Путинцева Стамбулдағы турнирдің жартылай финалына жолдама алды

1428

Қазақстандық теннисші әлемнің 41-ракеткасын айқын басымдықпен жеңді.

Путинцева Стамбулдағы турнирдің жартылай финалына жолдама алды

Әлемнің 51-ракеткасы, қазақстандық Юлия Путинцева жүлде қоры 250 мың АҚШ долларын құрайтын TEB BNP Paribas Tennis Championship Istanbul турнирінің ширек финалында әлемдік рейтингте 41-орында тұрған аустралиялық Айла Томляновичті 5:7, 6:2, 6:4 есебімен жеңді.

Екінші сетте Путинцева айқын басымдықпен алға шықты. Аустралиялық теннисші есеп айырмашылығын қысқартуға қанша тырысқанымен, қазақстандық теннисшіге жеңіске жетуге кедергі бола алмады – 6:2. Үшінші сетте Юлияға матчта жеңіске жету үшін бір ғана брейк жеткілікті болды.

Екі сағатқа созылған кездесуде Юлия допты ойынға қосу барысында бес рет қателесіп, бес брейк жасады. Ал қарсыластардың жеке кездесулерінің есебі Юлияның пайдасына 4:1 болды.

Бүгін Стамбулдағы орталық кортта жартылай финалда Путинцева елорда уақымен 18:00-де ресейлік Анастасия Потаповамен кездеседі.

Сонымен қатар Шымкентте жүлде қоры 15 мың долларды құрайтын ITF сериялы турнир өтуде. Онда жұптық сайыстар бойынша қазақстандық Жібек Құламбаева ресейлік Анастасия Сухотинамен бірге финалға шығып, жүлдеге бір қадам жақындады. Олар жартылай финалда Алена Фалей (Беларусь) / Мария Шолохова (Ресей) жұбын ұтты.

Кездесу тартысты өтіп, ақыры ойын тай-брейкке жалғасты. Онда қазақстандық-ресейлік дуэт мықтырақ болды. Бірақ, екінші сетте есеп теңесті - 2:2. Осыдан кейін фавориттер қайта күш жинап, қарсыластарынан айласын асырды. Құламбаева мен Сухотина бүгін, 23 сәуірде ресейліктер Ксения Зайцева/Екатерина Маклакова жұбымен бақ сынайды.
Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу