Мемлекет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның чемпиондарға тән жалынды рухтан қуат алып, жаңа белестерге батыл қадам баса беруіне тілектестік білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Сіз айрықша талант пен тынымсыз еңбектің және өзіңізге деген нық сенімнің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырдыңыз. Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды. Сіздің жетістікке толы жолыңыз – еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге. Сонымен қатар кортта да, қоғамдық орындарда да, жұртшылықпен қарым-қатынас барысында да байқалатын жоғары мәдениетіңізді айрықша атап өткім келеді. Бұл – сөзсіз Сіздің парасатыңыз бен адами қалпыңыздың айқын көрінісі, – деп жазылған құттықтауда.
Айта кетейік, теннисші Елена Рыбакина мансабында алғаш рет US Open турнирінің жартылай финалына жолдама алып, әлемнің бірінші ракеткасы атанды.
US Open-2026 турнирінің ширек финалында қазақстандық теннисші 2024 жылғы Олимпиада чемпионы, Қытай өкілі Чжэн Циньвэньмен кездесті. Матч үш сетке созылып, Рыбакина 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Рыбакина алғашқы партияда қарсыласына есе жібергенімен, екінші сетте ойынды толық бақылауына алып, Чжэнге бір ғана гейм алуға мүмкіндік берді. Шешуші партияда қазақстандық теннисші басымдыққа ие болып, кездесуді жеңіспен аяқтады.
Осылайша, Рыбакина мансабында алғаш рет US Open турнирінің жартылай финалына шықты. Сонымен қатар Чжэнді ширек финалда жеңгеннен кейін, WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілді.
Турнир қорытындысы бойынша Рыбакина жекелей сында әлемдік рейтингте көш бастаған тұңғыш қазақстандық атанады.
Финалға шығу үшін Қазақстан өкілі ресейлік Мирра Андреева мен америкалық Коко Гауфф арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.