Президент: "Болашақ ойындары" достық пен келісімнің "алтын көпіріне" айналады деп сенемін

112

Мемлекет басшысы "Болашақ ойындары – 2026" сайысының ашылу салтанатында сөз сөйледі.

Президент: "Болашақ ойындары" достық пен келісімнің "алтын көпіріне" айналады деп сенемін Фото: Ақорда

29 шілде – 9 тамыз аралығында Астана қаласында алғаш рет киберспорт пен спорттың дәстүрлі түрлерін және жаңа технологияны ұштастырған халықаралық турнир өтеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Ең алдымен, шын жүрегіммен бәріңізге елордамыз – Астанаға қош келдіңіздер деймін! Бүгін біз "Болашақ ойындары – 2026" халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын мағынасы айрықша тарихи іс-шара. Дүбірлі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл – зор мәртебе", – деді Мемлекет басшысы.

Биылғы сайыстарға 34 елден келген 800-ден астам спортшы қатысады.

"Болашақ ойындарында" спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан әлеуеті үйлесім тауып, баршамызға ортақ жасампаздық ұстанымымен толық үндеседі. Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр. Бүгін осы аренаға негізінен жастар жиналып отыр. Сіздер білімді, талантты, еңбекқор, талапты болсаңыздар, болашақтың іргетасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ. Ойынға қатысушылардың әрқайсысы тыңғылықты дайындықтан өтті. Олар өз командаларының намысын абыроймен қорғауға әзір. Сіздер "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шығып, жаңа достар тауып, келешегі зор жобаларды бірлесе қолға аласыздар деп сенемін. Себебі, "Болашақ ойындарының" басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру. Үлкен спорт қай кезде де әртүрлі мәдениеттерді тоғыстырып, мемлекеттер мен халықтар арасын жақындатуға себепкер болған. Сондықтан жаһандық сын-қатерлер өршіп тұрған жағдайда осындай бірегей жобалардың мән-маңызы арта түсетіні анық. "Болашақ ойындары" елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің "алтын көпіріне" айналады деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Астанадағы турнирде спортшылар фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds секілді 8 бағыт бойынша күш сынасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу