Путиннің цифрлық сарбаздары: блогерлер Ресейдің әскери машинасының насихатшысы мен сыншысына қалай айналды?

1719

Татарскийдің өлімінен кейін Мәскеуге жақтас "военкорлардың" қызметіне назар аударыла бастады. Бұл топ мемлекеттік медиа шектелгендіктен, ақпараттық кеңістікте елеулі ойыншыларға айналып келеді. 

Путиннің цифрлық сарбаздары: блогерлер Ресейдің әскери машинасының насихатшысы мен сыншысына қалай айналды? Фото: avatars.dzeninfra.ru

Владлен Татарскийдің өлімі басқыншылықты жақтайтын ресейлік әскери блогерлердің бұлыңғыр әлеміне және олардың Мәскеудің үгіт-насихат машинасында атқаратын рөліне назар аудартып отыр.

Татарский жексенбі күні Петербургтегі дәмханада соғысты жақтаушылар тобының қонағы болған сәтте жойқын жарылыстан қаза тапты. Ол Украинаға қарсы соғыс пен "Вагнер" жалдамалы тобының басшысы Евгений Пригожинді қолдаумен, сонымен қатар, Мәскеудің ұрыс даласындағы сәтсіздіктерін анда-санда, бірақ қатал сынаумен көпке танылды.

Татарскийдің Telegram арнасында 500 мыңнан астам жазылушысы бар және де ол "milblogger" немесе әскери блогерлер арасында өз үнімен әйгіленсе де, бұл ортада марқұм жалғыз ғана ықпалды адам емес еді.

Ресей 2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кіргеннен кейін, көп ұзамай тәуелсіз ақпарат құралдарының соңғыларын жапты. Ал, Ресейдің мемлекеттік медиасында қақтығыс туралы кез келген хабар Кремльдің қатаң сүзгісінен өтеді. Шетелдік БАҚ болса, бұғатталып, оппозициялық журналистердің көпшілігі не түрмеде отыр, не елден тыс жерде жүр.

"Соғыс тілшілері" атанған Татарский сияқты кремльшіл комментаторлар осы ақпарат вакуумын ішінара толтырды деуге болады.

"Бүгінде Ресейдегі әскери блогерлер өте бұлыңғыр, бірақ соған қарамастан олар қызмет көрсетіп келеді. Шын мәнінде майданда не болып жатқанын бақылап отырған адамдар - осылар", - дейді Жаңа Америка қорының Future Frontlines бағдарламасының директоры Кэндис Рондо CNN-ге берген сұхбатында.

Көптеген ресейлік әскери блогерлер мемлекет қарулы күштерінде, "Вагнер" тобында немесе Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер арасында ақпарат алатын үлкен мүмкіндікке ие. Татарскийдің өзі Украинада туған және Донбасста тіпті ресейшіл сепаратистермен соғысқан, кейін "Вагнермен" тығыз байланыста болған. Қылмыстан да кенде емес тәрізді: Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша және өзінің мойындауынша, Татарский банк тонағаны үшін түрмеде отырды.

"Әрине, бұл блогерлер соғысқа бейтарап көзқараспен қарайды. Олар кем дегенде бір жақта не болып жатқанын түсіну үшін өте маңызды", - дейді Рондо.

АҚШ-тағы Атлантикалық кеңестің сандық криминалистік зерттеулер зертханасының тұрақты ғылыми қызметкері Руслан Традтың сөзінше, блогерлер қауымдастығы біріккен, бірақ олар Ресей қорғаныс министрлігімен және басқа да қауіпсіздік агенттіктерімен жиі байланыста болады.

"Бұл адамдар бірін-бірі таниды, кейде бір бағытта саяхаттайды, сөйлеседі және жабық жүйеге ие. Ал, Татарский бұл қауымда маңызды орынға ие болды", - дейді америкалық зерттеуші.

Әсіре ұлтшылдардан шыққан

Көптеген блогерлер, соның ішінде Татарский, Ресей мен "Вагнердің" Таяу Шығыс пен Африкадағы әскери операциялары мен 2014 жылы Донбасста басталған қарулы қақтығыстарды көпке жариялаумен жылдар бойы айналысты. Сонымен қатар, бұл "военкорлар" Украинаға қарсы соғысты қолдауды күшейтуге көп көмектескен.

"Олар жылдар бойы Ресейдің оңшыл элементтері арасында соғысты жақтап, Батыс пен Украинаға қарсы үгіт-насихат жүргізіп келеді. Бұған қоса, олар көбінесе "Вагнер" тобының бренді мен ресейлік соғыс әдісін жұртқа танымал етті ", - дейді Рондо тағы бір сөзінде.

Блогерлердің ықпалы өткен жылы Путиннің әскері Украинаға жаппай басып кіргеннен кейін және Ресейде Twitter, Instagram сияқты батыстық әлеуметтік медиа платформалар шектелген соң өсті.

"Олардың барлығы Telegram-ға бірігіп кіре бастады, ал былтыр сәуір-мамыр айларында Ресей әскерінің Украинада сәтсіздіктері басталғанда, бұл блогерлердің контентіне қызығушылық күшейді", - дейді Вашингтонда орналасқан Соғысты зерттеу институтының ресейлік сарапшысы Катерина Степаненко CNN телеарнасына берген комментарийінде.

Ресей бұрын Telegram-ды да бұғаттауға тырысты. Бірақ бұл желінің негізін қалаушылар  ФСБ-ға шифрлау кілттерін беруден бас тартқандықтан, Мәскеудің ол әрекеті іске аспады.

Осынау Telegram арналарындағы ең танымал блогтардың көпшілігі әсіре ұлтшыл қозғалыстардан бастау алады. Бұлар таратып жатқан идеялар міндетті түрде жаңа емес, бірақ олар қазіргі технологияның арқасында көпшілікке жетіп жатыр.

Традтың айтуынша, бұл блогерлердің аудиториясының едәуір бөлігі - әсіре оңшылдардың жақтастары, ұлтшылдар, пұтқа табынушылар және экстремисттік көзқарастағы православтық христиандар.

Сын айтуға ерікті

Ресейдің мемлекеттік БАҚ-тарынан айырмашылығы сол, ең ықпалды әскери блогерлер Мәскеуді ұрыс даласындағы жеңілістері, соның ішінде Херсоннан әскер әкету, Бахмут үшін шайқастың тым ұзаққа созылуы тәрізді оқиғалар үшін сынаудан тартынбады.

Степаненконың айтуынша, былтыр мамырда Ресей армиясы Украинаның шығысындағы Сиверский Донец өзенінен сәтсіз өтіп, оның шабуылдары тежелгеннен кейін блогерлердің ықпалы күшейе түскен.

"Ресей Қорғаныс министрлігі мұны мойындамады, ал ұлтшылдық пен ресейліктер қатысқан қақтығыстар туралы жазумен шектелген блогерлер, кенеттен ақпарат көзіне айналды", - дейді ол.

Ресей Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова жексенбі күні мәлімдегендей, Татарский мен басқа да әскери блогерлердің арқасында "әлем шынайы және жедел кадрларды көріп, Украинада болып жатқан оқиғалар туралы ақпаратты" біле алған.

Дегенмен, Ресей билігі Украинадағы ресейлік жауынгерлер жасаған зорлық-зомбылық туралы хабарлағандарды қатаң жазаға тартып отырады.

Желтоқсанда оппозиция белсендісі және Кремль сыншысы Илья Яшин Бучадағы қырғындар жайын жазған соң Ресей армиясы туралы "жалған ақпарат" таратты деген айыппен сегіз жарым жылға түрмеге жабылды. Мария Пономаренко есімді тағы бір журналист Telegram желісінде Ресей әуе күштерінің Мариуполь театрын қиратып, жүздеген адамды өлтіргенін хабарлағаны үшін алты жылға сотталып кетті. Мәскеу болса, бұл қырғындарды мойнына алмай келеді.

Степаненконың айтуынша, Татарский сияқты блогерлер Ресейдің әскери әрекеттерін жиі сынағанымен, олар - соғысты ең сенімді жақтаушылары қатарында.

"Олардың идеологиялық санасы өте күшті. Ресейді жеңіске жеткен мемлекет ретінде көргісі келеді. Мақсаттары -  Украинаны жеңіп, оны түгел жаулап алып, тіпті НАТО-мен соғысу", - дейді Степаненко.

Соғысқа шақыру

Блогерлер, сонымен қатар, соғысқа материалдық қолдау көрсетуде де маңызды рөл атқарды. Степаненконың сөзінше, олар Сирия мен Африкада Ресей мен "Вагнердің" әскери операциялары үшін жауынгерлер жалдаумен жылдар бойы айналысқан.

"Қазір Путин мобилизацияның екінші толқынын жариялауға бармай отыр.  Ал, блогерлер Кремль басшысының соғысқа адам тарту әрекеттерін жарнамалап жатыр", - дейді Степаненко.

Рондоның айтуынша, әсіре ұлтшылдар кеңістігіндегі көптеген блогерлер Ресейдің кейбір ең бай адамдарының қолдауына ие, бұл оларды одан сайын күшті етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу