"Ордабасы" – "Астана" 1:0
Турдың басты кездесуінде шымкенттік клуб елордалықтарды жеңіп, маңызды үш ұпай иеленді. Ойын тағдырын 85-минуттағы Мораестің голы шешті. Айта кетерлігі, "Ордабасы" матчты он ойыншымен аяқтады. Султаниязов 67-минутта алаңнан қуылды. Бұл жеңіс шымкенттіктерге сенім берсе, "Астана" үшін бұл келеңсіз жайт. Дегенмен жалпы есепте 37 ұпайы бар елордалықтар әзірге көш басында.
"Тобыл" – "Оқжетпес" 2:1
Қостанайлықтар бірінші болып гол жіберіп алғанымен, екінші таймда Жаслан Жұмашевтың қос голының арқасында жеңісті жұлып әкетті. Осы нәтижемен "Тобыл" үздік үштікке енді.
"Кызылжар" – "Тұран" 2:1
Петропавл командасы аутсайдерге қарсы матчта жеңіске жетті. Алайда басты мәселе ойын соңындағы күмәнді пенальти. Тур аяқталысымен-ақ ҚФФ төрешілер Тимур Кумашев пен Георгий Чеховскийді маусым соңына дейін дисквалификациялады. Көпшілік бұл шешімді көзбояушылық деп қабылдады.
"Жеңіс" – "Жетісу" 3:1
Астаналық клуб сенімді жеңіске жетті. Ал талдықорғандықтардың ойыны жанкүйерлер мен сарапшыларды алаңдатып отыр. Команданың ынта-жігері жоғалғандай.
Ойында тек футбол емес, күтпеген қызық оқиға да орын алды. Екінші тайм барысында алаңға кенеттен ит жүгіріп шықты. Төреші матчты уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Клуб қызметкерлері мен қауіпсіздік қызметі итті алаңнан шығарып, ойын жалғасын тапты. Бұл оқиға жанкүйерлердің назарын өзіне аударып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр.
"Ұлытау" – "Елімай" 1:1
Ең қызықты жайт – Котаро Кишидің соққан голы. Бұл ҚПЛ тарихындағы алғашқы жапониялық футболшының голы. Ал "Елімай" тағы да сүреңсіз ойын көрсетті. 86 минутта Свиридов пенальтиді сәтті орындап, таблодағы көрсеткіш 1:1 болды. Осылайша командалар тең тарқасты.
Бұған дейінгі кездесулерде "Кайрат" "Атырауды" 4:0 есебімен ойсырата жеңсе, "Қайсар" мен "Ақтөбе" арасындағы матч 1:2 есебімен аяқталды.
Келесі, 17-тур ойындары 18, 19 және 20 шілдеге жоспарланған.