Путинді мазалаған бір сұрақ: Ресей Киевті алуға қайта әрекеттенуі керек пе?

1387

РФ президенті "соғыс тілшілерімен" кездесуде осы және өзге сұрақтарға жауап берді.

Путинді мазалаған бір сұрақ: Ресей Киевті алуға қайта әрекеттенуі керек пе? Фото: google.com

Путин бұдан былайғы мобилизация Ресейдің Украинадағы соғыста қандай нәтижеге қол жеткізгісі келетініне байланысты болатынын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Сондай-ақ Путиннің "Ресей Киевті қайтадан басып алуға әрекеттенуі керек пе" деген тек өзі ғана жауап бере алатын сұрақ тұр.

Путиннің Украинаға әскер жібергеніне 15 айдан асты. Қазір ресейлік және украиналық күштер ел астанасы Киевтен айтарлықтай қашықтықтағы 1000 шақырымдық майдан шебінде артиллериямен, танктермен және дрондармен соғысып жатыр.

"Соғыс" сөзін бірнеше рет қолданған Путин Батысқа бірнеше рет ескерту жасап, Ресейге шабуыл жасауға жол бермеу үшін Украинада "санитариялық аймақ" құру керектігін және Мәскеу Қара теңіз астық келісімінен бас тартуды қарастырып жатқанын атап өтті.

Путиннің пікірінше, Ресейге жалпыұлттық әскери жағдай жариялап қажет емес және Мәскеу "қызыл сызықтарды аттау" жағдайларына жауап беруді жалғастыра бермек. Путиннің өзге бір сөзінше, Америка Құрама Штаттарында көп адамдар Үшінші дүниежүзілік соғысты қаламайды, дегенмен Вашингтон мұндай шиеленістен қорықпайтындай кейіп танытқысы келеді.

Путиннің тағы бір мәлімдемесі Ресей армиясының бірнеше сағатта-ақ басып алуға әрекеттеніп, сәтсіздікке ұшыраған Киев туралы болды.

Фото: google.com

"Ол жаққа қайту керек пе, жоқ па? Бұл сұраққа мен ғана жауап бере аламын",– дейді Путин Кремльде 18 ресейлік "военкормен" және блогермен өткен сұхбатта.

Бірнеше сағатқа созылған бұл кездесу Ресей мемлекеттік телеарналарынан көрсетілді.

Ресей қарулы күштері былтыр Киев маңындағы ұрыста ойсырай жеңіліп, маңдайы тасқа соғылғаннан кейін Украинаның шығысы мен оңтүстігіне шегінді. Ол жерлерді Путин кейін Ресейдің бір бөлігі деп жариялады. Украина болса, әрбір ресейлік солдатты өз жерінен қуып шықпайынша, ешқашан тыныштық таппайтынын ескертіп келеді.

Өткен қыркүйекте Путин жартылай мобилизация жариялап, 300 мың резервисті соғысқа тартты. Бұл шешім жүздеген мың ресейлікті бұрынғы Кеңес Одағы республикаларына қашуға мәжбүр етті.

Мемлекеттік телеарнаның соғыс тілшісі Александр Сладковтың кезекті мобилизация туралы сұрағына Путин: "Бүгінгі күні мұндай қажеттілік жоқ", – деп жауап берді.

Тағы да мобилизация?

Дегенмен, Ресей лидерінің мобилизация мәселесіндегі  бұл жауабы әзірге нақты емес көрінді. Оның сөзінше, бәрі Мәскеудің қол жеткізгісі келетінін мақсаттарына байланысты. Сонымен қатар Путин кейбір қоғам қайраткерлерінің Ресейге 1 миллион, тіпті 2 миллион қосымша жауынгер керек деп ойлайтынын атап өтті.

"Бұл біздің нені қалайтынымызға байланысты", – дейді Путин.

Қазір Ресей Украина аумағының шамамен 18%-ын басып алып отыр. Алайда бұл соғыс бір кездердегі айбынды РФ қарулы күштерінің кемшіліктерін әшкерелеп, оны Киевтің жиырмадан бір бөлігін ғана құрайтын шығыстағы  шағын Бахмутта айларға созылған қалалық шайқаста орасан адам шығынына ұшыратты.

Сонымен қатар, Путиннің айтуынша, бұл қарулы қақтығыс Ресейде жоғары дәлдіктегі оқ-дәрілер мен күрделі байланыс құралдары тапшылығын көрсетіп берген.

Өзге бір мәлімдемесінде Путин Ресейдің "Новороссия" деп аталатын аймақтың "барлығына дерлік" бақылау орнатқанын айтып өтті. "Жаңа Ресей" империялық термині патшалық дәуірде Украинаның оңтүстігіне қатысты қолданылды. Оны қазір орыс ұлтшылдары да қолданып жүр.

Сонымен қатар, Путин Ресейдің Украинадағы бағыты өзгермейтінін айтты.

Оның сөзінше, Ресейдің Украинадағы болашақ жоспарлары Украинаның 4 маусымда басталған контршабуылдары аяқталғасын айқындалады.

Кремль басшысына сенсек, Украинаның бұл шабуылдары ешбір аймақта сәтті болмай тұр және Украина Ресеймен салыстырғанда 10 есе көп адам жоғалтқан.

Путиннің есебінше, Украина 160-тан астам танк пен шетелден жеткізілген әскери көліктердің 25-30 пайызынан айырылса,  Ресейдің 54 танкі ғана жойылған. Украина болса, қарсы шабуылдарда жеңіске жетіп жатқанын хабарлап отыр.

Путин 6 маусымда Украинаның АҚШ-тан жеткізілген HIMARS зымырандарымен Каховка ГЭС-і мен бөгетін әдейі жарғанын және бұл қадамның Киевтің қарсы шабуылдарына кедергі келтіргенін атап өтті. Бірақ Украинаның мәлімдеуінше, Ресей күштері соғыстың басында басып алған су бөгетін өзі қиратқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу