Президент жылыту маусымына дайындықты тексеру үшін комиссия құруға тапсырма берді

1542

Комиссияға Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтің жетекшілік етеді. 

Президент жылыту маусымына дайындықты тексеру үшін комиссия құруға тапсырма берді Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтің жетекшілігімен орталық және жергілікті атқарушы органдардың қысқы жылыту маусымына дайындығын тексеру үшін комиссия құруды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Комиссия құрамына Бас прокуратураның, Жоғары аудиторлық палатаның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.

"Президент жұмысты он күн ішінде нақты қорытындылармен және ұсыныстармен аяқтауды тапсырды", деп жазылған баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұған дейін хабарланғандай, Премьер-Министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен осыдан бірнеше күн бұрын жылумен қамту жүйесінде апат болған Екібастұз қаласына барды. Қалалық ЖЭО-дағы жағдаймен, сондай-ақ Павлодар облысының әкімінің міндетін атқарушы А.Сқақов және "Павлодарэнерго" АҚ бас директоры м.а В.Лесиннің баяндамаларымен танысты.

Үкімет басшысының айтуынша, жылу желілерінің әбден тозуы, жаңғырту үшін инвестициялардың жетіспеуі, сондай-ақ жылу орталығы басшылығының салғырттығы осындай жағдайға алып келген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жылумен жабдықтау желісіне жоғары қысым беріліп, оның кесірінен 15 жерде бір уақытта құбырлар зақымданған.

Премьер-Министр қазіргі уақытта тиісті тергеу жүргізіліп жатқанын, оның нәтижелері бойынша барлық кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатынын айтты.

Еске салар болсақ, елімізде аяз басталысымен коммуналдық апаттар жиілеп, тұрғындарды жылумен қамтуды тоқтатты. 27 қарашаға қараған түні жылу желілерінің бұзылуы Екібастұз ЖЭО-да қазандықтардың тоқтап қалуына әкеп соқты. 30 градустық аязда тұрғындара жылусыз қалды. Қалада техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қостанай облысының Рудный қаласында 20 градустық аязда құбырдың жарылуы салдарынан бірнеше ондаған көпқабатты үйлер мен мектеп жылусыз қалды. Дәл осындай апат Шығыс Қазақстан облысының Өскемен жылу электр станциясында болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу