Пойызбен есірткі тасымалдаған қызылордалық жолсерік 4 жылға сотталды

1949

"Қызылорда-Көкшетау" бағытындағы пойыздың жолсерігі елордаға ірі көлемдегі есірткіні тасымалдағаны үшін ұсталған.

Пойызбен есірткі тасымалдаған қызылордалық жолсерік 4 жылға сотталды

Көлік полициясы департаментінің хабарлауынша, 9 наурызда сағат 6:10-да сала қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласының теміржол вокзалында жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында "Қызылорда-Көкшетау" бағытындағы пойыздың жолсерігін, Қызылорда облысының 43 жастағы тұрғынын ұстады.

Тергеу соты санкциялаған жеке тінту барысында аса ірі көлемде есірткі тасымалдағаны үшін алған 80000 теңге қаражат табылды. Сәл кейін сөмкені күтіп алатын адамды іздестіру шараларының нәтижесінде, 1982 жылы туған ер адам ұсталды. Оның жеке заттарынан сараптамаға сәйкес, 3742 грамм кептірілген марихуана табылған.

Аса ірі көлемде есірткі затын табу фактісі бойынша екі күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары сол күні басталды. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі және 297-бабы 2-бөлігі бойынша айып тағылды.

Тергеу аясында 43 жастағы ер адамның қызметтік өкілеттігін пайдаланып, Қызылорда облысынан елордаға бірнеше рет есірткі заттарын тасығаны анықталды. Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі бойынша айыпты деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қылмыстық істің екінші фигуранты ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі бойынша 3 жылға абақтыға қамалды.

Ескендір Ертай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу