ПМХЗ басшысы "басымен" жауап береді

2758

ПМХЗ-ны жаңғыртуда орын алуы мүмкін олқылықтардың жай-жапсары Шухрат Данбай мен Данияр Тиесовтан сұралады.

ПМХЗ басшысы "басымен" жауап береді

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Павлодарға сапары барысында зауытты жаңғырту мерзімі уақытында  орындалмаған жағдайда "ПМХЗ" ЖШС директоры Шухрат Данбай тікелей  жауапты болатыны  туралы уәдені хаттамаға енгіздірді.

Зауыт осы жылдың 1 қарашасында тапсырылуы керек.  Алайда бұл  зауытты тапсырудың  бірінші мерзімі емес, тапсыру мерзімі бұған дейін де бірнеше рет өзгерген болатын.

"Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес, Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту жобасы 2016 жылы аяқталу керек еді. Зауыт басшылығының және "ҚазМұнайГаз" компаниясының өтініші бойынша бұл мерзімді 2017 жылдың шілде айына ауыстыру туралы шешім қабылданды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бағдарламаны аяқтау қазан айына  қалдырылды дейсіздер. Тәжірибемізде  болғандай, тапсырма мерзімінде орындалмаса "ҚазМұнайГаз" компаниясы атынан толығымен  Данияр Тиесов ( "ҚазМұнаГаз" ҚК"АҚ аға вице- президенті-Данияр Тиесов-автор еск.) жауап береді сонымен бірге зауыт директоры да жеке жауап беретіндігін хаттамаға енгіземіз. Мерзімінде тапсыра алмасаңдар, оған толық жауап бересіңдер", – деді еліміздің энергетика министрі.

"ПМХЗ" ЖШС бас директоры Шухрат Данбай жаңа технологиялық нысандардағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының  аяқталып қалғаны туралы айтты. Әңгіме күкірт және изомиризация өндіру қондырғысын орнату және жоғары октанды бензин сақтайтын кешен, бензиндерді автоматты араластыру стансасы жайында  болып отыр. Күкірт өндіру кешенін орнатуда іске қосу мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, ол 6 шілде күні аяқталады деп жоспарлануда. Ал изомеризация кешенін орнату қыркүйекте аяқталады деп отыр. Осы уақытқа дейін кәсіпорын кепілді пайдалану көрсеткіштеріне қол жеткізіп, жоғары октанды экологиялық К4 санатты автокөлік ("Еуро-4" бензиніне ұқсас) бензинін өндіру керек.

Сонымен бірге ол қолданыстағы жабдықтарды қайта қалыпқа келтіру бойынша құрылыс-монтаж жұмысы жүріп жатқанын айтты. Мұнайды алғаш өңдеу кешенінде (ЛК-6У) – дизельдік отын мен керосинді гидротазалау қондырғысы, нафтаны гидротазалау, катализаторлық риформинг бар.  Қондырғыларды қайта қалыпқа келтіру 2017 жылдың қараша-желтоқсан айларынан бастап К4,К5 стандартты дизельдік отынды және әуе отынын шығаруға мүмкіндік береді.

"ҚазМұнайГаз" ҰК"АҚ аға вице-президенті Данияр Тиесовтің ақпары бойынша, жаңғырту жобасы 2011 жылы басталған. Оның бастапқы үш миллиард долларлық құнын 696 млн долларға дейін оңтайландыру мүмкін болған. 

Жалпы ПМХЗ жаңғырту жобасы бойынша 12 технологиялық қондырғы мен зауыт шаруашылығының 18 нысаны салынып, қайта қалыпқа келтірілуде.  Жоба бойынша екі мердігер – Rominserv S.R.L.  компаниясы және қытайлық NFC  компаниясы жұмыс істеп жатыр.

"Ең қиыны зауытқа ауыр қондырғыларды жеткізу болды. Зауыт теңізден алыс орналасқан. 500 тонналық екі реакторды Ресейдің солтүстік порттары, Енисей, Лена және Ертіс өзені арқылы жеткіздік. Операцияны Ертіс өзені арқылы ауыр қондырғыларды жеткізуге болатын кезде істедік. Бұл біздің еліміз үшін алғашқы тәжірибе болды", – деп атап кетті Данияр Тиесов жиналыста.

"Соңғы рет зауытта өткен жылдың тамыз айында болдым,  осы уақыт ішінде айтарлықтай өзгерістер болған. Жұмысты механикалық аяқтау актілері жасалып, енді іске қосу ғана қалған. Өкінішке қарай, әзірге дизельдік отынды, нафтаны, сондай-ақ авиакеросинді гидротазалау бойынша  үш қондырғы дайын емес. Бұл кейбір толымдаушы механизмдердің  кеш жеткізілуінен болып отыр. Қондырғылар толығымен жеткізілген, мердігерлер бар, қаржыландыру жасалған. Зауыт және компания басшылары қыркүйек айының соңына дейін үшқондырғы орнатылып бітетін болады ден сендіріп отыр. Елдің экономикасына қажет дизельдік отын мен автокөлік бензині балансын есепке ала отырып, қыркүйек айының соңы мен қазан айының басында  орнатылған қондырғылар мен жаңартылған ескі қондырғылар бірыңғай технологиялық  циклды біріктіру үшін ПМХЗ-ға күрделі жөндеу жасауға рұқсат береміз деп ойлаймын. Зауыттың елімізге қажет авиациялық отынды қайта шығара бастайтыны өте маңызды. Бүгінгі күні еліміздің әуеотынына деген қажеттілігі 40%-ға ғана өз ресустарымызбен жабылып отыр. Ал ПМХЗ жылына 200 мың тонна әуеотынын шығарады деп ойлаймын. Ең бастысы жаңғыртудан кейін барлық өнім 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдаланылатын  К-4 және К-5 экологиялық стандарттарына сәйкес болады", – деді энергетика министрі Қанат Бозымбаев журналистерге берген сұхбатында.  
Жаңғырту аяқталғаннан кейін мұнай өңдеу тереңдігі 85%-дан  90%-ға дейін өсуі керек, ал ПМХЗ жобалық қуаты жылына 5 млн тоннадан 6,5 млн тоннаға дейін артады. Павлодарда  енді АИ-80 маркалы бензин шығарылмайтын болады, өйткені олар "Евро-4" және "Евро-5" бензиндерінің экологиялық стандарттары талабына сай емес. Сонымен бірге жаңғырту әуеотынын өндіруді қайта жолға қоюға мүмкіндік береді. Енді кәсіпорын  бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі ТС-1 маркалы отынды емес, халықаралық стандарттағы Jet A әуекеросинін шығарады.

Жиналыста Қанат Бозымбаев зауытқа жеткізіліп отырған ресейлік мұнайдың сапасы туралы мәселені қозғады. Бұған қатысты abctv.kz сұрақтарына жауап берген министр Қазақстан арқылы Қытайға ресей мұнайын тасымалдау жұмысы қайта іске қосылғаннан бері мұнай сапасының өзгергенін айтты.

"Егер бұрын бұл жерге батыс сібір қоспасы келген болса, қазір негізінен Башқұрт кен орнының мұнайы келуде, ал ол меркаптандар құрамы бойынша бірнеше есе жоғары. Осыған байланысты ПМХЗ-да авиакеросин шығару бірнеше жыл бұрын тоқтаған. Зауытта күкірт пен меркаптанды тазалайтын, гидротазалайтын жаңа қондырғы орнатқаннан кейін бұл мұнайдан сапалы керосин алуға болады.  Енді зауытқа орнатылған қондырғылардың өз параметрлері бар екенін айта  айтамыз. Егер Ресейден тасымалданатын мұнайдың құрамында күкірт пен меркаптан жоғары болатын болса, онда тиісті келіссөз жүргізуге тура келеді. Біз бұл жерден сапасы нашар мұнай алып, орнына оңтүстік кен орны Қызылордадан меркаптаны аз мұнай алғымыз келмейді. Сондықтан өзіміздің талаптарымызды қоямыз. Ресейлік мұнайдан бас тарту – бұл ақырғы шешім болады, ал оған дейін біз бір одақтаспыз, сондықтан бір келісімге келуіміз керек. Өз басым РФ энергетика министрімен жақсы қарым-қатынастамын. Сондықтан қандай да бір қиындық туындайды  деп ойламаймын ", – деді министр.

Алдағы уақыттағы  МӨЗ-ді жекешендіруге қатысты abctv.kz сұрағына жауап берген министр "екі модель,  яғни МӨЗ-ді бөлек  немесе "ҚазМұнайГаз" құрамында жекешендіру талқыланғанын" ғана айтты. Сондай-ақ қазір үкімет IPO-ға өндіруші, тасымалдаушы және қайта өңдейтін активтері бар "ҚазМұнайГазды" шығарғысы келіп отырғанын, сонда мемлекет үшін әр акция қымбатқа сатылатынын айтып кетті.

Еске сала кетсек, 13 сәуір күні Шымкент МӨЗ-ге барған  Қанат Бозымбаев үкіметтің зауытты қайта жабдықтау ұзаққа созылып кеткеніне қатты мән беріп отырғанын айтқан болатын. Ол жерде де барлығынан жұмысты уақытында бітіруге сөз алған. Олардың берген уәдесі жазбаша түрде бекітіліп, зауытты жаңғырту жұмысының бірінші кезеңі 2017 жылдың маусым айында, ал жобаны толық аяқтау 2018 жылдың соңында бітуі керектігі көрсетілді.

 Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу