Президентті балағаттаған Пригожиннің соңына Кремль шам алып түсті

1708

Барлық айыпты нейрожеліге жаба салу талабынан түк шықпағанға ұқсайды. 

Президентті балағаттаған Пригожиннің соңына Кремль шам алып түсті

Пригожиннің Кремльдегілерді "шегіне жеткен айуандар", ал Путинді "орыс халқын көрге тықты" деп айыптаған телефон жазбасын Украина тарапы бірнеше апта бұрын жариялапты. Бірақ оған Ресей тарапы жаңа ғана назар аударып, ел ішіне тез тарап кетті.

Бірден айталық, әңгіме "Вагнер" жеке әскери компаниясының негізін қалаған қанқұйлы тұлға турасында емес, әнші Валерияның күйеуі, ресейлік музыкалық продюсер, бизнесмен Иосиф Пригожин жайында болып отыр.

Жалпы, бұл жазба Мәскеудің жауыз саясаты туралы әскерге қатысы жоқ ресейліктердің, соның ішінде элита мен бизнестің не ойлайтынын паш етсе керек.

Сонымен, ресейлік және шетелдік ақпарат құралдары жарыса таратып жатқан аудиожазбаға жүгінсек, ресейлік продюсер Иосиф Пригожин мен белгілі олигарх Фархад Ахмедов Кремль қожайыны және оның қызметі, Украинадағы соғыс және Ресейдің ендігі тағдыры туралы не ойлайтындарын өзара телефон әңгімесінде еш қысылмай, ашық айтқан көрінеді. Әңгіме барысында боғауыз, былапыт сөз көп қолданылады. Салмақты басылымдардың өзі оны түпнұсқа күйінде беріп жатыр. 

"Жоқ, Фархад, олардың елді күйретін тынатынына тіпті күмәнданбасаң да болады. ...Лер, қоя тұршы, кейін жасаймыз", – деп, дауысы Пригожинге ұқсас адам әңгіме барысында әйелі, әнші Валерияға алаңдауға мәжбүр болды.

Сондай-ақ жазба барысында Пригожин Галина Николаевна деген кісіге де дауыстап, жөн сілтеді: "Лера – анау жақта, ресепшннің қасында". Журналистер Валерияның анасының аты Галина Николаевна екенін еске түсіріп, продюсер әлдебір қонақүйде отбасымен және енесімен бірге демалған болар деп болжады.

Пригожин сонымен қатар Путиннің айналасындағы тұлғаларды "өздерін патшалардай, құдайлардай ұстайтын шегіне жеткен айуандар" деп атады.

"Игорь Иванович (Сечин), Сергей Викторович (Чемезов) пен Виктор Золотов бірігіп алды. Олар бәріне енді Шойгуды кінәлайды. Оны мал деп атайды. Әрине, көзінше емес, сырттай. Олар оны орнынан кетіруді мақсат етіп отыр. Өйткені майдандағы жеңілістердің айыбын арта салатын адам керек", – деп хабарлады жазбадағы Пригожиннің даусы.

Ал олигарх Ахмедовтың дауысына ұқсас адам Пригожинге Ресейдің болашағына үміт артпай, санкцияға ілігіп қалмау үшін дәл қазір ондағы барлық мүлкін сатып жіберуге кеңес берді. Себебі, батыстағыларға "барлығы да белгілі және олар барлығын да бұғаттап шығады".

Сонымен бірге олигарх батыстағылардың тек жаманды ғана көріп, жақсы істерді аңғармайтынына шағымданды.

Миллиардер Украинада соғыс басталғалы, Еуропалық Одақ, Ұлыбритания және Канада енгізген санкциялар өзіне, бизнесіне қалай әсер еткенін әңгімеледі.

"Барлық карталарым бұғатталып тастады. Кемем де соның кебін құшты, айлақта босқа шіріп жатыр. Олар мені Путиннің жақын досы деп жазып қойыпты. Мен Путинді соңғы рет тек 2008 жылы көрдім. Ол бәрімізді де жарға жықты. Құртпағаны қалмады. Бүкіл елді жайратты. Бүкіл халықты. Мәселе ақшада емес қой, мәселе мұның бәрінің адамгершілікке жатпайтынында, ақылға сыймайтынында", – деп сөкті жазбадағы Ахмедов.

"Оныңыз шын. Путин орыс халқын көрге тықты", – деп келісе кетті Пригожин.

Олигарх продюсерге Мальдив аралдарына, Дубайға қоныс аударуға, еш жол қалмаса, Қазақстанға жақын Алтайға кетуге, қалай болғанда енді Мәскеуден аулақта тұруға кеңес берді. 

"Жағдай олардың уысынан шығып кетті. Ел де уысынан сусып барады. Барлығынан жұрдай болғалы тұр. Ендігі мәселе билікке олардан кейін кімнің келетінінде. Бір жағынан, қадыровшылдар, бір жағынан пригожиндіктер, Кремльдің жандайшаптары келеді. Қырғын махновщина болады. Оңды-солды қанжар, кувалда сілтейтін болады. Нағыз масқара болайын деп тұр. Президент бәрі үшін жауап береді. Барлығы үшін. Одан мықты сұрау болады. Олар болашағымызды, елдің тағдырын, ұрпақтың болашағын қоқысқа лақтырды, түсінесің бе?", – деп таусыла сөйледі бизнесмен Фархад Ахмедов.

Иосиф Пригожин бұл аудиожазбаны алдымен толық "фейк" деп атап, видеоүндеу жасады.

"Менің саяси ұстанымымды баршасы біледі. Мен оны барлық сұхбаттарымда да, қоғамдық кездесулерде де айтып жүрмін. Бірақ білесіздер ме, аудиожазбаны алғаш рет тыңдағанда, менің өзім оның шын екеніне сеніп қала жаздадым. Дегенмен, қазіргі заманғы технологиялар, нейрожелі тек дауысты ғана емес, бүкіл әңгімені қолдан жасауға мүмкіндік береді", – деді продюсер Иосиф Пригожин.

Бірақ артынша дәйектемесін күрт өзгертіп, "кейбір тұстары шын" екенін және олардың бизнесмен Ахмедовпен әңгімесінде айтылғанын мәлімдеді. Сол әңгімеден желімдеп, жапсырып, фейк әңгіме құрастырылған дегенге келтірді. Бұл туралы ресейлік "Фонтанка" басылымы хабарлады.

"Мен мұның арандатушылық екенін нақты түсінемін. Барлығының осы оқиғаға жабыса қалғанын қарашы. Мұны ел басшылығында тұрған тұлғалар мен оны жақтаушылар арасына сына қағу үшін әдейі жасады. Әрине, әңгіменің кейбір тұстары шын, болған әңгіме. Дауыс та менікіне ұқсас. Дегенмен, оны қалай желімдеп, жапсырғаны белгісіз", – деп түлкібұлаңға салып көрді Пригожин басылымға сұхбатында.

Сонымен қатар ол олигарх Ахмедовпен жақсы таныс екенін, онымен әртүрлі тақырыптарда бірнеше рет сөйлескенін растады.

Әнші Валерияның жұбайы ары қарай да Мәскеу саясатын бек ұстанатынын және қолдай беретінін, бірақ мына былықпен ары қарай қалай өмір сүретінін түсіне алмай отырғанын (түпнұсқада: "не понимаю, как с этим дерьмом жить") жеткізді. Ол мұның салдарлары болатынынан қорқатынын да жасырмады.

Ал "Важные истории" басылымының арнайы қызметтегі дереккөздері Пригожин және Ахмедовтың әңгімесінің жазбасы желімделген нәрсе еместігін, шынайы, түпнұсқа екенін мәлімдеді. Осыған орай РФ ФСБ (федералдық қауіпсіздік қызметі) кеңес өткізіп, қызметкерлерге тиісті шаралар қабылдауға бұйрық беріпті.

"Важные историидің" арнайы органдағы дереккөзі Пригожиннің жазбаны фейк деп атауын "өзінен жауапкершілікті алып тастаудың талабы" деп бағалады.

Пригожин мен Ахмедов арасындағы телефон арқылы тілдесу шамамен екі ай бұрын болған екен.

"Бұл жазба қоғамды, тіпті халықаралық қауымдастықты неге елең еткізді? Себебі, әңгімелесушілер көп жылдан бері диктаторлық режимнің коррупциялық тәртіптері арқасында байыған РФ элитасының қазіргі көңіл-күйін білдіріп отыр. Бұл ресейлік элитаның бойын үрей буғанын, Украинадағы ұзаққа созылып кеткен агрессияға наразылығы күшейгенін, олар оны өзара әңгімеде болса да, ашық айтуға дайын екенін көрсетеді. Элитаның қалыптасқан ахуалға әділ бағасын беріп, режимнен бойын аулақ салуға тырысып жатқаны байқалады", – деді саясаттанушы Сергей Новиков.

Ол бұл екеуінің де Кремльдің империяшыл зәлім саясатының дамуына жауапты тұлғалар екеніне назар аудартты. Ф.Ахмедов Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясында РФ делегациясын ұсынып, Путиннің саясатын халықаралық деңгейде ілгерілетуге белсенді қатысты, Ресейде сенатор болды.

Өз кезегінде И.Пригожин Қырымды аннексиялауды қолдап, үндеуге қол қойған мәдениет қайраткерлерінің бірі. Төрт жылдан кейін ол президент сайлауында ресми түрде Путиннің сенім білдірген өкілі болды, оның шексіз билікке қол жеткізуіне өзіндік үлес қосты. Сондай-ақ Иосиф Пригожин 2022 жылғы 23 ақпанда сепаратистік Донбасты қосып алу туралы В.Путиннің шешіміне қолдау білдірді. Өзгеге ор қазба деген осы болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу