Прокурор мен банк менеджері зорлаған әйел жезөкше емес

3362

Полиция жәбірленушінің арызын дер кезінде тіркемеді.  

Прокурор мен банк менеджері зорлаған әйел жезөкше емес

Осыдан бір жыл бұрын Алматы қаласында прокурор мен банк менеджері топтасып, айуандықпен әйел зорлады. Қылмыстық іс 8 айдан астам уақыт тергелді. Осы уақыт аралығында жәбірленушіге неше түрлі қоқан-лоқы көрсетілді.  

Әйелдің ар-намысы мен абыройы аяқ асты болған оқиғаға қатысты қылмыстық іс таяуда Алматы қаласы Бостандық ауданының сотында қаралды. Сотқа дейін жәбірленушіге полиция қызметкерлері мен қылмыс жасағандардың туыстары қарсы әрекет етті. Бұл туралы Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Жанна Оразбахова айтты. 

"Былтыр 7 қарашадан 8 қарашаға қараған түні жәбірленуші банк менеджерінің үйінде соққыға жығылып, бірнеше рет зорланады. Жәбірленуші банк қызметкерімен бұрыннан таныс болған. Оның үйіне өз еркімен барған. Көңілінде ешқандай күдік болмаған. Дәл сол күні банк менеджері казиноға барып, ұтылып келген. Екінші күдікті бұрын Алматы қаласының прокуратурасында жұмыс істеген. Кейін Бостандық ауданының прокуратурасына ауысқан. Олар топтасып, әйелге білгендерін жасаған. Сараптама жәбірленушінің денесінен көптеген ісіктер мен қан тамырларының жарылғанын анықтады", – деді Жанна Оразбахова. 
Белгілі болғандай, зорланған әйел өзіне қиянат жасағандардан қашып құтылып, бірден полицияға шағымданған. Полиция оның шағымын сол күні емес, келесі күні тіркеген. Бұған күдіктінің прокурор болуы тікелей ықпал еткен. 

"Олар топтасып, жыныстық зорлық көрсетіп, мені аяусыз азаптады. Мен тірі қаламын ба, өлемін бе деген оймен арпалыстым", – дейді жыныстық зорлықтың құрбаны. 

Адвокаттың айтуынша, қылмыстық істе топтасып әйел зорлау фактісі дәлелденсе де, құқық қорғау жүйесіне сенімсіздік туып отыр. Себебі олар жәбірленушінің емес, жәбірлеушінің мүддесін қорғауға тырысуда. 

"Полиция қызметкерлері жәбірленушіні психологиялық тұрғыдан "сындырып" жәбірленушілерге қарсы әркет етуден бас тартуға итермелеген. Зорлық көрсеткендердің туыстары жапа шеккен әйелдің үйіне келіп, өзін кінәлаған. Арызыңды ал деп талап қойған. Әлеуметтік желілер арқылы жәбірленуші жезөкшелікпен айналысады деп жалған ақпарат таратқан. Осының барлығы зорланған әйелдің эмоционалды жағдайына кері әсер етіп, психотерапияға жүгінуге мәжбүрледі", – деді Жанна Оразбахова. 

Қоғам белсендісі Ақмаржан Көшербаева бас прокуратураның дерегі негізінде еліміздегі әйел зорлау фактілерін зерттеген. Қорытындысында жыл сайын 2 мыңнан астам әйелдің жыныстық зорлықтың құрбаны болатыны анықталған. 

"Жыныстық зорлыққа қатысты қылмыстық істердің 10% ғана сотқа жетеді. Бейресми мәлімет бойынша, еліміздегі әр оныншы әйел жыныстық зорлық сипатындағы қорлықтан зардап шегеді. Зорланған әйелдердің 20 % ғана құқытарын ашық қорғауға әзір. Қалған 80 % сотқа сенбейді, зорланғаны туралы айтуды ұят санайды, қоғам өздерін кінәлайды деп қорқады. Олар психологтардың, әлеуметтік қызметкерлердің назарынан тыс қалады. Сөйтіп жүрегіндегі жарасымен өмір сүре береді. Мұндай әйелдер және қоғам  жәбірленуші емес, жәбірлеуші кінәлі екенін түсінуге тиіс", – деді Ақмаржан Көшербаева.  

Қанат Махамбет
 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу