Путиннің 24 жылдық билігіндегі басты оқиғалар

1291

Владимир Путин 1999 жылдың соңында президенттік тізгінді өз қолына алды. Ол келесі жылы наурыздың 17-де сайлауға қайта түсіп, жеңіске жетіп, Ресейді кемінде 2030-ға дейін басқарудан үмітті.  

Путиннің 24 жылдық билігіндегі басты оқиғалар Фото: AP

Владимир Путиннің Ресей билігіндегі маңызды күндері:

31 желтоқсан, 1999 жыл – Халыққа күтпеген үндеуінде президент Борис Ельцин отставкаға кететінін жариялап, төрт ай бұрын өзі тағайындаған премьер-министр Путинді президенттің міндетін атқарушы етіп тағайындады.

2000 жылдың 7 мамыры – сайлауда 53% дауыс жинап, жеңіске жеткеннен кейін Путин ант беріп, өзінің алғашқы төрт жылдық мерзімін бастады.

2000 жылдың 11 мамыры – Салық полициясы Кремль туралы сыни хабарларымен танымал НТВ телеарнасының кеңселеріне рейд жүргізді. Бұл – Путин дәуіріндегі тәуелсіз БАҚ-қа жасалған алғашқы шабуыл еді.

2000 жылдың 12 тамызы – Бортында 118 адамы бар "Курск" сүңгуір қайығы Баренц теңізіне батып кетті. Сол дағдарыс кезінде демалыста жүрген Путин Батыстың көмек көрсету туралы ұсыныстарын бес күннен кейін қабылдап, алғаш рет жаппай сынға ұшырады.

2002 жылдың 23 қазаны – шешен содырлары Мәскеу театрында 850-ге жуық адамды кепілге алды. Үш күннен кейін ресейлік арнайы күштер дағдарысты тоқтату үшін театрға белгісіз газ жіберіп, содырлармен бірге кепілдіктегі адамдардың кемінде 130-ын өлтірді. Кейін Путин бұл операцияны жүздеген адамның өмірін сақтап қалды деп ақтап алуға тырысты.

25 қазан, 2003 жыл — Ресейдегі ең бай адам және Путинге әлеуетті қарсылас ретінде көрінген мұнай магнаты Михаил Ходорковский қамауға алынып, салық төлеуден жалтарды, алаяқтық жасады деген айыпппен 10 жылға сотталды. Оның мұнай компаниясы бөлшектеліп, көп бөлігін "Роснефть" мемлекеттік мұнай компаниясы сатып алды. Содан соң Ходорковский қуғында жүрген оппозиция қайраткеріне айналды.

2004 жылдың 14 наурызы – Путин екінші президенттік мерзімге сайланды.

2004 жылдың 1 қыркүйегі – Исламшыл содырлар оңтүстіктегі Беслан қаласындағы мектепті басып алды. Екі күнге созылған бейберекет жарылыстар мен атыс кезінде 300-ден астам адам қаза тапты. Путин аймақ басшыларын біліксіздік үшін айыптап, губернаторлардың сайланбай, тағайындалатынын мәлімдеді.

2005 жылдың 25 сәуірі – Путин Кеңес Одағының ыдырауын "ғасырдың ең үлкен геосаяси апаты" деп сипаттап, халықаралық бақылаушыларды алаңдатты.

2007 жылдың 10 ақпаны – Мюнхендегі конференцияда сөйлеген сөзінде Путин АҚШ-пен тығыз қарым-қатынасты дамытудың бұрынғы әрекеттерінен түбегейлі бас тартты.

2008 жылдың 8 мамыры – Конституция бойынша қатарынан үшінші мерзімге сайлануға тыйым салынғандықтан, Путин жаңа президент Дмитрий Медведевтің бұйрығымен премьер-министрлікке тағайындалып, бірақ іс жүзінде Ресейдің саяси лидері болып қала берді.

2008 жылғы 8-12 тамыз – Ресей Грузиямен қысқа соғыс жүргізіп, сепаратистік Абхазия мен Оңтүстік Осетия аймақтарын толық бақылауға алды.

2012 жылдың 4 наурызы – Путин жаңа президенттік мерзімге сайланды, ол өзі ұсынған конституциялық өзгерістерге сәйкес, Ресейді алты жыл басқаратын болды. Дауыс беру алдында және инаугурация қарсаңында ондаған мың адам шеруге шықты. Бұның нәтижесінде саяси наразылықтар үшін жазаны күшейту жөнінде заң қабылданды.

2013 жылдың 6 маусымы – Путин мемлекеттік телеарнадан мәлімдеме жасап, әйелі Людмила екеуі ажырасып жатқандарын хабарлады.

2014 жылдың 7 ақпаны – Путин Сочидегі Қысқы Олимпиада ойындарын ашты. Осынау қымбат турнирлерде Путин Ресей жеңіске жетуі үшін маңызды рөл ойнаған.

18 наурыз, 2014 жыл – Киевтегі наразылықтар нәтижесінде Украинаның Ресеймен дос президенті биліктен аластатылғаннан кейін, Кремль белгі тағылмаған жауынгерлерін жіберіп, Қырымды басып алды. Содан кейін бұл түбекте Украинадан бөліну жайлы жылдам референдум өтті.

2014 жылдың сәуірі – Украинаның шығысында Украина армиясы мен ресейшіл сепаратист көтерілісшілер арасындағы шайқас басталды.

2015 жылдың 27 ақпаны – Ресейдегі саяси оппозицияның жетекші қайраткері Борис Немцов Кремльдің жанындағы көпір үстінде атып өлтірілді. Сол кезде Немцов Украинаның шығысында соғысып жатқан ресейлік сарбаздар туралы репортаж әзірлеп жүрген.

2015 жылдың 30 қыркүйегі – Ресей Сирияда әуе шабуылдарын бастады, Путин мұны террористік топтарды жою үшін қажет деп атады. Бұл әскери жәрдем Сирия президенті Башар Асадтың билікте қалуына көмектесті.

2018 жылғы 15 мамыр – Путин Ресейден Қырымға дейін тартылған 18 шақырымдық көпірді ашып, Мәскеудің аннексиясын нықтай түсті. Кейіннен бұл көпір Украинамен соғыс кезінде шабуылдардың нысанасына айналды.

2018 жылғы 16 шілде – Путин мен президент Дональд Трамп Хельсинкидегі саммитте кездеседі. Сонда Кремль басшысы Ресей 2016 жылы АҚШ-та өткен сайлауға араласты деген мәліметті жоққа шығарды.

2020 жылдың 1 шілдесі – референдум Путин ұсынған конституциялық өзгерістерді мақұлдады. Бұл реформа оған 2024 жылдан бастап тағы екі мерзімге сайлауға түсуге мүмкіндік берді.

20 тамыз, 2020 жыл – Оппозиция жетекшісі Алексей Навальный Сібірде Путинге саяси қарсылық ұйымдастыру кезінде қатты науқастанып, Германияға жеткізілді. Неміс дәрігерлері оған жүйке агентінен улану диагнозын қойды. Кремль мұны жоққа шығарды.

2020 жылғы 22 желтоқсан – Путин бұрынғы президенттерге өмір бойы иммунитет беретін заңға қол қойды.

2021 жылдың 17 қаңтары – Навальный Германиядан қайтып келе жатқанда Мәскеу әуежайында қамауға алынды. Кейін ол бірнеше бап бойынша айыпталып, 19 жылға бас бостандығынан айырылды.

2021 жылдың шілдесі – Путин Ресей мен Украинаның "тарихи бірлігі" туралы мақаласын жариялады. Бұл – Мәскеудің көрші елге әскер кіргізуіне идеологиялық алғышарт іспеттес.

2022 жылғы 24 ақпан – Ресей Украинаға басып кірді. Бұл әрекетін Путин Ресейдің қауіпсіздігі үшін қажет "арнайы әскери операция" деп сипаттап келеді.

2022 жылдың 4 наурызы – Путин әскерилер туралы жалған немесе олардың ар-намысына тиетін ақпарат таратқаны үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы заңға қол қойды.

2023 жылдың 18 наурызы – Халықаралық қылмыстық сот Путинді украиналық балаларды Ресейге заңсыз депортациялады және тасымалдады деп айыптап, оны әскери қылмыскер ретінде тұтқындауға ордер берді.

2023 жылдың 23 маусымы – РФ қорғаныс министрлігін Украинадағы жауынгерлерге оқ-дәрі бермеді, қолдау көрсетпеді деп айыптаған жалдамалы күштердің жетекшісі Евгений Пригожин көтеріліске шығып, өз жасақтарымен Ресейдің оңтүстік әскери штабын бақылауға алып, Мәскеуге қарай бет алды. Бұл тайталас келесі күні аяқталды. Бірақ Путиннің биліктегі беделіне нұқсан келтірілді. Пригожин көтерілістен кейін тура екі ай өткенде жұмбақ жағдайда ұшақ апатынан қаза тапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу