Популизм, сайлау әлде күркетауық: Түркия атауын неліктен өзгертіп жатыр?

3684

Түрік Республикасының атауы енді Солтүстік Америкада Алғыс айту мерекесінің символына айналған алып құсты еске түсірмейтін болды.

Популизм, сайлау әлде күркетауық: Түркия атауын неліктен өзгертіп жатыр?

Әлемде Түрік Республикасы Turkey деген атаумен белгілі. Ал өткен аптаның бейсенбісінде Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл елдің Türkiye (Түркие) ретінде "ребрендингтенгенін" ресми түрде мойындады. Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлұның сөзінше, мұндай өзгеріс "елдің брендтік құндылығын арттыра" түседі.  

"Түркияның атауын өзгертуінің басты себебі – құспен байланысты. Сонымен қатар Turkey деген термин ауызекі тілде сәтсіздікті білдіру үшін де қолданылады", – дейді Ыстанбұлдағы EDAM сараптама орталығының төрағасы Синан Үлген Американың "Си-эн-эн" телекомпаниясына берген сұхбатында.

Бұл аздай, Turkey атауы кейде тартымсыздықты, ебедейсіздікті, тіпті ақымақтық пен аңғалдықты да аңғартады.

Келесі жылы қайта сайлауға түсетін Президент Режеп Тайып Ердоған үшін жаңа атау "түрік ұлтының мәдениетін, өркениетін және құндылықтарын ең жақсы түрде көрсетеді".

Халықаралық ұйымдар енді жаңа атауды қолдануға міндетті. Алайда Үлгеннің ойынша, әлемдік қауымдастық Turkey-ден Türkiye-ге ауысуы үшін көп жылдар қажет болуы мүмкін.

Түркия өз атын бірінші рет өзгертуге талпынып жатқан жоқ. Осыған ұқсас әрекет 1980 жылдардың ортасында премьер-министр Тұрғыт Өзалдың тұсында да жасалды. Бірақ ол кезде бұл идеяға дәл қазіргідей үлкен қолдау болмады.

Мемлекет атын өзгертудің саяси астары да болуы ықтимал. Түріктер тереңдеп бара жатқан экономикалық дағдарыс тұсында сайлауға барайын деп отыр. Ол келесі жылдың маусым айында өтеді.

"Бұл – түрік саясаты үшін шешуші жылы үкімет ұлтшыл сайлаушыларды өз жағына тартуға қолданылатын тағы бір стратегия. Атау өзгерту туралы шешім Президент Ердоған барлық сауалнамаларда артта қалып, Түркия соңғы 20 жылдағы ең ауыр экономикалық дағдарыстардың бірін бастан кешіп жатқан шақта, яғни, былтыр желтоқсанда жарияланды", – дейді Carnegie Europe талдау орталығының бағдарлама менеджері Франческо Сикарди.

Ердоғанның позициясы соңғы жылдары айтарлықтай төмендеді. Өткен жылдың соңында жүргізілген сауалнамалар биліктегі АК партиясын шамамен халықтың 31-33%-ы ғана қолдайтынын көрсетіп берді.

"Рейтердің" дерегінше, бұл көрсеткіш 2018 жылғы парламенттік сайлау кезіндегі 42,6%-дан әлдеқайда төмен. 

Дегенмен Үлгеннің пікірінше, ел атауын өзгерту – сайлау алдындағы трюктен гөрі Түркияның халықаралық аренадағы беделін көтеруге бағытталған ребрендинг стратегиясы.

Түркияның сыртқы сауда тапшылығы сәуір айында 98,5 пайызға артып, 6,11 миллиард долларға жетті, деп хабарлайды "Рейтер" агенттігі Түркия статистика институтына сілтеме жасап. Ал жылдық инфляция деңгейі өткен айда 73,5%-ға дейін көтерілді. Бұл – соңғы 22 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Сарапшылардың пікірінше, дағдарыс кезінде президент елдегі мәселелерден халық назарын басқа жаққа аудару үшін популистік әрекеттерге де баруы мүмкін. Өйткені елді көшеге шығарып үлгерген экономикалық күйзеліс бүгінде биліктің бас ауруына айналып отыр.

"Жаңа атау отандық аудиторияны неғұрлым нақты, өзекті проблемалардан алшақтатып, Президент Ердоғанға күшті, дәстүрлі Түркияны тағы да насихаттауға мүмкіндік береді", – дейді Сикарди.

2020 жылы Ердоған Ыстанбұлдағы тарихи Византия Айя-София мұражайын мешітке айналдыру туралы жарлық шығарды.

"Елдің экономикалық және саяси мәселелерін шешетін нақты жол таппағандықтан, Ердоған түріктің ұлтшылдығы мен исламшыл болмысы жайлы популистік саясаттан қолдау іздейді", – деп жазды сол кезде саясаттанушы Серен Коркмаз.

Türkiye атауы 1923 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаңа мемлекет енді пайда болғанда қабылданғандықтан, символикалық мәнге де ие.

"Бұл атаудың әлемдік деңгейде қабылдануы Ердоғанның түрік тарихындағы орнын республиканың негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрікпен қатар қояды", – дейді Сикарди.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу