Польшадағы қазақстандық кәсіпкер

5831

Польшада он жылдан аса уақыт тұрып жатқан кәсіпкер жерлесіміз Айбек Худайберген екі бизнестің негізін қалаушы. Оның бірі – "Астана кебаб" жылдам тамақ дәмханасы болса екіншісі, қаладағы ең элиталы барбершоп орталығы.  

Польшадағы қазақстандық кәсіпкер

– Польшаға қалай келдіңіз?

– Өзім Түркістан қаласының тумасымын. Мектепті бітірерде ҰБТ-дан аз балл жинап қалып, еліміздегі жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік болмады. Отбасымызбен ақылдаса келе, Еуропадағы қолжетімді және ең арзан деп саналатын мемлекеттердің бірі Польшаның университетіне оқуға тапсырдым. Студенттік жылдары оқу оқып, жұмыс істеп, тіл үйрендік. Жергілікті жердің мәдениетін де алдық. Қай жерде білім алсаң, сол жерге керексің демекші, осы жақта қалуды ұйғардым. Себебі мен бітірген авиация мамандығы бойынша елімізде жұмысқа орналасу қиын еді. Университет қабырғасында оқып жүрген кезде түрік ағаларымыздың мейрамханасында жұмыс істеп, алғаш рет гастрономия саласында тәжірбие жинадым. Алайда болашақта осы салада еңбек ету жоспарымда жоқ еді. Оқуды бітіріп, мамандығым бойынша жұмысқа қабылданған кезде кейбір жайттарды көріп көңілім қалды. Мысалы, он жылдық тәжірбиесі бар мамандар бізбен бірдей айлық алатын. Осы кезде бір айлыққа өмір сүре алмайтынымды түсіндім де күн көрудің басқа жолдарын іздей бастадым. Мейрамхана кәсібінде тәжірбием бар екені есіме түсті. Осылайша, елдегі ата-анамның қолдауымен алғаш рет Кельце қаласында "Астана" атауымен фаст-фуд дәмханасын ашуды ұйғардым.

– "Астана кебаб" брендін қалай дамыттыңыз?

– Астана кебабты ашуға 17 млн теңгедей қаражат кетті. Ашылғаннан кейін бар-жоғы бір айдың ішінде өзін ақтады. Бұл маған мотивация және үлкен сенімділік берді. Дегенмен кәсіп енді басталған кезде карантин басталып, жұмыс тоқтап қалды. Қызметкерлеріме айлық төлей алмай қиналған күндерім де болды. Құдайға шүкір, жанымдағы інілерім жағдайды түсініп, қиын кезеңнен шыққанша, жалақысыз жұмыс істеуге келісті. Ойлана келе, бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы – жарнаманы күшейту деп шештім. Үлкен компанияларға барып жарнама парақшаларын таратып, акциялар ұйымдастырдық,  клиенттерімізге "Қазақстан" шоколадын сыйладық. Бізбен бәсеке емес басқа фирмалармен серіктестік қарым-қатынас орнаттық. Атқарған жұмысымыз өз нәтижесін беріп, екі айдың ішінде қайта аяғымызға тұрдық. Жергілікті тұрғындар шоколадтың арқасында еліміз туралы біліп, кебабтың арқасында астанамызды тани бастады. Клиенттерді тазалық, жылдамдық және сапамен тарттық. Әр дағдарыс адамды өсіреді немесе құлдыратады демекші, локдаун бізге жаңа деңгейге көтерілуге мүмкіндік берді. Қазір мәзірімізге қазақтың ұлттық тағамдарын қосып жатырмыз. Тұтынушыларымыздың арасында әсіп сұранысқа ие. Поляктарды қазақтың асына үйретуді армандаймын.

– Еуропада бизнес жүргізудің артықшылықтар мен кемшіліктері туралы айтып берсеңіз.

 Еуропада ең қиыны – құжат мәселесі. Қарапайым анықтаманы алу үшін бірнеше ай күту қажет. Қазір "Астана кебаб" брендінің филиалдарын ашуды жоспарлап отырмын. Сол үшін рұқсат қағазды күтіп жүргеніме бірнеше ай өтті. Естуімше, Қазақстанда мұндай мәселелерді таныстық арқылы аз уақыттың ішінде шешуге болады. Бұл жақта олай жасай алмайсың. Одан кейін, қызметкерлеріңе төлеу қажет әлеуметтік пакет пен салық жүктемесі қымбат. Әр жыл сайын ең аз айлық көрсеткіш, салық және сақтандыру бірнеше пайыз өсіп отырады. Мысалы, қазір Польшадағы ең төменгі айлық 320 мың теңге. Әр қызметкерге айлығынан бөлек 100 мың теңге міндетті әлеуметтік сақтандыру төлеу қажетсің. Қазір жергілікті тұрғындар өз билігіне разы емес деп айта аламын. Неліктен десеңіз, Польшада әр туылған балаға 18 жасына дейін ай сайын 60 мың теңге төлеп отырады. Ол әрине салық төлейтін халықтың есебінен. Тұрғындардың тарапынан адамдарға ақша емес, жұмыс беріп, салық көлемін азайтсын деген пікір өте көп. Ал артықшылығына келер болсақ, табыс көбірек. Мысалы, дәл осы бизнеспен елімізде айналысып жүрген таныстарымның табатын ақшасы салыстырмалы түрде өте аз. Одан кейін, мұнда мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көп.

–  Бүгінде қаладағы люкс Барбершопттың негізін қаладыңыз, гастрономиядан кейін бұл салаға қалай келдіңіз?

– Барбершоп бизнесін ашу студент күнімнен жүрегімнің түбінде жатқан арман болатын.

Локдаун аяқталған кезде шаштаразға адамдар екі-үш ай бұрын жазылып жатқанын көрдім. "Темірді қызған кезде соқ" демекші, осы орайда барбершоп ашу идеясын жүзеге асырдық. Барбершопты барынша жоғары деңгейде жасауға тырыстым. Әлемнің түпкір-түпкірінен ең мықты деген мамандарды шақырдық. Қазіргі таңда Кельценің әр барбері бізде жұмыс істеуді армандайды деп сеніммен айта аламын.

–  Елді сағынасыз ба? Жалпы елдегі жаңалықтарды оқып отырасыз ба?

– Елде жүріп, оның кемшіліктерін көрген ше, алыста жүріп сағынған әлдеқайда жақсырақ деп ойлаймын. Жаңалықтарды күнде ақтарып отырамын. Әсіресе соңғы оқиғалар қатты алаңдатты. Елдегі ағайынға сабырлық тілеймін. Бүлікшілердің жетегінде кетпесе екен деймін.

Дина Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу