Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2334

Кандидаттарды республикалық қоғамдық бiрлестiктер ғана ұсына алады.

Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталады

Президент лауазымына кандидаттарды ұсыну 2019 жылғы 10 сәуірде басталып, 28 сәуір күні сағат 18:00-де аяқталады. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров атап өткендей, кандидаттарды ұсыну құқығы республикалық қоғамдық бiрлестiктерге тиесілі.

"Кандидатқа қойылатын бірнеше талап бар. Тарқатып айтсақ, Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс. Соңғы 15 жылда Қазақстан Республикасының аумағында тұруы міндетті. Жоғары білімді болуы керек. 40 жасқа толған азаматтар ғана сайлауға түсе алады. Белсенді сайлау құқығы болуы керек. Мемлекеттік қызметте кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы шарт. Сондай-ақ мемлекеттік тілді еркін меңгеруі керек", – деп нақтылады Константин Петров Орталық сайлау комиссиясының 10 сәуір күні өткен отырысында.

Сонымен қатар, президенттікке кандидаттарды ұсыну үшін сайлаушылардың кем дегенде 1 пайызының қолы жиналуы керек. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы 11 814 019 дауыс беруге құқығы бар азаматты Сайлаушылар тізіліміне енгізген. Осылайша, әрбір кандидатты қолдау үшін 118 140 сайлаушының түпнұсқалы қолы жиналуы шарт. Қол жинауды кандидаттардың сенім білдірген адамдары ұйымдастырады.

"Президенттікке кандидат ретінде тіркелу үшін 2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша өзінің және жұбайының кірістері мен мүлкі туралы декларациялар тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасын, сондай-ақ өзінің денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыны тапсыруы қажет. Кандидаттарды тіркеу ағымдағы жылдың 11 мамыры сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Тапсырылған декларацияларда кандидаттардың кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің рас еместігі анықталған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеудің күшін жоя алады", – дейді Константин Петров.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін дереу басталады және дауыс беру күніне бір күн қалғанға дейін, яғни 8 маусым күнгі 00:00-ге дейін жалғасады.

Дауыс беру 9 маусымда жергілікті уақыт бойынша 07:00-де басталып, 20:00-де аяқталады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу