Пригожиннің өлімі бір проблеманы жойғанымен, Путин үшін жаңасын туындатуы мүмкін

1853

"Вагнер" жетекшісінің қазасы расталса, Кремль өзіне ашық қарсы тұрған адамнан арылды деген сөз. Алайда бұл апаттан Ресейдің жоғалтатыны да бар екен. 

Пригожиннің өлімі бір проблеманы жойғанымен, Путин үшін жаңасын туындатуы мүмкін Фото: dzen.ru

Жалдамалы сарбаздар жетекшісі Евгений Пригожиннің әуе апатынан қаза табуы Ресей президенті Владимир Путинді қысқа мерзімде күшейтуі мүмкін. Өйткені Кремль басшысына қарсы шығып, оны әлсіз етіп көрсетуге әрекеттенген адуынды тұлға жойылып отыр.

Бірақ, авиациялық апат  Путинді Украина соғысындағы ең қанды шайқастарға өз жауынгерлерін жіберіп, Ресейдің бүкіл Африкадағы мүдделері үшін күресу арқылы Кремльге пайдалы екенін дәлелдеген күшті әрі зерек ойыншыдан айырды.

24 сағаттық үнсіздіктен кейін Путин Мәскеудің солтүстігінде апатқа ұшыраған ұшақтағы барлық 10 адамның отбасына "шын жүректен көңіл айтты" және Пригожинді "дарынды кәсіпкер" деп сипаттады. Алайда әуе көлігінің құлауына не себеп болғаны әзірге белгісіз.

"Америка Құрама Штаттары бұл апатқа қатысты бірқатар теорияларды қарастырып жатыр. Соның ішінде ұшаққа "жер-әуе" зымыраны тиді деген болжам бар", – дейді АҚШ әкімшілігінің өкілдері "Рейтерге" берген сұхбатында.

"Ассоушиэйтид пресс" агенттігі болса, атын атамауды өтінген америкалық барлаушылардың дерегіне сүйеніп, Пригожин ұшағының "әдейі жасалған жарылыстан" қирағанын хабарлап отыр.

Сарапшылардың пікірінше, ұшақтың құлауына Кремльдің қатысы бар деген болжам Путиннің мақсатына шынында да сай келуі мүмкін.

"Ұшақ апатының себептері қандай болса да, көпшілік оны жазалау әрекеті ретінде қабылдайды, ал Кремль бұндай кекке аса кедергі жасамас еді. Путиннің, сондай-ақ, қауіпсіздік күштері мен әскерилердің көпшілігінің көзқарасы бойынша, Пригожиннің өлімі оның  кез келген ізбасарына сабақ болуы керек", - дейді R.Politik кеңес беру орталығының негізін қалаушы Татьяна Становая.

Қате пайым

Бұл апат Пригожин мен оның "Вагнер" тобының жалдамалы сарбаздары көтеріліс жасап, оңтүстік қаланы бақылауға алып, Мәскеуге қарай ілгерілеп, Ресей әуе күштерінің бірталай ұшағын атып түсіріп, олардың ұшқыштарын өлтіргеннен кейін, екі ай өткенде болып отыр.

Бұрындары сатқындарға деген өшпенділігін жасырмаған Путин сол бүлікті "арқаға пышақ сұғу" деп атағаны белгілі.

Маусымдағы көтерілістен кейін Пригожин қорғаныс министрлігімен арадағы жанжалды тоқтатты, бірақ ол Беларуське кетуге келіскенімен, Ресейде еркін жүріп-тұрып өз жұмысын жалғастырған тәрізді.

Кремльдің бұрынғы спикері, қазір Ресейде "шетел агенті" деп танылған Аббас Галлямовтың айтуынша, Пригожин қызметтерінің ауқымы мен маңыздылығын алға тартып, Путин үшін өзін таптырмас адам деп қате пайымдаған.

Сол қызметтерге Африкадағы ауқымды операциялар кірді. "Қара құрлықта"  вагнерліктер алтын және алмаз өндіру құқығына ие болу үшін Мали және Орталық Африка Республикасы сияқты елдерде өз жалдамалыларының қызметтерін ұсынды.

Бұның бәрін таза жеке коммерциялық операция ретінде көрсете отырып, Кремль "Вагнерді" Африка континентінде Ресейдің Франция мен АҚШ сияқты батыс державаларымен бәсекелестікте ықпалын кеңейтуге пайдаланды.

"Тақтар ойыны"

Бірақ Пригожиннің өлімі расталса, бұл жағдай Путин үшін шығынды да білдіруі мүмкін. 

Сарапшылардың пікірінше,  Пригожиннің қазасы "Вагнердің" алып бизнес империясын бақылау жолындағы күреске себеп болуы ықтимал. Оған қатысушылар - қорғаныс министрлігімен интеграциялануға дайын прагматиктер мен әлеуметтік медиа арналарында қазірдің өзінде ашу-ызаларын білдіріп шулап жатқан әсіреұлтшыл фракциялар болуы мүмкін.

"Менің ойымша, бұл көп жағдайда "Тақтар ойнына" айналуы мүмкін. Шағын фракциялар мен "Вагнердің" кішігірім бөліктері бар. Және де ұзақмерзімдік перспективада бұл (Ресей үшін) стратегиялық шығынға айналады", - дейді Flashpoint қауіп-қатерді барлау фирмасының атқарушы директоры және АҚШ барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Эндрю Борене "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.  

Лондондағы RUSI сараптамалық орталығының сарапшысы және "Ресей - Африкада" кітабының авторы Самуэль Раманидің ойынша, Пригожиннің кең ауқымды байланыстарын жоғалту Путинге кері әсер етпек.

"Путин Пригожиннің осы континентте орнатқан жеке байланыстарынан, соның ішінде Мали мен Орталық Африка Республикасы сияқты санкцияланған елдерден алтын мен гауһартас экспорттауға қажетті байланыстарынан айрылуы мүмкін", - дейді Рамани.

Пригожиннің бизнес-джеті РФ ақпарат құралдары Ресейдің Украинадағы әскери күштерінің бұрынғы қолбасшысы Сергей Суровикин қызметінен босатылғанын хабарлаған күні апатқа ұшырады. Кең таралған, бірақ расталмаған мәліметтерге қарағанда, Суровикин Пригожиннің көтерілісіне қатысы болуы мүмкін деген айыппен тергеуге алынған.

Бұл екі адам Ресейдің көптеген сәтсіздіктерге ұшыраған соғыстағы ең тиімді екі операторы саналды. Раманидің ойынша, олардың құлауы Мәскеуге келесі жылы Украинада шабуылдау операцияларын тұрақты жүргізуге кедергі жасауы мүмкін.

Ал Мельбурндегі Ла Троб университетінің Ресей жөніндегі маманы Роберт Хорват Путин қауіпсіз деп есептемейді.

"Пригожинді өлтіру мыналай проблема туындатуы мүмкні: "Вагнер" туының астында соғысқан ондаған мың жалдамалы жауынгерлер (олардың кейбірі - соғыста шыңдалған ардагерлер, түрмелерден жиналған қылмыскерлер) енді кек алуға әрекеттенуі мүмкін", - дейді Хорват.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу