ПТР-тест анықтамасыз оралғандар жанжал шығаруда

2457

Қазақстанға шетелден теріс нәтижелі COVID-тест анықтамасынсыз қайтатын азаматтар қатары көбеюде.  

ПТР-тест анықтамасыз оралғандар жанжал шығаруда

2020 жылғы желтоқсанда тәулік бойы орта есеппен 300 жолаушының анықтамасы болмай шықса, 2021 наурызда бұл кейбір күндері 700 адамнан асып кетеді. Мемлекет олардың бәрін бюджет есебінен карантинде ұстауға мәжбүр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Шетелден ПТР-тест анықтамасынсыз оралғандардың карантин шығынын туристік компанияларға жүктеу бастамасы да амалсыздан туған шараға ұқсайды. Дегенмен, бұл тетік енгізілгеннің өзінде мәселені шеше алмайды. Себебі өзге мемлекеттерге сапарлайтындардың үлкен бөлігі турфирмаларға жүгінбейді: студенттер, іссапарға барғандар, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтар, бірқатар саяхатшы билет пен қонақүйлерді өз бетінше брондайды.

Коронавирустан ада екенін растайтын анықтамасы жоқ жолаушыларды ұшаққа отырғызуға тыйым салынбаған. "Эйр Астана" дерегінше, Қазақстан ішінде сапарлау үшін ПТР анықтамасы талап етілмейді. Бұл тек шетелден келетіндерге қатысты.

"2020 жылғы 27 қазаннан бері Қазақстанға шетелден келетін жолаушыларда коронавирустың жоғын растайтын жарамды ПТР анықтамасы болуы керек. Егер шетел азаматы немесе Қазақстан аумағында тұруға ықтиярхаты бар адамның теріс нәтижесі бар ковид-сертификаты болмаса, ол ұшаққа кіргізілмейді. Ал Қазақстан азаматтарына Қазақстанға келмес бұрын сол елде тест тапсыруға кеңес береміз. Бұл барлық жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ вирустың Қазақстанға одан әрі таралуына жол бермейді. Теріс нәтижесі бар сертификат болған жағдайда Қазақстанға келген соң, міндетті карантиннен босатыласыз. Ал егер анықтамаңыз болмаса, ПТР-тестін тапсыру үшін 3 күндік карантинде болуыңызға тура келеді", – деді әуе тасымалдаушысы.

Дегенмен, қазақстандықтар қыдырып не іссапармен барған елінде тест тапсырудан бас тартады. Біріншіден, шетелде мұндай зерттеулер қымбат тұрады. Мысалы, Түркияда 30 еуродан (15 мың теңгеден) басталады. Дубайда әр адамға 130–240 дирхам (27 мың 360 теңге) төлеу қажет. Еуропа және өзге елдерде одан да жоғары. Ал Қазақстанда 6500 теңгеге жасатуға болады. Оның үстіне карантинге алынған жолаушылар тесттен тегін өтеді. Азаматтардың діттегені де осы.

Алайда елге анықтамасыз оралғандарды көптеген қиыншылық күтіп тұр. Соның бірі – COVID-19 сырқаттармен бірге жату. Қарағандылық Валерия Кириллова биылғы ақпан айында Ыстамбұлдан Нұр-Сұлтанға күйеуімен бірге ұшып келген. Елордадағы бұрынғы "Рамада Плаза" бесжұлдызды қонақүйінің орнында ашылған провизорлық орталықта 11 күнін өткізді.

"Біз Ыстамбұлда ПТР-тест тапсырмадық, оны елге қайтқан соң жасатуға ұйғардық. Менің тестім оң болып шықты. Мен алынған сынаманың дұрыстығына сенімсіздік білдіріп, өз есебімнен жаңа тест жасатуды сұрадым, бұған рұқсат етілмеді. Бұл мәселеде стационар көмектесе алатыны, сонда қайталама тестен өтетінім алға тартылды. Алайда қайталама тест жасалмады, оның орнына өкпемді КТ-ге түсірді. Түсірілім қорытындысында өкпенің 4% қабынғаны, "бұлдыр шыныға" ұқсап кеткені жазылды. 10 күннен кейін ғана қайталама тест тапсырдым, ол теріс нәтиже көрсетті", – дейді В.Кириллова.

Стационардан жазылып шыққанда дәрігерлер оның қолына дискіге жазылған КТ зерттеу қорытындысын ұстатыпты. Әйел оны жеке клиникаға тапсырып, тәуелсіз шешімін білмек болады. Жеке медұйым КВИ белгілері байқалатынын жеткізген. Әйткенмен, 21 күн өткеннен кейін тапсырылған иммуноглобулин бойынша қан талдауы оның ағзасында COVID-19 вирусы болмағанын көрсетіпті. Сондықтан жолаушы "сап-сау күйде 11 күн бойы аурулармен бірге жатқанына" қынжылады.

"Стационарда ковид-сырқаттармен бірге болдым. Тест қателігінен өміріме қауіп төнді. Сонда жатып, шынымен коронавирус жұқтырып алуым мүмкін еді", – деп қапаланады ол.

Алматылық Гүлнар Дауылбаева да ұқсас жағдайға душар болыпты.

"Таяуда Дубайдан оралдым. Дубайдан ұшарда әдейі ПТР-тест тапсырмадым, оны елге келген соң жасатқызған жөн деп шештім. Ұшақ ішінде бізге анкета таратты, онда тест тапсырудан бас тарту және жалған жеке деректерді жазу үшін жауапкершілік қарастырылғаны айтылған. Оған ЖСН мен паспорт деректеріме қоса, тұрғылықты мекенжайымды көрсеттім. Ұшақ Алматыға таңғы 4-те қонды. Өзімен бірге тест анықтамасы жоқ жолаушыларды оқшаулады. Қатарымыз 45 адамға жетті. Оқшаулаған соң бізге басқа нысандағы құжаттарды толтыруға берді. Сонымен бірге әлдебір кісі бізді аралап, өз журналына да жеке деректерімізді түсіріп алып жүрді", – деп баяндады ол. 

Жарты сағат өткенде, көлік те жетіп, барлық жолаушы полиция "жетегіндегі" 2 автобусқа тиеледі.

"Жолаушылар арасында балалар болды, түнгі ауа температурасы -15-ке дейін төмендеген. Автобус іші жылы емес. Осы жағдайда бізді Байтұрсынов көшесіндегі қонақүйге әкелді. Ескіре бастаған қонақүй екен, іші ластау, ыдыс-аяғы кір, орындықтары мен креслолары көнерген. Қандаласы бар шығар деп оған отыруға жирендік. Келген бойда бізге қонақүй бөлмелерінің кілттерін таратты. Тағы да әлдебір формаларды толтыртты. Қонақүйдің жертөлесінде ПТР-тест тапсыратын орынжай сайланыпты, бәрімізді соған жолдады. Жертөледе сынама алу үшін 4 дәрігер отыр екен. Олар да 3 түрлі нысандағы құжатты және журналды толтырды. Барлығын қолмен жазуда, компьютер ғасыры емес, тас ғасырындағы сияқты. Аянышты! Қаптаған бюрократия. Айналдырған бір дерегімізді сонша рет сұратудың қажеті қандай? Қаншама қаражат шығындалған онлайн жүйелері қайда?", – дейді Гүлнар.

Әдетте, ПТР әдісімен тестілеуге сынама алу бірер секундқа созылады. Бірақ қағаз толтыру кесірінен 45 адамнан сынама алуға 2,5 сағат жұмсалып, процедура таңғы 8-ге қарай бір-ақ аяқталған.

Жолаушылар күңгірт қонақүйдің күлімсі иіс жайлаған нөмірлеріне шағымданады. Бесжұлдызды қонақүйде карантинде жатқысы келеді.

"Шетелдегі тынығудан кейін антисанитариялық жағдайдағы лас бөлменің кір-қожалақ төсегінде жату азап екен. Сондай жиіркенішті. Біраз жолаушы тамаққа да қол тигізбеді: белгісіз бір ботқа, қуырылған жұмыртқа, нан, көкөніс, кесілген белгісіз бір маркадағы колбаса берді. Біз шыдамай, айғай-шу көтеріп, жанжал шығарып, таза суы бар диспенсер және пластикалық ыдыс-аяқ алғыздық. Өзіміз шай даярлап, іштік", – дейді жолаушы.

Айтқандай, кейде Ұлттық сараптама орталығынан ПТР-зерттеу нәтижелері кешігеді екен. Осындайда бірер сағатқа шыдам таныта алмаған карантиндегі жолаушылар сынама алған дәрігерлерге тап беріп, жер-жебіріне жететін, тест нәтижесін тезірек хабарлауды талап ететін көрінеді. Кейбір жағдайда кезекші дәрігерлерге қол жұмсаған "тентектер" де кездеседі деседі. Сөйтіп, екі ортада түн ұйқысын төрт бөліп, өз қызметін адал атқарып отырған ақ халаттылар зардап шегеді.

Айтқандай, Дубайдан анықтамасыз ұшып келген әлгі 45 жолаушы сол күні түскі 2-де үйлеріне қайтарылған. Бірақ соған дейін олар қонақүйдің жай-күйіне, ұсынылған тамаққа, әр нәрсеге шағымданып, Ұлттық сараптама орталығы, мемкірістер  секілді әр жерге қоңырау шалған. Тіпті денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға хат жазып үлгеріпті...

Әрине, мұның "емі" бар: барлық жолаушы ұшар алдында шетелде тестен өтіп, дайын анықтамамен келсе, мемлекетке қонақүйлерді карантиндік стационар ретінде жалдауға, осы істі ұйымдастыруға мол шығын шығаруға тура келмес еді. Одан қалды дәрігерлер де ұшақтардың ұшып келуін күтіп, түні бойы қарбалас жұмыс істеуге мәжбүр болмас еді. Қазіргі қиын шақта бюджеттік мүмкіндіктері үлкен емес: ескілеу қонақүйлерді жалдауы да содан болса керек.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу