Путиннің денсаулығы жайлы қауесет көп, дәлел аз

2476

Ресей президентінің науқастығы туралы хабар-ошарларды жексенбі күні сыртқы істер министрі жоққа шығаруға мәжбүр болды.

Путиннің денсаулығы жайлы қауесет көп, дәлел аз

Кейбір бақылаушылар Президент Владимир Путиннің денсаулығының нашарлағанын бейнежазбалардан көруге болады десе, ендігі біреулер бұл турасында армандамауға кеңес береді.

Сыбыс пен қауесет кең тарап жатыр. Владимир Путин қатерлі ісікке шалдықты немесе Паркинсон ауруынан жапа шегіп жүр. Ресей лидері төңкеріс әрекетінен аман қалды немесе кейбір таблоидтер айтқандай, ол тіпті өліп қалса керек және Путиннің рөлін "двойнигі" ойнап жүрген тәрізді.

Бүгінде Путиннің көмекшілерімен кездескен сәттегі фотосуреттері егжей-тегжейлі тексерілетін болды. Ол сәуір айының соңында Қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездескенде үстелді құшақтап алғандай көрінді. Ал наурызда Британияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Лорд Оуэн мәлімдегендей, оның ісінген беті стероидты қолданудың белгісі секілді.

Ресейдің Украинадағы "арнайы операциясы" төртінші айға ұласқан шақта, Ресей президенті науқас деген хабар-ошарларды Путиннің сыншылары ойлап табуы мүмкін. Олар тіпті Путин Украинаға жосықсыз шабуылы үшін құдайдың қаһарына ұшырады немесе сарай төңкерісіне душар болды деген теорияларды да қабылдауға дайын .

Жексенбі күні РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Путиннің ауырып жатқаны немесе қайтқаны жайлы болжамды жоққа шығарып, Ресейдің Украинаға шабуылын қорғауды әрі қарай жалғастырды.

"Президент Владимир Путин күн сайын жұртшылық алдына шығады. Сіз оны телеэкраннан тамашалап, жасаған мәлімдемелерін тыңдай аласыз. Менің ойымша, есі дұрыс адам оның жүзінен қандай да бір аурудың немесе денсаулықтың нашарлағанының белгілерін көре алмайды", – деді Лавров француз телеарнасына берген сұхбатында.

Дүйсенбі күні Путин Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен сөйлесіп, Қауіпсіздік кеңесінің отырысына төрағалық етті. Екі кездесу де қашықтан өтті, өйткені Кремль басшысы өзінің коронавирустық оқшаулануын әлі жалғастырып келеді. Кейінгі кездері байқалғандай, Путинмен кездескен, бірақ карантиннен өтпеген көмекшілері мен әлем елдерінің лидерлері президенттен бірнеше метр қашықтықтағы ұзын үстелге отыруға мәжбүр.

Өткен аптада Украина әскери барлау қызметінің басшысы Кирилл Буданов та Путиннің ауыр науқас екенін және жақында төңкеріс әрекетінен аман қалғанына сенетінін айтып, оған Кавказ аймағынан шабуыл жасамақ болғандар бар екенін атап өтті.

"Оның бірнеше ауруы бар, солардың бірі – қатерлі ісік. Бірақ Путин ертең өледі деп үміттенудің қажеті жоқ. Төңкеріс ақыр соңында Ресей Федерациясы басшылығының өзгеруіне алып әкеледі. Бұл процесс қазірдің өзінде іске қосылды", – дейді Буданов "Украинская правда" басылымына берген сұхбатында.

Бұрынғы кеңестік барлаушы Путинде Паркинсон ауруы бар десе, New Lines журналы бір олигархтың Путиннің "қан рагымен ауыратыны" жайлы айтқан жазбасын қолға түсіргенін мәлімдеді. Алайда бұл мәліметтердің ешқайсысы расталған жоқ.

"Проект" тергеу веб-сайтындағы бір хабарда Путиннің қалқанша безі қатерлі ісігі немесе басқа ауруы бар екені айтылған.

Бұл мәліметтер Путиннің онкологқа және екі отоларингологқа үнемі көрініп тұратыны жайлы құжаттарға негізделген. Дегенмен ресми Мәскеу Ресей басшысының денсаулығы жақсы екенін айтып, Путиннің ауырғаны туралы ақпаратты мүлде растамай отыр. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай хабарларды "ойдан шығарылған және жалған" деп сипаттап келеді.

Путиннің науқастанғаны немесе жараланғаны туралы қауесеттер жиырма жылдан бері таралып келеді. Белгілі бір дәрежеде бұған Кремльдің өзі де кінәлі. Өйткені ол Путиннің денсаулығы мен қайда жүргені жөніндегі ақпаратты жіті бақылауда ұстайды.

Билікке қол жеткізгеннен бері Путин алкогольдік ішімдікке әуестігімен көзге түскен Борис Ельцинмен салыстырғанда белсенді спортшы ретіндегі имиджін қалыптастыра білді.

Украинада әскери жанжал басталғалы Путиннің денесі ауырлап, арқасында проблемалар болуы мүмкін деген хабарлар тарай бастады. Біреулер ол ел алдына шыққанда корсет немесе қандай да бір сауыт киеді дейді.

Бұндай қауесеттер Путин сәуірдің соңында Шойгумен кездескенде денесі құрысып қалғандай көрінгесін тарап отыр. Ресей лидері қазан айында 70 жасқа толады. Сондықтан қартайған сайын оның денсаулығына назар күшеймесе, кемімек емес.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу