Президент жолдауының игілігін көретін 600 мың адам кім?

3153

"Шөміштен қағылған" бюджет қызметкерлерінің ұзақ жылғы зарын билік жаңа естіді, деп жазады Inbusiness.kz.

Президент жолдауының игілігін көретін 600 мың адам кім?

Педагог жалақысын көтеруден педагогтер тыс қалған

Былтырғы 2020 жылдан бастап жарты миллионға жуық педагогтің жалақысы өсті. Нәтижесінде, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мысалы, Ақмола облысының Зеленый бор ауылдық мектебінде биология пәнінің мұғалімі бүгінде 430 мың теңгеден астам еңбекақы алады. Өзге мектептерде 700 мың теңгеге дейін жалақы алатын мұғалімдер бар көрінеді. Осылайша, қазіргі кезде ұстаздар мектеп директорынан да көп табыс табатын заман туды.

Педагогтерге тек директорлар ғана емес, кітапханашылар, бухгалтерлер және басқалары да қызыға әрі қызғана қарайды екен. Олар біраз жылдан бері биліктен өз еңбекақысын көтеруді қиыла сұрап келді.

Бұл ретте тіпті педагог мәртебесі болса да, жалақы көтеруге іліге алмағандар жетерлік. Мысалы, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты "№1 сауықтыру орталығының" коррекциялық-педагогикалық бөлімінің педагогтері – логопед, психолог, тәрбиеші, дефектологтар Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға шағым жолдады. Олар көтеріп отырған мәселе еліміздің барлық өңіріндегі сауықтыру орталықтарына тән. Бұл мұғалімдер тірек-қоғалыс аппараты бұзылған, психикалық дамуда кенжелеп қалған ерекше балалармен жұмыс істейді, олардың қоршаған ортаға бейімделуіне көмектеседі.

"Әрбір педагог әр балаға бар білімін, еңбегін, махаббатын арнайды, сөйтіп, айтарлықтай нәтиже мен динамикаға қол жеткізеді. Еңбек заңнамасында тең еңбек үшін тең еңбекақы қағидаты бекітілген. 2020 жылдан бастап, мұғалімдер мен медқызметкерлердің жалақысы 25–30%-ға ұлғайтылды. Алайда биліктегілер медициналық мекемелерде қызмет атқаратын педагогтерді қамқорлықтан тыс қалдырды. Күн сайын 7 сағат бойы толық ставкаға жұмыс істейтін біздің жалақымыз небары 60 мың теңгені құрайды. Барлық педагогтеріміз жоғары білімге ие. Біз не мұғалімге, не медицина қызметкеріне жатпаймыз. Салдарынан, тіпті кіші медперсонал да бізден жоғары алады", – дейді арыз авторларының бірі логопед Нұржамал Жүнісова.

Аз жалақы ауылдан есепшілердің кетуіне түрткі

Ауыл шаруашылығы, бюджет, экономика, мәдениет салаларында 40 жылға жуық қаржы-есеп маманы болып жұмыс істеп келе жатқан сала ардагері, Жамбыл облысының Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің бас бухгалтері Төле Наржанов әсіресе, ауылда осы мамандық иелерінің жағдайы қиын екенін айтады. Оның пікірінше, есепшінің де мәртебесі ерекше: дәрігердің қолында – сырқаттың, мұғалімнің қолында – шәкірттің тағдыры тұр десек, есепшінің қолында білдей ұйым-кәсіпорындардың тұрақты жұмысы мен жұмысшылар тағдыры тұр.

"Ауылдағы бюджет мекемелері мен кәсіпорындарында есепші маман тұрақтамай, тапшы болуда. Себебі, бухгалтерлер мен экономистер қалаға, жалақысы жоғары ұлттық холдингтер мен компанияларға қызметке кетуде. Оларды түсінуге болады, бүгінде коммуналдық қызметтердің, азық-түліктің, киім-кешектің бағасы қымбаттады. Ауылдағы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарына ауылдық жерде тұрғаны үшін 25% үстемеақы төленеді. Соны ауылдық есепшілер мен экономистерге де төлесе деймін. Былтыр білім саласында жалақы 25%, мәдениет мамандарының айлықтары 35–50%-ға дейін көбейтілді. Бүгінде бюджеттік ұйымдарда қызмет атқаратын еңбек өтілі көп бас есепші басқа жас маманнан аз еңбекақы алуда",  – дейді Т.Наржанов.

Ол нақты салыстырмалы дерек келтірді: музейдің бас бухгалтері саналатын, 40 жыл еңбек өтілі бар оның еңбекақысы – небары 112 323 теңге екен, ал 16 жыл еңбек өтіліне ие ғылыми қызметкердің еңбекақысы – 160 379 теңге, әдіскер ұйымдастырушының (7 жыл) еңбек ақысы – 138 888 теңге, экскурсияшының (3 жыл) еңбекақысы – 135 681 теңге.

Ардагер маман есепшілердің еңбегін бағалап, еңбекақысын тиісті дәрежеге дейін көбейтуді сұрап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныс жолдапты. Енді билік бұл мамандардың сөзіне құлақ қойғанға ұқсайды.

Бұл мамандық иелері марапаттан да құр қалғандарына назаланады.

"Бұрындары кеңес заманында, колхоздарда ауыл тұрғындары есепшілерді "ауылдың айнасы" деп жоғары бағалаушы еді. Бүгінде елімізде үнемі мәдениет және өнер, дене шынықтыру және спорт саласының қызметкерлерін ұлттық, мемлекеттік және кәсіби мерекелерге орай түрлі орден, медалдармен, алғыс хаттарымен марапаттап жатады. Аудан, ауылдағы бюджет мекемелері мен кәсіпорындардың еңбегі сіңген есепшілеріне, экономистеріне мерекелерде еңбегіне қарай қошемет көрсетіп жатса, артық болмас еді", – дейді Төле Наржанов.

Тоқаев тізіміне кім кіреді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі жолдауында жария еткен "бес президенттік бастамасының" төртіншісінде біраз қызметкердің жалақысы көтерілетінін мәлімдеді.

"Бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары жалақы көтеруден тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар. 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді", – деді Президент.

Әрине, жолдауында Мемлекет басшысы еңбекақысы жоғарылайтын мамандықтардың толық тізімін жария етпеді.

Салдарынан, енді қазақстандықтар өздерінің "600 мың отандас" қатарына кірген-кірмегенін білмей, дал болуда.

Мысалы, қазіргі кезде мектеп автобустарының жүргізушілері ең төменгі жалақы деңгейінде ғана мардымсыз еңбекақы алады. Олар осы қатарға кірген бе? Мұны білім ордаларының директорлары да айта алмады.

"Бюджеттік, әсіресе білім беру мекемелері қызметкерлерінің жалақысы мәселесі көптен сөз болуда. 2020 жылдан бері жыл сайын барлық педагогке жалақысын көтереді. Ал мектептің, балабақшалардың өзге қызметкерлері бұдан тыс қалып, өзін кемсітілгендей сезінеді. Мысалы, кадрлар бөлімінің қызметкерлері, тәрбиешінің көмекшілері, аудармашылар, бухгалтерлер, бүкіл техникалық персонал осы жағдайда. Айталық, мектептер мен балабақшалардағы техникалық персонал қызметкерлері 50 мың теңге көлемінде ғана еңбекақы алады. Қазіргі алапат қымбатшылықты ескерсек, мұндай еңбекақыға бір ай өмір сүруге бола ма?", – дейді Өскемен тұрғыны Ғалима Задақанова.

Мемлекет басшысы өз жолдауында жалақысы көтерілетін мамандар қатарына кітапханашылардың нақты кіретінін атағаны мәлім. "Білім бұлағына" иелік етуші мамандар мұны әділдіктің орнауы ретінде қабылдауда.

"Мысалы, шенеуніктер кітапханашыны әкімшілік персоналдың "С" блогына жатқызып, жалақысы көтерілмейтін қызметкерлерге айналдырды. Президент Тоқаевтың алдыңғы жолдауына сәйкес, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда қызмет атқаратын 1 миллионнан аса азаматтық қызметшінің жалақысы 30%-ға дейін көтерілді. Сонда осы әлеуметтік саладағы кітапханашының жалақысы жоғарыламады", – дейді кітапханашы Жадыра Нұрмағанбетова.

Ал БҚО мектеп кітапханашысы Ұлпан Шайкенованың айтуынша, осы сала қызметкерлері жоғарғы білікті маман болса да, кіші қызметкерлер қатарына жатады. Сондықтан облыстық мектептердің кітапханашылары Үкіметке хат жазып, өздерін кіші қызметкер қатарынан алып, оларға "кітапханашы-педагог" статусын беруді сұрапты. Үкімет бас тартқан.

"Былтыр педагогтердің және мәдениет саласы кітапханашыларының жалақылары өсті. Ал мектеп кітапханашылары не педагог, не мәдениет саласының маманы қатарына жатпағандықтан жалақымыз өспеді. Мектеп кітапханашысы деген кім? Ол библиограф, оқырмандарға – жас ұрпаққа қызмет көрсетеді, кітаптарды өңдейді, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырады, тіпті оқулықтарды тасымалдайды. Биылдан бастап 1С-Кітапхана (К2) электронды бағдарламасымен жұмыс істеудеміз. "Кітапханашы-педагог" мәртебесін енгізу үшін мектеп кітапханашыларының тәрбиелік рөлін мойындау қажет. Өйткені біз де мұғалімдер сияқты ЖОО-да оқып, кітапханашы-библиограф мамандығын алып шықтық", – дейді Ұ.Шайкенова.

Яғни, суыртпақтап тарта берсе, салаларда мәселе көп. Олар Президенттің 5 емес, 55 бастамасына азық болғандай.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу