Путиннің ойлағаны не? Ядролық сарапшылар бұл сауалға жауап таппай отыр

2513

Ресей армиясы Украинада жеңілсе, Кремль атомдық арсеналға жүгінуі мүмкін. Ал АҚШ пен НАТО оқиға дәл осылай өрбитін болса, Мәскеуді жауапсыз қалдырмайтынын ескертіп отыр. 

Путиннің ойлағаны не? Ядролық сарапшылар бұл сауалға жауап таппай отыр

Әлемдегі ең ірі ядролық державаның жетекшісі Президент Владимир Путин Ресейге жасалған кез-келген шабуыл ядролық реакция тудыруы мүмкін екенін бірнеше рет ескертті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Путин жаппай қырып-жоятын арсеналды қолдана ма және онда қанша атомдық қару бар? Ал АҚШ пен Вашингтон бастаған НАТО әскери альянсы Ресейдің ядролық шабуылына қалай жауап беруі мүмкін?

Путин ядролық қару қолдануы мүмкін бе?

Бұл жерде көп нәрсе Путиннің Ресей мемлекеті мен оның билігіне төнетін қауіпті қалай қабылдайтынына байланысты.

Путин Украинадағы соғысты Ресей мен Батыс арасындағы тіршілік үшін шайқас деп санайды.

Оның айтуынша, АҚШ пен оның одақтастары Ресейді жойып, оның орасан зор табиғи ресурстарын бақылауға алғысы келеді.

Путин Батысқа Ресейді қорғау үшін ядролық қару қолдануға дайын екенін ескертуі "қоқан-лоққы" еместігін мәлімдеді. Кейбір сарапшылар болса, Путин "сандырақтап" отыр деп есептейді. Ал Вашингтон Путиннің атомдық арсенал жайлы сөзін жеңіл-желпі қабылдамайтынын атап өтті.

Украина жерінің 18%-ын РФ-ның бөлігі деп мәлімдеу арқылы Мәскеу ядролық қауіпті кеңейтті. Өйткені Путин жауланған облыстарға жасалған кез-келген шабуылды енді Ресейдің өзіне жасалған шабуыл деп қабылдамақ.

Путиннің ядролық доктринасы бойынша, "Ресей Федерациясына кәдімгі қарумен жасалған агрессиядан мемлекеттің өмір сүруіне қауіп төнген жағдайда" ядролық соққыға жол берілуі керек. 

Айта кету керек, Ресей аннексиялаған Украина аумағында орыстар да көп тұрады.

"Ол қазір қоқан-лоққы көрсетіп отыр. Алайда Путин бір аптадан немесе бір айдан кейін Ресейдің соғыста жеңілгенін түсінгенде не болатынын айту қиын", – дейді Прагада тұратын әскери сарапшы Юрий Федоров Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

"Путин ядролық шабуылға бет бұрып жатыр ма?", – деген сұрақ ЦРУ-дың  директоры Уильям Бернсқа да қойылды.

"Біз қауіп төніп тұрған барлық жағдайды ескере отырып, бұл қоқан-лоққыға жеңіл қарамауымыз керек", – дейді Бернс жақында Американың CBS телернасының тілшісімен болған әңгімеде.

Бернстің сөзінше, Путиннің жақын арада тактикалық ядролық қару қолдануға көшетініне америкалық барлаушылар "практикалық дәлелдер" таппаған.

Қандай ядролық қару қолданылуы мүмкін? 

Бір де бір ресейлік шенеунік АҚШ, Ресей, Еуропа және Азия қалаларын жоюға арналған стратегиялық ядролық қарумен соққы жасауға шақырған жоқ.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Мәскеу Украинада қуаты төмен тактикалық ядролық қару қолдану мүмкіндігін қарастыруы керек деген пікірде.

Осындай шақта Путин стратегиялық тежеу ​​күштерінің оқу-жаттығулары аясында баллистикалық зымырандарды ұшыру сынақтарының басталғанын жариялады.

Тактикалық ядролық қару – бұл ұрыс даласында "тактикалық" мақсатта қолданылатын атомдық арсенал. Оның қуаты Мәскеу, Вашингтон немесе Лондон сияқты ірі қалаларды жоюға арналған үлкен бомбалардан әлдеқайда төмен.

Мұндай қаруды ұшақтардан тастауға немесе жерден, кемелерден, сүңгуір қайықтардан зымырандарға салып атуға және құрлық әскерінің күшімен жаруға болады.

Ресейдің осындай ақырзаман майданда соғысуға әдейі мамандандырылған ядролық күштері бар. Бірақ елдің тұрақты әскері, жалдамалы жауынгерлері, мобилизацияланған резервистері мен жергілікті жасақтардан тұратын армиясы ядролық ұрыста қалай шайқасатыны әзірге белгісіз.

АҚШ не істей алады?

Үстем жаһандық супердержава ретінде Америка Құрама Штаттары Ресейдің кез-келген ядролық соққысына жауап беруді шешеді.

Бүгінде Ресей мен АҚШ әлемдегі ядролық оқтұмсықтардың 90%-ын иеленіп отыр. Олардың арсеналдары қырғи-қабақ соғыс кезінде жинақталған, ал Кеңес Одағы өзінің ядролық активтерін қазіргі Ресейге мұра етіп қалдырды.

Путин атомдық қаруға жүгінген жағдайда, АҚШ Президенті Джо Байденде бірнеше таңдау болады. Әскери емес жауап қайтару, шиеленіс қаупін туындататын ядролық соққымен жауап беру және Вашингтон мен Мәскеуді тікелей соғысқа ұрындыруы мүмкін әдеттегі қаруды қолдану.

АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливанның айтуынша, Вашингтон Мәскеуге ядролық қару қолданған жағдайда, мұндай шабуылдың "апатты зардаптары" болатынын нақты ескерткен.

Отставкадағы генерал және Құрама Штаттардың Орталық барлау басқармасының бұрынғы басшысы Дэвид Петреустің сөзінше, егер Мәскеу ядролық қару қолданса, АҚШ пен оның НАТО-дағы одақтастары Украинадағы ресейлік әскерлер мен техниканы жойып, орыстың Қара теңіздегі флотын түгелдей суға батырады.

Путин Вашингтонға осы уақытқа дейін АҚШ қана ядролық қаруды шайқаста – 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына жасалған шабуылда қолданғанын еске салды.

Қай елде ядролық қаруы көп?

Америка ғалымдар федерациясының мәліметі бойынша, Ресей – ядролық оқтұмсықтар саны бойынша әлемдегі ең ірі держава. Оның 5 977 оқтұмсығы бар, ал Америка Құрама Штаттарындағы мұндай снарядтардың саны – 5 428.

Бұл сандарға қоймаларға жиналып қалған және қару-жарақтар қатарынан алынып тасталған оқтұмсықтар бірдей кіреді. Алайда соған қарамастан, Мәскеуде де, Вашингтонда да әлемді бірнеше рет жойып жіберуге жеткілікті арсенал бар.

Көпшілікке жарияланған мәліметтерге сәйкес, Ресейде атуға дайын 1 458 стратегиялық ядролық оқтұмсық бар, ал АҚШ мұндай бомбаның 1 389 данасына ие екен. Бұл оқтұмсықтар құрлықаралық баллистикалық зымырандарға, баллистикалық зымырандарға, суасты қайықтарына және стратегиялық бомбалаушы ұшақтарға орналастырылған.

Тактикалық ядролық қаруға келсек, оның саны Ресейде АҚШ-пен салыстырғанда шамамен 10 есеге көп. АҚШ-тың 200 тактикалық ядролық қаруының жартысы Еуропадағы базаларға шоғырландырылған.

АҚШ-тың тактикалық ядролық қаруы реттелетін қуатқа ие. 0,3-тен 170 килотоннаға дейін (Хиросимаға тасталған атом бомбасының күні шамамен 15 килотонналық динамитке тең болды). Ал Ресей өзінің тактикалық ядролық қаруы мен оның мүмкіндіктері жайлы мәлімет жарияламай келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу