Путинге шағымданған ресейліктер Украинада қырылып қалды

2809

Шегінгісі келетін РФ әскерлері "бөгеуші жасақтардың" қанішерлігінен қорқатынын мәлімдеді. 

Путинге шағымданған ресейліктер Украинада қырылып қалды Фото: youtube.com

Рунет пен телеграм-арналарда Украинаның Угледар қаласының түбінде, Водяное селосында соғысып жатқан ресейлік "Шторм" отряды әскерилерінің көмек сұрап, РФ басшысы В.Путинге жолдаған видоүндеуі тарады. Олар өздерін "бомждарға" теңеді және айналасы мәйіттерге толып кеткенін жариялады.

Бейнежазбадағы еркектер өздерін 8-армияның 1-корпусының 5-бригадасының "Шторм" жасағының әскерилері деп таныстырды. Камера алдында әскери формадағы 20 шақты адам тұр. Кейбірі Z әрпі бейнеленген бас киім киіп алған. Олар "бірде бір рет көзге көрінбеген" басшылық өздерінің барлық құжатын алып қойып, Угледар түбіндегі окоптарға еш қамтамасыз етусіз тастап кеткеніне шағым айтты.

Арызданушылар Калининград оқу бөліміне қарайтындарын, бірақ қазіргі уақытта Украинаның Донецк облысындағы Водяное селосының жанында тұрғандарын хабарлады.

"Бұл Донецкідегі Водяное селосы. РФ ақпарат құралдары бізді мұнда табысты шабуыл жасап жатыр деп дәріптеуде. Шынында мүлдем олай емес. Мұнда адам шығыны өте көп. Біз тіпті мұнда жоқ сияқтымыз. Бұл жерде адамдар ешқандай құжаттарсыз, әлдебір бомж сияқты, мәйіттерге толы окоптарға тасталды", – деді ресейлік әскери қызметші.

Солдаттардың айтуынша, олар екі апта бойы қарсыластың артиллериялық және минометтік соққысының астында қалған.

"Басшылық бізді пулемет, миномет, танкктерге қарсы малша айдауда. Адам шығындары алапат. Тек бір жасақтан ғана 34 жауынгер жараланды, тағы 22 адам қаза тапты. Рота командирінің де жаны жаһаннамға кетті. Ту сыртымызда бөгеуші отрядтар тосқауылдап тұр. Олар бізді бекінісімізден кері шегіндірмейді. Бізді қамап тастады, ешқайда бастырмайды, осында отыруға тиіспіз. Әйтпесе бізді жойып жіберуге уәде етті. Бұған дейін алға шабуылдамасаңдар, бәріңді қырып саламыз деп қорқытты. Бәріне салғырт басшылардың қылмыстық істерін ел ішінде әңгімелемеуіміз үшін куәгер ретінде осында құртуға ниетті", – деп назаланады видеода ресейлік әскерилер.

Олар сондай-ақ майдандық госпитальге түскенде емдеу үшін пара беруге мәжбүр болғандарына шағымданды. Өйткені ақы төлемегендерді қабылдаудан бас тартқан және "алғы шепке кері жолдайтынын" жеткізіп, доқ көрсеткен. Госпитальдер жаралыларды үш күннен соң шығарып жіберетін болған, ары қарай оларды алғы шепке кері бағыттаған. Бейнежазбада жауынгерлердің әрқайсысынан 20 мың рубль пара жиналатыны да мәлімделді. 

Грузиялық OSINT (Open Source INTelligence немесе ашық дереккөздер бойынша барлау жасаушы) эксперттер бет-жүзді сәйкестендіру технологияларының көмегімен аталған видеодағы "сарнаушылардың" кім екенін анықтағанын мәлім етті. OSINT Georgia телеграм-арнасының дерегінше, арыз авторлары – қарапайым мобилизанттар емес, соғысу тәжірибесіне ие әскерилер. Атап айтқанда, бұған дейін 2000 жылдары Солтүстік Кавказдағы әскери қимылдарға қатысқан және 2014 жылы "ДНР" құру операциясын жүзеге асырған империяшыл идеяның жақтаушылары болып шықты.

Аналитиктер анықтағандай, видеодағылардың жартысы ресейліктер, қалғаны Донбастың бөлінуін жақтаған жергілікті сепаратистер. Көбісі Архангельск, Красноярск, Калининград өңірлерінен. Сөйлегеннің бірі – 47 жасар Калининград тұрғыны Николай Раков. Ол Калининград инженерлік әскерлердің жоғарғы инженерлік училищесін бітірген. Екіншісі де – Солтүстік Кавказдағы қарулы жанжалға қатысқан тісқаққан әскери, Архангельск тұрғыны, 39 жасар Сергей Молданов.

Сондықтан сарапшылар телеграм-арналарда кең тараған және бұларды "мобилизацияланғандар" деп таныстырған хабарларды жоққа шығарды. Соған қарағанда, мәжбүрлі түрде соғысқа аттандырылған жігіттер тұрмақ, енді тіпті империяны қайта қалпына келтіруге ынтыққан, соған өмірін арнаған идеяшыл еріктілер де қыңқылдай бастағанға ұқсайды.

Биылғы наурыздың басында РФ Белгород облысынан мобилизацияланғандар видеоүндеу жолдап, ұрыс салу тәжірибесі жоқ адамдарды еш дайындықсыз Украина әскерінің бекіністерін шабуылдауға жолдағанына наразылық білдірді.

Жалпы, ресейлік сарапшылар мұндай шағымдардан еш нәтиже шықпайтынына, керісінше, арыз айтқандар жоғарғы басшылықтың қаһарын туғызатынына назар аудартты. Мысалы, 1439 полктың жауынгерлері, Іркіт (Иркутск) өңірінен мобилизацияланғандар бірнеше рет видеоүндеу жолдап, құтқаруды өтінді, қолбасшылық тарапынан түсіп жатқан қоқанлоққыға қарсылық білдірді. Ақыр соңында олардың Авдеевка бекінісін шабуылдауға жолданып, сонда жаппай жер жастанғаны анықталды. Олар араша сұрап, Путинге үш рет қайырылған. Бұған қоса, олардың әйелдері де Мәскеуге, Бас әскери прокуратураға хат жазып, күйеулерін қайтаруды сұраған. Енді Мәскеудің солақай саясаты белгілі болды: "адам да жоқ, проблема да жоқ".

Ресейлік оппозициялық Novaya Gazeta Europe басылымы қазағы қалың тұратын Орынбор облысынан мобилизацияланған жігіттердің қандай құқай мен қиянат көріп жатқанын жазды. Оларды РФ армиясы сепаратистердің, "ДНР" халық милициясының қолына тапсырған. Бұлар өз кезегінде қарапайым автоматпен ғана қаруланған мобилизанттарды алдына салып, қарсыласына қарай айдаған.

Бейнежазбадағы жауынгерлер Украинадағы соғысқа жіберілетінін білмегендерін, себебі өздері бастапқыда туған өлкесін қорғайтын "тероборонада" қызмет етуге шақырылғанын алға тартады. Әрине, агрессор үшін бұл дәйек емес. Оның үстіне қорғанатындай Орынбор облысына ешбір жау басып кірмегені белгілі.

Содан оларды биылғы 19 қаңтарда әлем мойындамаған ДНР-ге жеткізіп, жергілікті халық милициясы деп аталатын заңсыз құрылымның қарауына беріпті. Олар, әскерилердің айтуынша, бұлардан шабуылдаушы бөлімшелер құрып, таяудағы украиналық бекіністерді басып алуға бағыттаған. Орынборлық мобилизанттар тек қорғанысқа даярланғандарын, сондықтан жақсы қорғалған бекіну аудандарын алу дағдылары жоқтығын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, орынборлықтар РФ артиллериясы, байланыс қызметі, барлау және саперлар тарапынан жеткілікті қолдау болмай тұрғанына шағымданды. Қолдау болса, бәлкім, Украина территориясын оккупациялау міндеттерін табысты орындай алар ма еді. Олар тіпті өздеріне сепаратистер жергілікті аумақтың картасын да бермей қойғанына қапаланды. Соның кесірінен оларға қараңғыда қарманған адамдай қимылдауға тура келіпті.

"Біз тұйыққа тірелген жағдайдамыз. Бізді мұнда шығыс материалдары деп қабылдайды. Қолбасшылықтың біздің өмірімізге түкіргені бар. Бүгінде жауынгерлердің көбісі өлді немесе жараланды. Біз айналамызда да не болып жатқанын білмейміз, майдандағы шынайы жағдай туралы ақпараттан хабардар етпейді", – деді видеодағы мобилизант. 

Осыған ұқсас мәлімдемелерден тұратын тағы бір роликті Орынбордан мобилизацияланғандардың тағдырына мазасызданған туысқандары, әйелдері де жазып, жариялады.

Осы үндеуден кейін, Орынбор облысының басшысы Денис Паслер видеода айтылған қорқынышты жайттардың байыбына баруды сұрап, әскери прокуратураға жүгінгенін мәлімдеді.Алайда жауынгерлер күткендей реакция болмады. Шағымданушылардың кейбірін басқа жасақтарға жіберіп, араларын ажыратқан. Солдаттар сауытты техникадан тұратын қалқансыз, мықты бекіністерді шабуылдауға ары қарай мәжбүр болған. Салдарынан ресейлік әлеуметтік желі "...ұлты қазақ. Украинадағы арнайы әскери операция кезінде қаза тапты" деген хабарларға толып барады.

Рунетті кернеп тұрған видеошағымдарда мобилизацияланғандар шабуылға шығудан бас тартқандарды жертөлеге қамайтын, азаптайтын, тіпті автоматтан атқызып тастайтын масқара тәжірибе кең таралғанын шошына хабарлады.

Сонымен бірге "ДНР" эвакуациялық топтары ұрыс даласынан шеврондарына, айырма белгілеріне қарап, тек өз жауынгерлерін ғана алып кететіні айтылды. Украина тарапы жариялап тұратын қолға түскен тұтқындар арасында былтырдан бері қамауда отырған қазақтар жетерлік екенін аңғаруға болады. Шыны қайсы екені белгісіз, бірақ украиналық ақпарат құралдары РФ тарапынан оларды айырбастауға (обмен) сұрау түспейтінін жазады. 

Жалпы, ресейлік сарапшылар да соғыста азшылық ұлттардың қырылуы проблемасы аса өткір тұрғанын мойындады. Мысалы, ресейлік оппозициялық "Idel.Реалии" порталы "На войне в Украине гибнут астраханские казахи" деп дабыл қақты.

"Астрахан облысында ресми мәлімет бойынша тұрғындар арасындағы қазақтардың үлесі небары 16% ғана. Сонымен бірге Украинадағы соғыста қаза тапқан өңір тұрғындарының 80%-ын қазақтар құрап отыр. Жалпы, Астрахан облысынан соғысқа негізінен қазақтар аттандырылуда. Астрахандық ауылдардан келіп жатқан үзік-үзік мәліметтерден Украинада опат болған астрахандықтардың саны ресми мәліметтерге қарағанда әлдеқайда көп екенін аңғаруға болады. Бұл ретте этникалық дисбаланс бірден көзге түседі: чаттардағы қаза тапқан жауынгерлер негізінен Володар ауданының тұрғындары болып шығады, ал бұл – тұрғындарының абсолютті көпшілігін қазақтар құрайтын Астрахан облысындағы жалғыз аумақ", – деп жазады "Idel.Реалии".

Кремль "орыс әлемін" құруы үшін қазақ диаспорасының шығынға ұшырауы ақылға сыймайтын дүние болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу