Президент: Табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң

106

Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтті. 

Президент: Табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң Фото: Ақорда

Орталық Азия мен көршілес аймақтар ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап келді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-қатерлері де баршамызға ортақ. Ең бастысы, жауапкершілікті теңдей бөлісеміз. Орталық Азия мен көршілес аймақтар ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап келді. Атап айтқанда: су тапшылығы мен су ресурстарын тиімсіз басқару; шөлейттену; мұздықтардың еруі; ауаның ластануы; биоалуантүрліліктің жойылу қаупі. Мен ең негізгі сын-қатерлер мен проблемалардың мәнін ашып, әдейі түстеп отырмын. Өйткені күш жұмылдыру арқылы аталған мәселелерді шешуде оң нәтижеге жетеміз. Бұған кәміл сенемін. Жетістіктерге тоқмейілсіп отыратын заман өтті, шешім қабылдайтын уақыт келді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, жаңа Конституциямызда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалды.

"Яғни, біз үшін экологиялық қауіпсіздік пен өсіп-өркендеу жай ғана мәселе емес. Ол ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі және ұзақмерзімді даму стратегиясының арқауы ретінде қарастырылады. Қазақстан: экологиялық таза энергия өндірісіне көшу; биоалуантүрлілікті қорғау; тозған жерлерді қалпына келтіру; су ресурстарын басқару жүйелерін жетілдіру; су үнемдеу саясатын енгізу; қоршаған ортаны қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағыттарындағы шараларды қолға алды. Әлбетте, ешбір ел жалғыз жортып, табысқа жете алмайды. Сондықтан аймақтық және жаһандық деңгейде күш жұмылдыруға баса мән береміз. Біз аталған міндетті нақты іс, жаңа технологияларды игеру және тұрақты дамуға ұзақмерзімді инвестиция салу арқылы орындаймыз", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу