Президент, саяси қайраткер, өнер майталманы: 2022 жылы өмірден өткен тұлғалар

1837

 2022 жыл адамзат тарихында саяси шиеленесті оқиғаларымен, Қытайда шыққан коронавирус вирусының қайта өршуімен, экологиялық апаттарымен есте қалды.

Президент, саяси қайраткер, өнер майталманы: 2022 жылы өмірден өткен тұлғалар Фото: rbc.ru

Сонымен қатар, әлем халқы адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардан айырылды. Бұл тізімде аты аңызға айналған футболшылар, танымал премьер-министрлер мен патшайым да болды.

Мамыр айы Біріккен Араб Әмірліктерінде президент қазасымен есте қалды. Халифа бен Заид әл Нахаян 73 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Саясаткердің созылмалы дертпен ұзақ күрескені белгілі.

Ол 2004 жылы Араб Әмірліктері тарихындағы 2-президент болып сайланды. 18 жыл ел басқарды. Әлемдегі ең бай адамның бірі ретінде тарихта қалды. Forbes журналының бағалауынша, шейхтың жеке байлығы 15 миллиард долларға, ал отбасының байлығы 150 миллиард долларға бағаланады. Ал, оның қазасынан кейін, Араб Әмірліктері президенттігіне тақ мұрагері, марқұмның інісі Мұхаммед ибн Зайд әл Нахаян тағайындалып, оның ісін жалғастырды.

Жапония тарихында Үкіметін ең ұзақ уақыт басқарған экс-премьер-министр Синдзо Абэ қастандықтан қаза тапты.

8 шілдеде халықтың алдында сөйлеп тұрған саясаткерге атылған оқ жүрек және мойын тұсына тиген. Дәрігерлер 6 сағат бойы өлім мен өмір арасында күресіп, ақыры оны құтқарып қала алмады. Ал, күдікті ретінде Қорғаныс теңіз күштерінің бұрынғы әскери қызметкері Тецуя Ямагами ұсталды. Абэ Жапония үкіметін 2006 жылдан 2007 жылға дейін және 2012 -2020 жылдар аралығында басқарды.

Ал, 30 тамызда КСРО-ның алғашқы және жалғыз президенті Михаил Горбачев 91 жасында бақилық болды. Оның есімі қайта құру және жариялылық дәуірінің басталуы, "қырғи қабақ соғыстың" аяқталуы, Берлин қабырғасының қирауы, Ауған науқанының аяқталуы және КСРО-ның ыдырауы сияқты оқиғалармен тарихта қалды.

2022 жылы болған тағы бір қайғылы оқиға – Елизавета II-нің қазасы. 8 қыркүйекте британдық Ұлы Мәртебелі Балморал сарайында қайтыс болды.

Ақтық сапарға патшайымды шығарып салу үшін қалың жұрт жиылды. Ол Британия корольдері арасында ең ұзақ билік еткен монарх ретінде рекорд орнатты.

Ал, 29 желтоқсанда теңбіл доп тарланы Пеле 82 жасқа келіп, көз жұмды. Футбол патшасы ұзақ уақыт бойы обыр дертімен күресіп келген еді. Аты жаман ауру 2021 жылдың күзінде анықталған. Биыл қарашада ауруханаға жатқызылып, емнің бірнеше курсын қабылдағанымен, оның денсаулығы нашарлай түсті. Ол – әлемдегі үш рет ойыншы ретінде әлем чемпионы атанған жалғыз футболшы. Кейбір мәліметтер бойынша, Пеле 1281 гол соққан. Сол үшін де Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Қазақстандықтар да 2022 жылы әр салада қызмет еткен азаматтарынан айырылды.

Бесінші ақпан күні Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Әйгілі трилогияның авторы 1924 жылы Қызылорда облысы Арал ауданының Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ал "Қан мен тер"трилогиясын жазу үшін автор 10 жылдан астам өмірін арнаған: 1-кітап – "Ымырт" (1961 жыл), 2-кітап – "Сергелдең" (1964 жыл), 3-кітап – "Күйреу" (1970 жылы) жарық көрді. Жазушы Алматыда қайтыс болды.

13 желтоқсанда Қазақ КСР Халық әртісі, балет актері Болат Аюханов 85 жасында марқұм болды. 1938 жылы Семей қаласында дүниеге келген өнер иесі 19 жасынан бастап, өнер саласында еңбектенген. Ол бар болғаны 26 жасында "Алматының жас балеті" хореографиялық миниатюралар ансамблін құрды.

9 қарашада белгілі сатирик Көпен Әмірбек бақилық болды. 1950 жылы 29 наурызда қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елдімекенінде дүниеге келген. "Ара" журналында жұмыс істеп жүрген жылдары алғашқы жинаған шығарған. Содан кейінгі жылдары "Тілім қышып барады", "Па шіркін", "Пародия" кітабы жарық көрді.

21 желтоқсанда ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы 83 жасында қайтыс болды. Философия ғылымдарының докторы, профессор 1999-2007 жылдары Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Ол – 100-ден астам ғылыми мақаланың, 5 монографияның авторы.

Әлем және Қазақстан тарихында қалған, "өлмейтұғын артында із қалдырған" бұл тұлғалар есімі ел есінде, ал олардың атқарған еңбегі – келер ұрпаққа өнеге.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу