Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа жол берген 23 басшы сотталды

4241

Негізінен лауазым иелері пара алған және қазына қаржысын жымқырған.

Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа жол берген 23 басшы сотталды

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қызметкерлері жыл басынан бері 33 басшылық лауазымдағы азаматты сыбайлас жемқорлыққа қатысты бар деп ұстаған. Бүгінге дейін оның 23-і сотталды. Олардың біреуі республикалық,  үшеуі облыстық, екеуі аудандық деңгейдегі мекемелердің басшылары.

Құзырлы органға сыбайластықпен құрықталғандардың бірі – "Сайрам-Өгем" табиғи паркі республикалық мемлекеттік мекемесінің бас директоры.

"Ол мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру және қолма-қол ақшаға айналдыру жүйесін ұйымдастырды деген күдікпен ұсталып отыр. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды", – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали.

Тағы бір айта кетерлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нақыпбеков сотталған. Лауазым иесі қызметкерімен бірлесіп, жануарларды тексермей-ақ  ветеринариялық сертификаттарды заңсыз оңды-солды таратып келген.

Өкінішке қарай, Шымкентте сыбайлас жемқорлықтың белең алғаны соншалық – лауазым иелері құзырлы органдардан да, заң алдындағы жауапкершіліктен де қорықпайтын болған. Бұл сөзімізге қаладағы жер қатынастары басқармасында болған пара алу фактілері дәлел бола алады. Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Нұралиев жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін бекіту үшін 200 мың теңге көлемінде пара алған. Сол себепті сотталып отыр. Ал, енді сол Нұралиевтің орнына жаңа келген, яғни жер қатынастары басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Талипов арада 1 ай өткенде құрықталған. Күдікті кәсіпкерден жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін 400 мың теңге және қымбат қол сағат алған.

Ал, жалпы жыл басынан бері ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент қызметкерлері 41 қылмыстық іс тіркеген. Анықталған жемқорлық қылмыстарының басым бөлігі – парақорлық (20) және жымқыру (18). Салаларға бөліп қарағанда, құқық қорғау органдарында – 10, ауыл шаруашылығы саласында – 5, жер қатынастарында – 3, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларында – 1 қылмыс бары анықталған.

Мамандардың айтуынша, Шымкенттің білім саласындағы кадр мәселелерінде де жемқорлық дендеген. Сол себепті білім саласындағы жұмысқа қабылдау жүйесін өзгерту қажет. Бастысы "барлық рәсімдер ашық болуға тиіс" деген ұсыныс айтады. Жұмысқа қабылдау рәсіміне қоғам белсенділерін араластыру қажет деп санайды.

Бүгінде департамент мамандары сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан тергеудегі әрбір іс бойынша мемлекеттік органдарға жемқорлық тәуекелдігін жою үшін талдау жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Ол ұсыныстар сала мамандарының қатысуымен еңбек ұжымдарында қаралып жатыр. Бұл "жемқорлық тіркелген мекемедегі парақорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді" деп есептейді құзырлы орган қызметкерлері. Осы орайда, департамент қызметкерлері тарапынан  жемқорлыққа қатысты қылмыстарды жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою бойынша 100-ден астам ұсыныс енгізілген.

Сонымен қатар, бүгінде 39 лауазымды тұлға әртүрлі тәртіптік жазаға тартылып отыр. Нақтырақ айтқанда, төртеуі  атқарып отырған лауазымынан, 11-і жұмыстан босатылған. Бұған азаматтардың 1424 байланыс орталығына хабарласып арыздануы себеп болған. Ақпарат рас болып, сот үкімі заңды күшіне енген жағдайда парқорлық жайлы хабарлағандар ақшалай сыйақыға ие болады. Күні бүгінге дейін хабарлама жасаған 7 адам 1 млн 150 мың теңге көлемінде сыйақы алған.

"Сыбайластықтың алдын алу бойынша сала мамандарымен кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Оның драйвері ретінде бірнеше жобаларды атап өтуге болады. Олар – "Адалдық алаңы", "Protecting business and investments" (Бизнеспен инвесторларды қорғау), "Сапалы жол", "Адал ұрпақ", "Саналы Ұрпақ", "Адал жол" және "Ашық бюджеттің интерактивті картасы" жобалары. Бұл жобалардың басты мақсаты – әлеуметтік маңызы бар салаларда жемқорлық тәуекелдерін жою", – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Талғар Серкібаев.

Солардың ішінде "Protecting business and investments" жобасына тоқталар болсақ, сала мамандары елдегі бизнесті қолдауды мақсат тұтып отыр. Тіпті, инвесторларды сыбайлас жемқорлық көріністерінен қорғауға 100 пайыз кепілдік береді. Бүгінде осы жоба бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жалпы құны 49 млрд теңгені құрайтын 15 жобаны сүйемелдеуге алған. Инвесторларға қарсы кез келген заңсыз  іс-әрекет кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға кедергі ретінде қабылданбақ.

Аталмыш жобалар бүгінде өз жемісін беріп жатыр. Мысалы, "Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйінің мониторингі зерттеуі" аясында Transparency Kazakhstan сарапшыларының әлеуметтік зерттеу нәтижелері жария етілген. Онда респонденттердің жартысынан астамы, атап айтқанда, 54,4%-ы соңғы жылдары сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендегенін атап өтіпті.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу