Пошташылар айлықтың аздығына шағымданды

1908

Жаңа жүйе қызметкерлердің көңілінен шықпай отыр.  

Пошташылар айлықтың аздығына шағымданды

Павлодар облысындағы пошташылар, дәлірек айтқанда тұрғындарға хат-хабарларды тарататынын қызметкерлер елдегі ең төменгі айлық көрсеткішінен де аз ақша алады. Ал "Қазпошта" басшылығы курберлердің табысы бірнеше есеге өсті деп отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Өткен жылдың қыркүйек айында "Қазпошта" АҚ барлық облыстағы кейбір пошташыларды штаттық қызметтен шығарып, олармен қосымша келісімшарт жасап, курьерлік қызметке ауыстырды. Жаңа пилоттық жоба бойынша Павлодардағы 45 қызметкер курьер атанды. Бірақ сол уақыттан бері пошташылар айлыққа жарымай-ақ қойды. Олардың ай сайынғы табысы 60 мың теңгеден де төмен.

Облыс орталығындағы №10 бөлімшенің курьері Светлана Котованың сөзінше, оған төленетін жалақы 45 мың теңгеден әрі аспайды. Ол аздай ешқандай әлеуметтік пакет қарастырылмаған. Жолақыны да өз қалталарынан шығаруға мәжбүр.

"Мен пошта қызметі саласында ұзақ жыл қызмет атқарып келемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Тек айлық көңілден шықпайды. Жаңа жүйе бойынша, курьерлерге газетті таратқаны үшін 10 теңге, тапсырыспен түскен хаттарды тұрғындарға жеткізгені үшін 50 теңге төленеді. Сонда бір айда шамамен 43 мың теңге шығады. Еңбек өтілі есептелмейді, жыл сайынғы демалыс берілмейді", – дейді ол.

Ал "Қазпошта" АҚ мұны жоққа шығарып отыр. Компанияның баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, Павлодар облысында жаңа жобаны енгізгенге дейін орташа жалақы 67 мың теңге болса, биылғы 1 ақпаннан бастап 104 мың теңгеге өсті. Пилоттық жоба "Кім қанша істеді, сонша ақша алды" принципі бойынша жұмыс істейді. Демек курьер неғұрлым көп хат-хабар таратса, айлығы да соғұрлым жоғары болады.

"Жоба енгізілгенге дейін өңірлердегі пошташылар айына шамамен 70 мың теңге көлемінде орташа жалақы алатын. Бүгінгі таңда 1 пошташы орташа есеппен 90 мың теңге төлем алады. Осылайша, жаяу курьерлердің 70%-ының  айлық және жылдық кірістері 28,6%-ға өсті. Мысалы, егер бұрын пошташының орташа жылдық табысы 1 млн теңгені құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 1 млн 250 мың теңгені құрайды. Бұл былтырғыдан 25%-ға жоғары. Атап айтқанда, курьерлердің 43%-ы ай сайын 80 мыңнан 100 мың теңгеге дейін, 16%-ы 100 мыңнан 130 мың теңгеге дейін, 8,5%-ы 130 мыңнан 240 мың теңгеге дейін төлем алады", – делінген "Қазпошта" хабарламасында.

Дегенмен тек павлодарлық пошташылардың емес, еліміздің өзге өңірлеріндегі қызметкерлердің де жалақыға көңілі толмай отыр. Мысалы, өткен жылдың соңында Шымкент қаласының курьерлері жаңа жүйеге наразылық танытып, еңбекті әділ түрде есептеуді сұраған еді. Мегаполисте де курьерлердің айлығы павлодарлық әріптестерінен әрі аспайды.

Ал 2020 жылдағы мәліметтерге сүйенсек, сол уақытта "Қазпошта" АҚ қатардағы бір қызметкерге жылына 336 мың теңге жұмсаса, директорлар кеңесінің бір мүшесіне 12 млн теңге бөлген. Бұл – 35 есеге көп.

Еске сала кетейік, "Қазпошта"-ның акционері – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры. Ал бұл қордың жұмысы соңғы уақытта Президент Қ. Тоқаев тарапынан сан мәрте сынға қалып жүр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу