Президенттің пәрменін орындамағандар жазаланды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2481

Алыпсатарлыққа жол берген супермаркет иелеріне айыппұл салынды.  

Президенттің пәрменін орындамағандар жазаланды

Сәуір айының басында сауда, ауыл шаруашылығы және ұлттық экономика министрліктері бірлескен бұйрыққа қол қойып, төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бөлшек сауда бағасын бекітті. Осылайша бірінші сортты бидай ұнын, бірінші сортты ұннан жасалған бидай нанын, өлшеніп сатылатын рожкиді, қарақұмық жармасын, тазартылған күрішті, сиыр етін, I санатты тауық жұмыртқасын, күнбағыс майын және ас тұзын қымбат бағаға сатуға тыйым салынды.

Неге дәл осы азық-түлік түрлері таңдалды деген сұраққа сауда және интеграция министрлігі: "Қазақстанның азық-түлік тауарына деген сұранысын талдау барысында осы тауарларға сұраныс жоғары екені анықталды", – деп жауап берді.

Айта кетейік, баға әр аймаққа жеке-жеке белгіленді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылап отыру үшін сауда және интеграция министрлігі BTS компаниясымен бірлесіп dosmart.kz web-платформасын әзірледі. Бағаны онлайн режимде бақылау мен қоймалардағы азық-түлік қорын қадағалап отыру міндеті жүктелген платформаға деректерді жергілікті атқарушы органдарға, өндірушілерге, көтерме сатушылар мен ритейлерге жеткізіп отыру міндеті жүктелді. Айтпақшы тұтынушыларға dosmart.kz  платформасына бағаға қатысты сын-ескертпе жолдау мүмкіндігі берілді.

"Әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарын қымбат бағаға сатып алған кез келген тұтынушы dosmart.kz порталына фискалды чек жіберсе, бекітілген шекті бөлшек сауда бағасын бұзған сауда объектілеріне әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 202 бабы бойынша 100 АЕК мөлшерінде 265 100 теңге, құқықбұзушылық қайталанған жағдайда 200 АЕК мөлшерінде 530 200 теңге айыппұл салынады", – деп хабарлады сауда және интеграция министрлігі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қымбаттатқандарды тезге салу үшін 8 (717) 74 96 71 сенім телефонын қосты.

Мәселенің ерекше назарға алынғаны соншалық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен әкімдіктерге тұрақтандыру қорларын толықтырып, азық-түлік бағасын бақылап отыруды шегелеп тұрып тапсырды.

"Азық-түлік жеткізу жұмыстарымен таныстым. Еліміз әлеуметтік маңызы бар тауарлармен толық қамтамасыз етілген. Жалпы сомасы 14,8 млрд теңгені құрайтын мемлекеттік қор қалыптасқан. Төтенше жағдай кезінде азық-түліктің жеткізілуіне ерекше көңіл бөлген жөн. Алыпсатарлық пен дүрбелеңге жол берілмейді. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағасы сақталуға тиіс",– деді Президент.

Атқарылып жатқан шараларға және алдын ала жасалған ескертулерге қарамастан, Нұр-Сұлтан қаласында алыпсатарлық пен пайдакүнемдікке жол берілді. Сәйкесінше әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті  бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтар болсақ, елордадағы Interfood, "ВкусМарт", "Встреча" супермаркеттерінің басшыларына 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мобильді топтары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, қаладағы карантин және төтенше жағдай режимі кезінде санитарлық нормаларды сақтау бойынша прокуратура мен монополияға қарсы органдардың қызметкерлерімен бірлесіп рейд ұйымдастырып жүр. Рейд барысында заңға қайшы әрекетке барған  бизнесмендер жазаланып жатыр.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу