тұтанғыш заттар болмауға тиіс.

"Пиротехниканың салдарынан мүгедек болған, күйік шалған, мертіккен жағдайлар аз емес. Мұның бәрі ережені сақтамаудан. Жарылғыш затты қолданарда алдымен қауіпсіз аумақты таңдап алу қажет. Адамдар мен отшашудың арасы кемі 35-50 метр болуы тиіс. Пиротехниканы жабық ғимараттарда қолдануға әсте болмайды, оның жанында темекі тартудан да аулақ болған жөн. Балалар үлкендердің бақылауымен ғана қолдану керек. Осы қарапайым ережелерді әр адам есте ұстаған абзал", – дейді А.Ыдырысов

Қымбат Тоқтамұрат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу