Путиннің "Вагнер" басшылығына ұсынған адамы жайлы не білеміз?

1554

Ал Пригожин сәтсіз көтерілістен кейін көпшілік назарынан ғайып болды. Байден болса, оның уланғаны жайлы қалжың айтқан.

Путиннің "Вагнер" басшылығына ұсынған адамы жайлы не білеміз? Фото: Ашық дерек көздерінен

Ресей Президенті Владимир Путин "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының басшылығына Андрей Трошев есімді адамды ұсынды.

"Коммерсант" газетіне берген түсініктемесіне қарағанда, Путин осылайша өткен айдағы сәтсіз бүліктен кейін "Вагнер" жалдамалы тобының жетекші жауынгерлері мен оның лидері Евгений Пригожиннің арасына жік салған тәрізді.

Аталған басылым маусымның аяғында, яғни, "Вагнердің" көтерілісінен кейін бес күн өткенде, Ресей президентінің Пригожинмен және оның ондаған жоғары лауазымды сарбазымен кездескенін хабарлады.

"Коммерсанттың" дерегінше, Путин сол жиында "вагнерліктерге" жаңа жұмыс ретінде осы ұйымның өзге бір командирі - "Седойдың" қол астында соғысуды жалғастыруды ұсынған.

"Олардың барлығы бір жерге жиналып, қызметтерін жалғастыра алар еді. Демек, ештеңе өзгермейді. Оларды бұрыннан нағыз қолбасшы болған адам әрі қарай басқаратын еді", - дейді Путин.

"Коммерсант" тілшісі "Ал содан кейін не болды?" деген сауал қойғанда, Путин "Мен мұны айтқанда, көптеген адамдар сөзімді қолдап, бастарын изеді", деп жауап берген.

Андрей Трошев деген кім?

Еуропалық Одақ пен Франция жариялаған санкциялық құжаттарға жүгінсек, "Седой" - отставкадағы ресейлік полковник және "Вагнер" тобының негізін қалаушылардың бірі әрі атқарушы директоры Андрей Трошевтың лақап аты.

Трошев Ленинград қаласында 1953 жылы сәуірде дүниеге келген екен.

"Андрей Трошев "Вагнер" тобының Сириядағы әскери операцияларына тікелей қатысып, әсіресе Дейр-эз-Зор аймағындағы операцияларға тартылды. Осылайша, ол Башар Асадтың соғыстағы әрекеттеріне маңызды үлес қосып, Сирия режимін қолдап, одан пайда көрді", - деп жазылған ЕО-ның санкциялық құжатында.

Сонымен қатар Біріккен Корольдіктің 2022 жылғы маусымдағы санкцияларында да "Андрей Николаевич Трошев "Вагнер" тобының бас атқарушы директоры ретінде сипатталып, Сирия режимін қолдап, бейбіт халықты қуғын-сүргінге ұшыратқаны" айтылған.

Трошевтің серіктестері арасында "Вагнердің" негізін қалаушы Дмитрий Уткин де бар. Уткин - Ресейдің GRU әскери барлау қызметінің бұрынғы офицері. Бұған қоса, Трошев "Вагнер" тобының командирлері Александр Кузнецовпен және Андрей Богатовпен сыбайлас болған.

Ресейдің "Фонтанка" интернет-басылымының хабарлауынша, "Седой" - Ресей ІІМ Солтүстік-Батыс федералдық округінің жедел әрекет ету арнайы жасағының бұрынғы қызметкері. Және де Трошев - Шешенстан мен Ауғанстан соғыстарының ардагері.

Ауғанстандағы қызметі үшін Трошев екі рет "Қызыл жұлдыз" орденімен марапатталыпты. Ал Шешенстандағы әскери қызметі үшін ол "Ерлік" орденін және 2-ші дәрежелі "Отанға сіңірген еңбегі үшін" медалін кеудесіне таққан.

Тағы бір айта кететін жайт, Трошев 2016 жылы желтоқсанда Кремльдегі қабылдауға шақырылғандардың қатарынан көрінді. Сол салтанаттан Путиннің  Трошев пен Уткинді марапаттағаны жайлы кадрлар тарады.

"Вагнер" жетекшісі Пригожиннің тағдыры болса, әзірге белгісіз. Пригожин сәтсіз көтерілістен кейін президент Александр Лукашенконың келісімімен Беларуське барған, бірақ Лукашенко өткен аптада CNN-ге берген сұхбатында Пригожиннің қазір Ресейде екенін мәлімдеді.

Пригожиннің Санкт-Петербургтегі үйіне полицияның рейд жүргізгені туралы кадрлар да оның бүгінгі мәртебесіне қатысты сұрақтар туындатып отыр.

Пригожин маусымның 24-де Ресейдің оңтүстігіндегі Ростов қаласынан шыққаннан бері көпшіліктің көзіне түскен жоқ.

Бейсенбі күні АҚШ Президенті Джо Байден Америка Құрама Штаттары Пригожиннің қайда екенін білмейтінін, бірақ жалдамалы сарбаз улануы мүмкін деп қалжыңдады.

"Егер мен Пригожиннің орнында болсам, тамағымды абайлап ішіп, ас мәзірімді қадағалап отырар едім", - деген Байден Ақ үй таратқан мәлімдемеге қарағанда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу