Президент Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады

2471

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен кеңес өтті. Жиында Ұлттық банктің 2022 жылы атқарған қызметі туралы есеп берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Президент Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады Фото: akorda.kz

Ұлттық банк басшысы Президентке қандай мәселелер туралы есеп берді?

  • өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканы долларлау көрсеткіші 31,6 пайызға азайған.
  • екінші деңгейдегі банктердің экономикаға кредит бөлу көлемі 23,3 пайызға артып, 22,8 трлн теңгеге дейін жеткен, соның ішінде бизнеске берілген кредиттің 13,9 пайызға өсіп, 9,6 трлн теңгені құрағаны жөнінде мәлімет берді.
  • жалпы экономикаға бөлінген кредит 2022 жылы 21,7 пайызға өскен. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша оның көлемі 28,9 трлн теңгені құраған.
  • былтыр жалпы халықаралық резервтер 1,2 млрд долларға көбейіп, 90,8 млрд долларға жеткен. Соның ішінде алтын-валюта қоры – 35,1 млрд доллар, Ұлттық қор активтері – 55,7 млрд доллар.
  • 2014 жылы біріктірілген уақыттан бері БЗЖҚ зейнетақы активтері кірісінің жылдық мөлшері 9,33 пайызды құраған.

Ұлттық банктің мәліметі бойынша Fitch Ratings және S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның "ВВВ" деңгейіндегі дербес рейтингіне қатысты "тұрақты" деген болжамды растады.

Инфляция экономикадағы басты мәселе болып қала береді

Мемлекет басшысының айтуынша, инфляция, макроэкономикалық және энергетикалық тұрақсыздық әлі де экономиканың негізгі түйткілдері ретінде сақталып отыр.

"Халықаралық ұйымдар Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша жаһандық өсім 2021 жылғы 6,2 пайыздан 3,4 пайызға дейін айтарлықтай бәсеңдейтінін және баға қысымы күшейетінін болжап отыр. Мұның бәрі еліміздің экономикалық дамуына әсер етеді, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға анағұрлым үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізу қажет екенін білдіреді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Талқылау қорытындысы бойынша Президент жылдық есепті мақұлдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу