Playboy қазақстандық қызды журнал мұқабасына шығарам деп алдап соққан

2283

Қазақстанда құқық қорғау органдары тосын, қызықты дауға жолықты, деп жазады inbusiness.kz.

Playboy қазақстандық қызды журнал мұқабасына шығарам деп алдап соққан

Елде қазіргі кезде алаяқтықтың түр-түрі өркен жаюда.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, бұған бұрынғы билік тұсында қылмыстық заңнаманың шегіне жеткізе ізгілендірілуі де ықпал етті.

Салдарынан, қазіргі кезде алаяқтар көбіне түрмеге отырмайды. Әрине, Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" аталатын 190-бабы бойынша қылмыскерлерге екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ судьялар ең жоғарғы жазаны сирек қолданады. Нәтижесінде, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiн айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Бұл аса ірі көлемдегі қылмысқа, алаяқтар ішіндегі шортандарға арналған жаза.

Ал егер ұсақ алаяқтық деп танылса (187-бап), онда қылмыскер 80 АЕК айыппұлмен немесе 20 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынумен құтылады. Жасалған бұзушылық қылмыстық теріс қылық деп танылса, онда жазадан да жалтарып кетеді. Тіпті аңқау азаматтардың миллион теңгесін алдап алған, үстінен онлайн несие рәсімдеген қаскөйлер де еркіндікте сайрандап жүре береді.

Соның кесірінен, қоғам қазір алдап соғуға қатысты оқиғаларға қайран қалмайтын болды.

Дегенмен олардың ішінде де елең еткізетін фактілер жетерлік. Соның бірін жәбірленушінің өзі – алматылық бикеш баяндады.

"2021 жылғы 9 желтоқсанда Playboy Kazakhstan, яғни "Imperial Media Group" өкілі Тұрсынмен өзара келісімге келдік. Уағдаластық бойынша компания біріншіден, менің фотомды аталған журналдың мұқабасына шығарады. Екіншіден, тағы 4 фотосуретім журналдың ішінде басылады. Үшіншіден, журналдың ішкі айқарма беттерінде менен алынған сұхбат жариялануға тиіс. Компания бұл материалды журналдың 2022 жылғы наурыздағы санында орналастыруға міндеттеме алды. Бірден айтайын, уағдаластықтың бәрі сөз жүзінде, уәде түрінде белгіленді. Мен бірнеше рет ресми келісім бекітуді өтіндім, олар әрнені сылтауратып, жалтарумен болды", – деді зардап шегуші Әйгерім Қ.

Жасыратыны жоқ, Қазақстанда шығатын журналдардың көбі жарнаманы шынымен де келісім түрінде рәсімдей бермейді. Осы арқылы салық көлемін азайтуға тырысатын болса керек.

Бірақ оның қолында компанияға қаржы аударғанын дәлелдейтін бірнеше түбіртек, банктік құжаттар (платежные поручения), сондай-ақ WhatsApp пен Instagram арқылы алмасқан хат-хабарының басылған көшірмесі бар.

Әйгерімнің айтуынша, қызмет ұсынушы жақ Playboy Kazakhstan журналы оның суреттері басылған нөмірін биылғы 31 наурыздан кешіктірмей шығаруға ауызша міндеттеме алыпты.

"Алайда журнал тек биылғы мамырда ғана жарық көрді. Оның өзінде тек онлайн нұсқасы жарияланды. Оның мұқабасында да, ішінде де менің фотоларым болған жоқ. Сұхбатымды да шығармапты. Ал қағаз нұсқасын еш жерден таба алмадым. Бұрын ол сатылатын жердің бәрін аралап шықтым. Содан биылғы 23 мамырда сотқа дейінгі талап арызға бастамашы болдым. Осыдан кейін компания маған арнап, журналдың қосымша электронды нұсқасын шығара салды. Мен бұған қанағаттанбадым", – деді жәбірленуші.

Себебі одан ақша алғанда журналдың жарнамашысы біріншіден, бойжеткеннің фотолары мен сұхбаты жылтырақ глянец түріндегі журналдың қағазға басылған нұсқасында орналастырылатынын айтыпты. Екіншіден, ол журнал таралымы 10 000 бірлік болатынын уәде еткен көрінеді. Үшіншіден, журнал мегаполистеріміздің кілең байлар жиналатын барлық сәнді, "гламурлы" орындарында, қымбат қонақүйлерде, әуежайларда, салтанатты мейрамханаларда, бутиктерде, фитнес-клубтарда, мәртебелі автосалондарда таратылатынын майын тамыза айтып, қызықтырған екен.

"Олардың ешқайсысында мен бейнеленген журналдар жоқ. Бұл ұйым мені былтырдан бері алдап келді. Уәде етілген қызметін толық көлемде көрсетпеді. Сондықтан оған төлеген қаражатымды қайтарып алғым келеді. Мен журналдың аталған қызметіне 246 мың теңге төледім", – деді Әйгерім.

Ол сонымен бірге компаниядан жарты миллион теңге моральдық залал өндіртіп алуға ниетті. Ашуланған айым мемлекеттік кірістер органынан әлгі ұйымға салықтық тексеру жүргізуді де сұрапты.

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырумен, бірқатар экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтармен күресетін құзырлы органға – Қаржылық мониторинг агенттігіне де зардап шегушіден биылғы 6 қазанда шағым түскен көрінеді. Ведомство "азаматшадан түскен өтінішті объективті қарау мақсатында оны Алматы қаласының Экономикалық тергеулер департаментіне бағыттағанын" хабарлады. Оның нәтижелері және қабылданған шаралар туралы кейін, заңда белгіленген мерзім ішінде жәбірленуші хабардар етіледі.

Психолог Мақпал Жолдасбек қазақстандық жастардың тез баюға құштарлануы оларды түрлі қате қадам жасап, от басуына итермелейтінін айтады.

"Маған бір қыздың шешесі жүгінді. Оның қызы шетелде тұрады екен. Жолдас қыздарымен бірге шетелде демалуға барғаннан Еуропада қалып қойыпты. Ол құлдыққа түсті ме деп қорқады. Анасы менің көзімше видеоқоңырау шалып, онымен сөйлесті. Бір қарағанда, ол қыз жайдары көрінді. Жетістіктерімен, алған қымбат киімдерімен мақтанды. Алайда анасы мен айтқан сыр суыртпақтаушы сұрақтарды қоя бастағанда, тұтығып, түрлі сылтаумен тілдесуді тыя салды. Анасына қызына қонаққа баруға кеңес бердім. Бұл мәселені қызы мен анасы бірге отырып, көзбе-көз әңгімелесу арқылы ғана шеше алады. Түрлі журналға түсіп, портфолио жасайтын қыздардың бәрі жаман жолға түседі деуге болмайды. Олар осы арқылы шетелден бай күйеу іздеуі мүмкін. Содан қорыққан кейбір ата-ана қыздарына кішкентайынан хиджап не орамал таққызып, тұмшалап тастайды. Бұл да шектен шығудың екінші бір шеті саналады", – деді психолог.

Оның байламынша, мемлекет идеологияға мән беріп, жастармен белсене жұмыс істегені жөн. Қазақы тәрбие, имандылық насихатталғаны жөн. Әйтпесе, жастарға көңілі толмаған қоғам радикалдануы, ал мемлекеттің зайырлы қалыбына қарсылар көбеюі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу