Полиэтилен дорбаның қай түріне тыйым салынады

Қазақстанда күніне 15 млн полиэтилен дорба қолданылады. 

Полиэтилен дорбаның қай түріне тыйым салынады

Экологиялық кодекстің жаңа жобасына полиэтилен дорбаларға тыйым салу нормасы енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов айтты. Қазақстан-Франция сауда-өнеркәсіп палатасының "Қалдықтарды қайта өңдеу стратегиясы" атты форумына қатысқан вице-министр аталмыш тыйым қалай жүзеге асатынын түсіндірді.

"Біз полиэтилен пакеттерді пайдалануға тыйым салу аздық ететінін түсінеміз. Министр сұхбатында айтқандай,  елімізде күніне 15 млн полиэтилен пакет қолданылады екен. Елдегі ірі сауда өкілдерімен меморандум жасадық. Олар полиэтилен дорбаны тегін беруден бас тартуға дайын. Халықаралық тәжірибе аталмыш дорбаны ақылы етсе, қолданыс көлемі 30-40%-ға  кемитінін көрсетіп отыр.  Бұл жерде сауда орындарына алғыс айтқым келеді. Олар дорба саудасынан түскен ақшаны қайырымдылық мақсатқа жұмсамақшы. Ертең халық сауда орындары дорба сатып табыс тауып жатыр деп айтпау үшін осындай қадамға бармақшы", – деді министрлік өкілі.

Вице-министр бұл мәселе қоғам ішінде әбден пісіп жетілгенін айтады. Сондықтан мәселені депутаттар алдына қоюды жоспарлап отыр. Негізгі шешім соларға байланысты болмақ.

"Экологиялық кодекс жобасын Мәжілісте қарау кезінде  полиэтилен дорба қолдануға тыйым салу мәселесін көтермекшіміз. Менің ойымша, қоғам бұған дайын.  Тыйым 2021 немес 2022 жылы енгізілмейтіні түсінікті. Бірақ алдағы 5 жылдың ішінде осындай шешімге келуіміз керек. Қайта өңдеушілер де соған бейімделіп жұмыс істейтін болады. Қоғамды осы ұстанымды қолдауға шақырамын. Бұл бәлкім жағымды норма емес шығар. Бірақ  қоршаған ортаны қорғау үшін қажет норма. Сондықтан түбі бір осы қадамға баруымыз керек", – деген Ахметжан Пірімқұлов тыйым тек бір мәрте қолдануға жарамды полиэтилен ыдыстарға қатысты екенін ескертті.

"Полиэтилен дорба өндірісін шектеу жаңа кодексте қаралмаған. Тыйым тек оны пайдалануға қатысты. Полиэтилен дорба дегенде аталмыш материалдан жасалған ыдыстың барлығына тыйым салынғалы жатқан жоқ. Әңгіме 15-20 микроннан жұқа дорбалар туралы болып отыр. Осыны түсіну маңызды. Ондай дорбаның басым бөлігі бізге көрші елдерден әкелінеді. Яғни өзімізде өндіріліп жатқан жоқ", – деді ведомство өкілі.

Шараны ұйымдастырушы Қазақстан-Франция сауда сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Жерар Фриес өзінің полиэтилен дорбамен қалай күресетінін айтты.

"Мен дүкендерде өзіммен бірге Франциядан әкелген дорбаны пайдаланамын.  Дүкендегілер маған таңданып қарайды. Неге өзіммен бірге дорба алып жүретінімді түсінбей жатады. Мен пайдаланатын дорбалар қайта өңделеді. Бұл әрекетімді қоғамға үлгі көрсету немесе үн тастау деп санаймын", – деді Франция өкілі.

Форум барысында Францияның қалдықтарды кәдеге жарату, қоршаған ортаны қоқыстан қорғау тәжірибесін Қазақстанға енгізу тетіктері талқыланды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу