Пластикалық бөтелкелерді сыртқа шығаруға тыйым салу ұсынылды

3193

Қазақстанда ПЭТ-бөтелкелердің тек 5%-ы өңделеді.

Пластикалық бөтелкелерді сыртқа шығаруға тыйым салу ұсынылды

Қоқыс өңдейтін зауыттарды тиісті шикізатпен қамтамасыз ету үшін пластикалық бөтелкелерді сыртқа шығаруға тыйым салу керек. Бұл туралы "Қазақстан қаптамашылары қауымдастығы" ЗТБ басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, өткен жылы елімізде 2,3 млрд литр сусын, минералды су, шырын және күнбағыс майы ПЭТ-бөтелкеде шығарылған. 

"Сондай-ақ Қазақстанға жыл сайын 1,5 млрд дана ПЭТ-бөтелке сырттан жеткізіледі. Оның тек 5% өңделеді. Қалғаны қайда кетіп жатқаны белгісіз. Қанша ПЭТ-бөтелке сыртқа шығарылғаны, қаншасы қоқыс полигонында жатқаны белгісіз", – деді Батырбек Әубәкіров.

Ол елімізге "тұйықталған цикл экономикасы" стратегиясы қажет деген пікірде.

"Бізге қоқысты өңдеу саласына баса мән беруіміз керек. Оларды қоқыс полигондарына көме салмай, қайта өңдеуіміз шарт. Бұл экономиканы әртараптандыру үшін маңызды. Сондықтан "тұйықталған цикл экономикасы" стратегиясы керек", деді басқарма төрағасы.

Батырбек Әубәкіров елімізде 10 қоқыс өңдеу зауыты барын, олар толық қуатта жұмыс істеу үшін шикізат керегін айтты.

"Бүгінде отандық қоқыс өңдеу зауыттарына пластикалық бөтелкелерді сататындар аз. Олар 1 келі ПЭТ-бөтелкені шамамен 200 теңгеге сатып алады. Баға жоғары. Бірақ олар пластикалық бөтелкелерді Ресей, Өзбекстанға одан да жоғары бағаға сатып жатыр... Сондықтан біз пластикалық бөтелкелерді сыртқа шығаруға тыйым салуды ұсынып отырмыз",  деді басқарма төрағасы.

Оның пікірінше, бұл шектеу күшіне енсе, аталған зауыттардың жұмысы жанданады. 

"Біз пластикалық бөтелкелерді Ресей, Өзбекстанға сатпай, елімізде өңдейміз. Осылайша, ірі қоқыс өңдейтін зауыттармен бәсекеге түсе аламыз", – деді Батырбек Әубәкіров.

Осы орайда ол 2004 жылдан бастап қағазды сыртқа шығаруға тыйым салу қоқыс өңдеу саласына серпін бергенін атап өтті.

"Шамамен 10 жыл бұрын қағаз өнеркәсібінде 158 кәсіпорын болған. Қазір олардың саны 340-қа жетті. Осы уақыт аралығында кәсіпорындар саны 2 есе өсті. Өндіріс көлемі 3 есе артты, 23 млрд теңгеден 71 млрд теңгеге дейін. Биыл оның көлемі 100 млрд теңге болады. Қағаз өнеркәсібінде негізгі капиталған салынған инвестиция 10 есе өсті. Бұл шектеу мен "Оператор РОП" компаниясының қолдауының арқасы. Cондай-ақ ЕcoQolday бағдарламасы да іске қосылды", деп түйіндеді сөзін "Қазақстан қаптамашылары қауымдастығының" басқарма төрағасы.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу