"Польша Туры". Якоб Фульсанг жалпы есепте 2-орынға көтерілді

1226

"Польша Турының" таулы кезеңі мәресіне жетіп, бас классификацияда едәуір күрделі өзгерістер орын алды. Сайыста "Астана Про Тим" капитаны Якоб Фульсанг көпкүндіктің жаңа көшбасшысы Ремко Эвенепулге жол беріп, жүлделі 2-орынға ие болды.

"Польша Туры". Якоб Фульсанг жалпы есепте 2-орынға көтерілді

"Польша Туры" таулы кезеңі Буковинада өтіп, жарыс жолының ұзақтығы 53 шақырымды құрады. Сайыстың шешуші сәті мәреге 50 шақырым қалғанда орын алып, Эвенепул жекелей шабуылға шықты. Якоб Фульсанг көшбасшыны қуып жету үшін қолынан келгеннің барлығын жасады. Алайда оны қуып жете алмады. Нәтижесінде "Астана" капитаны кезең жеңімпазына 1,5 минут уақыт ұтылып, мәреге екінші болып келді.

"2-орын иеленгеніме қуаныштымын. Себебі бүгінгі кезеңде жеңіске жеткім келген. Бірақ, өкінішке орай, Ремко шабуылға шыққан уақытта біздің тобымызда ұйымшылдық болмады. Бірігіп жұмыс атақара алмадық. Сондықтан көшбасшының ізіне жалғыз өзім түскендіктен оны қуып жетуге күшім жетпеді. Жас әрі өте мықты шабандоз Ремконы әдемі жеңісімен құттықтаймын! Ал біздің тактикамыз жайлы айтар болсақ, біз соңғы асуға дейін шабуылдамай, күте тұрамыз деп жоспарлағанбыз. Дегенмен, бүгін өзімді жақсы сезінгендіктен, жоспардан бұрын шабуылға шығуды жөн санадым. Бірақ, мені шабандоздар қуып жетті. Қалай болғанда да жарыс жолын қайта оралғанымызға қуаныштымын. "Польша Турынан" соң мен тағы бірнеше жарысқа қатысамын. Сайыстар аяқталған соң шағын үзіліс болады", - деді Якоб Фульсанг.

"Әрине, бүгін жеңіске жеткіміз келді. Алайда Ремко басқа шабандоздардан мықты болып шықты. Якоб көшбасшыны қуып жетуге тырысты. Бірақ оған шабандоздардың ешқайсысы көмектескісі келмеді. Сондықтан Якобке Ремконы жалғыз өзі қуып жету қиын болды. 2-орын да жақсы көрсеткіш. Біздің басты мақсатымыз жеңіс болғанына қарамастан бүгінгі нәтижеге көңіліміз толады", - деді "Астана Про Тимнің" спорттық директоры Бруно Ченьялта.

"Польша Турының" жалпы есебі бойынша Ремко Эвенепул көш бастады. Ал оған 1 минут 52 секунд уақыт ұтылған Якоб Фульсанг 2-сатыға жайғасты.

Бүгін польшалық көпкүндіктің соңғы, яғни 5-кезеңі өтеді. Закопанеден басталатын жарыс жолы 188 шақырымнан кейін Краковта аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу