Польшадағы Ерсін Еркінұлы Қазақстандағы құқық қорғау ұйымдарынан тағдырына араша сұрайды

2059

Шыңжандағы Қытай билігінің қысымынан сақтанып, Қазақстанға қашқан қазақ Ерсін Еркінұлы Украина арқылы Польшаға өткенін кезінде БАҚ біткен жарыса жазған. Польша арқылы Еуропаның бірнеше мемлекетіне заңсыз өткен Қытай қазағы Польшаға кері қайтарылған.

Польшадағы Ерсін Еркінұлы Қазақстандағы құқық қорғау ұйымдарынан тағдырына араша сұрайды Фото: inbusiness.kz

Inbusiness.kz берген сұхбатында Ерсін Еркінұлы Қазақстандағы құқық қорғау ұйымдарын өз тағдырына араша түсуге шақырды.

– Ерсін мырза, Азаттық сайтына берген сұхбатыңызда Қытайдан алғаш кеткен кезіңіз туралы айтыпсыз. Қытай билігінің құрығы мойныңызға түсуі мүмкін деп үрейленуіңізге қандай жайт түрткі болған еді?

– Кейінгі жылдары Қытайдағы аз ұлттарға жататын әр отбасыға жүріс–тұрысымызды күзетіп, идеямызды бақылайтын жауапты кадрлар бекітілген.  2019 жылдың жазынан бері біздің отбасыға бекітілген жауапты кадрдың қысымы күшейе бастады.

"Неге біздің тәрбиемізге кірмейсің?", "Не үшін ғылым, техника, өнер үйренбейсің?" деп сұрайтынды шығарды. Партияның саясатын түсіндіріп бақты. Мен тұрған жердегі жастар, мейлі қыз болсын, жігіт болсын, ізім–ғайым жоғала бастады. Қайда кеткенін, жұмыс істеп жатыр ма, лагерьге алып кетті ме, не болмаса ішкі өлкелерге құлдық зауытқа алып кетті ме, білмеймін. 2019 жылдың қараша айларында маңайымдағы жастардан өзім ғана қалдым.

Партияның ауылдық комитеті бар, таңғы сағат 9.00–ден 16.00–ге дейін партия саясатын үйретеді. Оны өздері бізге "аз ұлттарға арналған қайта тәрбиелеу орталығы" деп түсіндіреді. Осының бәрін көрген соң, өз тағдырыма алаңдап, мені де алып кететін сияқты ғой деп ойлап, түбінде тыныш қоймайды деген ұйғарыммен Қазақстанға қашып шықтым.

Өйткені Шыңжанда Қытай билігі  18 бен 45 жас аралығындағы аз ұлт өкілдерін қауіпті ұрпақ деп қатаң саясат ұстанды. Ресми 18–45 жас делінгенімен 15–60 жас аралығындағы адамдардың көбі қысым көріп жатты. 18–45 жас аралығында көбінесе ер жынысты адамдар жоғалып жатты.

– Қазір Польшада бостандықта екеніңізді білеміз. Ондағы құқықтық мәртебеңіз қандай? Әлеуметтік желіде сыртыңыздан түрлі айыптар да тағылып жатты ғой. Ондағы құқық қорғау органдар сізге қандай да бір күдікпен қарап отырған жоқ па?

– Польша  мені пана іздеуші тұлға деп таныған. Сырттан мәлімет тарату дегенде еске түседі. Әуелде менің тағдырыма "Атажұрт" ұйымы араша түскен. Ол кісілермен хабарласпағаныма 1 жыл болып қалды. Өйткені Серікжан Біләшұлы Германия медиасына мені "Қытайдың тыңшысы", "Қытай билігінен 30 мың еуро алды" деп, "Банктағы есепшотына 3400 еуро түсті" деп қаралап, мақала шығарды. Бұлар сол мәліметке сеніп қалып байланысымыз үзілді. Бірақ Польшаның ұлттық қауіпсіздік органы 6 ай бойы тексеріп, бұл нәрселердің бәрін теріске шығарды да, мені тамыздың 7–сінде бостандыққа жіберді.

Шынымен де Қытай тыңшысы болсам, Польша мені кемінде 20 жылға соттаушы еді немесе Қытайға жіберуші еді.  Мысалы, Тәжікстанның пана іздеп барған бір азаматын Еуропа адам құқығы сотының үкіміне қарамастан, маусым айында депортациялап жіберді. Әлгі адамды әскери ұшақпен алып кетті. Әлгіні көріп шошып кеттім. Өйткені мен де изоляторда жатқан едім. Серікжан Біләштің таратқан мәліметін тексеріп жатқан.

Қазір мен бостандықтамын. Жергілікті көші–қон мекемесіне мекенжайымды қалдырғанмын. Керек болсам, сол жерден іздеп табады. Оның үстіне Польшаның ұлттық қауіпсіздік комитеті де мені бақылап отырған болуы мүмкін. Телефоным арқылы қайда жүріп–тұрғанымды көруге техникалық мүмкіндіктер бар ғой. Оның үстіне әлеуметтік желіде бармын.

– Қытай саясатынан қысым көргендер компартияның құрығы ұзын екенін үнемі айтады. Сізге де ортаға адам салып,  басқа да жолдармен қысым көрсетіп жатқан жоқ па?

– Қытайдан Еуропа мен Америкаға қашқан аз ұлт өкілдеріне де, ұлты қытай демократтарға да Қытай билігінің құрығы жете бермейді. Сіз айтқан сияқты адам салып, қорқытып, бопсалайтын мүмкіндік жоқ бұл елдерде. Өйткені демократиялық елде ондай жасау қиын. Оның үстіне мұндай әрекеттен Қытай билігіне тиер пайда аз. Демократиялық елдер адамды оп–оңай бере салмайды.

Бірақ бұл Қытай билігі әрекетсіз отыр деген сөз емес. Менің Қытайда қалған әке–шешеме, жанұяма қысым көрсетіп жатыр. Екі жылдан бері туыстарым осындай қысымның астында. Туысқандарыммен байланыс үзілгеніне 2 жыл болды.

Әлеуметтік желіде тым белсенді болып кетсем, мессенджер арқылы фейк аккаунттармен шығып қорқытуға тырысады. "Неге Қытайға қайтып келмейсің?", "Неге су ішкен құдығыңа түкіріп жүрсің"  деген сияқты хабарламалар жібереді.

– Польшадағы тағдырыңыз немен аяқталары белгісіз екенін айтыпсыз. Халықаралық ұйымдардан араша сұраған шығарсыз?

– Украинадан Польшаға өтіп, әуелі сонда ұсталдым. Сол кезде Азаттық радиосы сияқты медиа құралдары, Мюнхендегі Ұйғыр конгресі ұйымының өкілдері маған араша түсті. Негізінен бұқаралық ақпарат құралдарына көп шықтым. Оны Қытай жағы да көріп отырды ғой. Сол тұста Украинаға Қытай билігі қатты қысым жасап, мені бірден қайтару талабын қойды. Оның үстіне Польшада қамаудан босап шыққаннан кейін де, Қытайдың Шыңжандағы  қазіргі саясаты туралы көп мақалалар жаздым. Қытайдың заңсыз соттаған адамдарының суретін алып, пикетке шықтым, әлеуметтік желіге жарияладым. Былайша айтқанда,  Қытай билігіне қайшы көзқарастағы адам болғандықтан, ол жаққа депортациялансам, өлімнен басқа жол жоқ.

Өлім жазасына кеспей–ақ, 20–30 жылға соттауы мүмкін. Бірақ Қытай түрмесінде 2–3 жылдан артық тірі жүрмейтініме сенімдімін.

Биыл ақпан айынан бері Польшаның құқық қорғау ұйымдарынан көмек алып келемін. Мысалы, менің адвокатым жоқ, оны жалдайтын ақшам да жоқ. Польша билігі босқын мәртебесін беруден алғаш рет бас тартқанда Helsinki Foundation for Human Rights ұйымы аппеляциялық шағым әзірлеп, құжат рәсімдеп берді. Польша мені биыл Қытайға депортациялау туралы үкім шығарды. Сол кезде Шопен әуежайына екі адвокат келіп, аман алып қалды. Әйтпесе баяғыда Қытайға депортацияланып кетер едім.

– Ол үкімнің күші жойылды ма?

– Қытайға депортациялау туралы үкім әлі күшінде. Мен босқын мәртебесін беру туралы аппеляциялық шағым түсіруіме байланысты орындалмай жатыр. Осы жолы тағы "босқын" мәртебесін беруден бас тартса, Қытай алып кетеді.  "Босқын" мәртебесін алсам ғана депортациялау туралы үкім күшін жояды.

– Сізге көмектескісі келген қандастар, қазақстандықтар қандай жолмен жәрдем бере алады?

– Польшаның көші–қон мекемесіне құқық қорғау ұйымдары неғұрлым көп хат жазса, соның пайдасы болады. Өйткені оларға да қандай да бір шешім қабылдау үшін салмақты себеп керек.

– Польшада өзіңізбен тағдырлас қазақтарды кездестірген жоқсыз ба?

– Польша изоляторында жалғыз қазақты жолықтырдым. Бұған дейін мен сияқты Польша арқылы Еуропаның басқа елдеріне өткен ұйғырлар болыпты. Оларды да Шенген аумағына тұңғыш кірген ел ретінде Польшаға депортациялапты. Ондай ұйғырлар ақыры Польшадан "босқын" мәртебесін алып, осында қалып қойған.

Ал көрген жалғыз қазағым – 1994 жылғы Қазақстанның азаматы болатын. 4 жылдан бері Польшада такси айдаған екен. Шекарада қашқан–босқан жолаушыларды тасымақшы болып ұсталған. Оны кейін көп айыппұл салып, Қазақстанға депортациялады. Изоляторда басқа қазақ көрген жоқпын.

– Польшада жан бағу үшін жалданып жұмыс істеп жүргеніңізді оқыдық. Қытайда жоғары білім алмаған ба едіңіз?

– Қазір жасым 26–да. 2014 жылы Қытайда колледжден білім алғанмын. Польшаның көші–қон мекемесі интервью алған кезде менен: "Сені ертең бостандыққа жіберсек, ертең бұрынғы өміріңе ораласың ба",– деп сұрады. Мен заңды түрде жұмыс істеуге өтініш беретінімді айтып жауап бердім. "Қандай жұмыс қолыңнан келеді" деген сұраққа: "Асханада жұмыс істей аламын", – дедім. Өйткені елдегі масылдардың санын көбейтетін болсаңыз, "босқын" мәртебесін алуға кедергі келтіреді. Өз жаныңды заңды жолмен бағуың керек.

– Әке–шешеңізбен хабарласпағалы 2 жыл болды деп отырсыз. Содан бері тірі ме, басқа ма, хабар алған жоқсыз ба?

– Қазақстанда әкемнің қарындасы тұрады. Польшада қамаудан бостандыққа шыққанымды естіп, WhatsApp–қа жазды. Нөмірімді кімнен алғанын білмедім. Сол WhatsApp–тан әке–шешемнің суретін жіберіпті. Бірнеше жылдың ішінде кәдімгідей қартайып кеткен. 2019 жылы соңғы рет көрдім ғой. Ол кезде екеуінің де шашына ақ кіре қоймаған еді. Қазір 60–тың бел ортасынан асқан адам сияқты күйге түсіпті. Негізі әкем 1964 жылғы (57 жаста –ред.), шешем 1968 жылғы (55 жаста – ред.). Сол апайым әке–шешемді Қытай полициясы қорқытып, үркітіп жүргенін айтты. "Саған қайтсын деп жатыр. Хабарласасың ба" деп те жазды. Қайта–қайта бейнеқоңырау жолдады. Бірақ мен тұтқаны алмай, қара тізімге жібердім. Кесірім туыстарыма тимесін деген ой ғой. Тағдырым түбегейлі шешілгенше хабарласпай, шыдап бағу керек деп түйдім.

Әкем Құлжа аудандық №2 орта мектептің күзетшісі, шешем сол мектепте еден жуады. Оларды ойласам, апайым жолдаған сурет есіме түсе береді. Кейінгі кезде қандай азап шеккенін беттеріндегі әрбір әжім айтып тұр. Көңілім қатты түсіп кетеді.

– Еуропада қазақ қауымдастықтары баршылық. Олардан қолдау, көмек бар ма?

– Негізі қазақтармен көп байланысым жоқ. Қазақстанда босқын болып жүрген 2–3 тағдырласым ғана бар. Солармен ғана сырласам. Еуропадағы қазақтарға келсек, олардың менде шаруасы жоқ. Қысқартып айтсам, басыма қандай іс түссе де, өзім көтерем ғой. Оларға қарағанда жергілікті поляктар, чех ұлтының азаматтары жанашырлық танытып тұрады. Жергілікті халықтың көмегін көп көрдім деуге болады.

–Сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге рахмет. Еркіндік жолындағы күресіңізге жеңіс тілеймін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу