Прокурорлар тұрмысы төмен адамдардың арендалық баспанасына ортақтасқан

2392

Қызылорда облысының әкімдігі жыл аяғында дейін 6 млрд теңгені қалпына келтіруге міндеттелді. 

Прокурорлар тұрмысы төмен адамдардың арендалық баспанасына ортақтасқан

Қызылорда облысының әкімдігі 2017-2020 жылдар аралығында бюджет қаражатын пайдалану кезінде жалпы сомасы 7,3 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтарына жол беріп, 18,8 теңгені  тиімсіз жоспарлаған", деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Бұл туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің аудиторлық қорытындысында айтылған. Соның ішінде біздің назарымызға "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы тұрмысы төмен отбасыларға берілетін жалдамалы баспана тарату ісіндегі шикіліктер ілігіп отыр. 

"2021 жылғы 1 желтоқсанға дейін халықтың әлеуметтік осал топтарына жатпайтын 35 жеке тұлғаға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру бөлігінде "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шарттарының бұзылуын жою бойынша шара қабылдансын", – деп жазылған аудит қорытындысында.

Жалпы өңірде 2017-2020 жылдары "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспана беру жоспары асыра орындалған көрінеді. Алайда жоспарды асыра орындау асыра сілтеуге ұласқан сияқты.

"2018 және 2020 жылдары "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының шарттарын бұза отырып, "Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР Заңының 68-бабында айқындалған, халықтың әлеуметтік осал топтарына жатпайтын 35 жеке тұлғаға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй берілген", – деп жазады аудитті жүргізген мамандар.

Нақтырақ айтсақ, Сырдария ауданында прокуратура, әділет, бюджет саласы қызметкерлеріне 9 баспана, апаттық тұрғын үйде кезек күтіп жүрген адамдарға 8 баспана берілген. Ал Қазалы ауданында бюджеттік сала қызметкерлері 4 баспана, апаттық деп танылған тұрғын үйдің адамдарына 9 баспана, жеке тұрғын үйі бар адамдарға 5 баспана жеңіл шарттармен жалға ұсынылған.

Есеп комитетінің мамандары жол берілген кемшіліктерді реттеу бойынша Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігіне, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ұсынымдар берген.

Ал Қызылорда облысының әкімдігіне 1 қазанға дейін анықталған заңсыздықтарға жол берген адамдардың жауапкершілігін қарап, 1 желтоқсанға дейін 6,03 млрд теңге қалпына келтіру бойынша шара қабылдауды тапсырған.

Есеп комитетінің 5 өкілі дайындаған қорытындыда бюджет қаражатын пайдалануда жіберілген 50 кемшілік пен заңсыздық көрсетілген.

Оның ішінде жобалау-сметалық құжаттамасында инженерлік жабдықтың құнын сомасы 552,7 млн теңгеге негізсіз көтеру, орындалмаған жұмыс көлемі үшін сомасы 67,4 млн теңгеге ақы төлеу және "Қызылорда қаласының кәріз сорғы станцияларын реконструкциялау және жаңғырту" жобасы бойынша шарттың нақты бағасын сомасы 17,2 млн теңгеге негізсіз ұлғайту сияқты қайшылықтар бар.

Ал Шиелі ауданының Шиелі кентінде және Арал қаласында орталық аудандық ауруханалардың құрылысының сметалық құнын жалпы сомасы 270,7 млн теңгеге, сондай-ақ жолдарды орташа жөндеуді жалпы сомасы 43,3 млн теңгеге негізсіз көтерілген.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне 154,1 млн теңгеге негізсіз субсидия берілген.

Есеп комитетінің мәліметі бойынша, Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасы 2017 жылы "Экофарм" ЖШС жеке компаниясы берген жүкқұжаттар негізінде 1 952,7 млн теңге сомасына азаматтарды тегін қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттарды есептен шығарған. Тәртіп бойынша мұнша дәрі-дәрмек "Экофарм" ЖШС-не уақытша сақтауға және тасымалдауға ғана берілуі тиіс болған. Өйткені бұл дәрі-дәрмекті медициналық ұйымдарға үлестіру және дәріге мұқтаж адамдарға жеткізу Денсаулық сақтау басқармасының функциясына кіретін. Салдарынан миокард инфарктісі бар науқастар тромболитикалық препаратсыз қалған.

2017 жылы тағы да осы "Экофарм" ЖШС-не берілген дәрілік заттарды босату деректерінің арасында 562,7 млн теңгенің айырмашылығы анықталған.

2020 жылы "Ауыл – ел бесігі" жобасы шеңберінде тірек болып табылмайтын елдімекендерде 784,8 млн теңгеге 4 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілген. Шартты түрде бөлсек, әр нысанның жөндеуіне 121 млн теңгеден келген.

Денсаулық сақтау басқармасында 1,9 млрд теңгенің дәрілік препараттарды берілген рецептілер тізілімі және дәрілік заттарды салыстырып тексеру құжаттары жоқ.

Қызылорда қаласының құрылыс бөлімі конкурстық құжаттамада көзделген тұрғын үйді салу мерзімі бойынша техникалық өзіндік ерекшелік талаптарына сәйкес келмейтін 7 пәтер сатып алған.

Бухгалтерлік есепте жалпы сомасы 4,4 млрд  теңгеге 18 жоба бойынша объектілерді салуға және реконструкциялауға арналған шығындардың құнын көрсетудің дұрыстығы қамтамасыз етілмеген.

"Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы" АҚ алушысы тәуелсіз бағалаушы арқылы бағалауды акцияларға төлем түрінде берілген мүліктің бағасын 546,3 млн теңге сомасында негізсіз төмендеткен.

"Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде "Арал Сода" ЖШС-ға техникалық-экономикалық негіздемесі мен бизнес-жоспардың экономикалық сараптамасы болмаса да, 300 млн теңгеге "теміржол тұйығы" салынған.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу