Qazaq Banki таратылды

14916

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Qazaq Banki таратылды

Алматы қалалық соты Qazaq Banki АҚ-ның өзін таратпау туралы апелляциялық шағымын кері қайтарып, банкті мәжбүрлі түрде қаржы нарығынан ығыстыру туралы шешім шығарды. Осы-ақ екен, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) бұған дейін Qazaq Bankiмен байланыста болған жеке және заңды тұлғаларға өтемақы төлейтінін жариялады.

Айта кетейік, мұның  алдында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Qazaq Banki АҚ-ның сотқа апелляциялық шағым түсіруіне байланысты, клиенттерге өтемақы төлей алмай отырғанын мәлімдеген болатын.

ҚДКБҚ Qazaq Banki АҚ салымшыларына өтемақыны төлеу үшін агент банкті таңдап, мәселені шешіп қойған.

Белгілі болғандай, ҚДКБҚ Qazaq Banki АҚ-ның 18 246 салымшысына өтемақы беруді жоспарлап отыр. Өтемақы төлемінің жалпы сомасы 20,4 млрд теңгені құрайды.

ҚДКБҚ-ның хабарлауынша, өтемақы 10 млн теңге ұлттық валютадағы, 5 млн теңге шетел валютасындағы депозитке төленеді. Бір салымшының Qazaq Bankiне теңгемен және шетел валютасымен орналастырылған 15 млн теңге жиынтық ақшасына өтемақы беріледі. Атап көрсетерлігі, шетел валютасындағы депозитке төленетін өтемақы 5 млн теңгеден аспайды.

Депозитте шетел валютасымен сақталған салымның өтемақысы теңгемен төленеді. Агент-банкте ақшаны нақты алу күніне қарамастан өтемақы сомасын есептеу үшін 2018 жылғы 12 желтоқсандағы айырбас бағамы қолданылады.

Qazaq Banki АҚ-ның салымшыларына "Банк ВТБ" арқылы өтемақы төлеу 2018 жылғы 24 желтоқсанда басталады. Көрсетілген уақытқа дейін "Банк ВТБ" салымшылардың өтініштерін қабылдау және кепілді өтемақы төлеу операциясын жүзеге асырмайды.

Өтемақы 6 ай, яғни 2018 жылғы 24 желтоқсаннан 2019 жылғы 24 маусымға дейін төленеді. Өтемақыны алу үшін Qazaq Banki АҚ-ның клиенттері агент-банктің ел аумағындағы кез келген бөлімшесіне жүгінуге тиіс.

Агент-банк Qazaq Banki АҚ салымшыларының өтініштерін 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды. Агент-банкке жарты жыл ішінде жүгінбеген салымшылар өтемақыны Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан тікелей ала алады.

Өтемақы алуға өтініш берген азаматтарда жеке басын куәландыратын құжаты болуы қажет.

Qazaq Banki АҚ салымшылары агент-банктің қолданыстағы депозиттік бағдарламалары бойынша өтемақы сомасына агент-банкте депозит немесе шот аша алады.

Qazaq Banki АҚ-ның 17 369 салымшысы кепілдік берілген соманы толық көлемде алады.

Естеріңізге салайық, Qazaq Banki АҚ ҚР Ұлттық банкі басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы шешімімен қаржы операциясын жүргізу лицензиясынан айырылды. Ал 2018 жылғы 24 қазанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Qazaq Banki АҚ-ны мәжбүрлеп тарату туралы шешім шығарды. 2018 жылы 29 қарашада сот шешімі бойынша апелляциялық шағым берілді. Апелляциялық шағым бойынша сот ісінің тоқтатылуына байланысты, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылғы 24 қазандағы шешімі 2018 жылы 12 желтоқсанда заңды күшіне енді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу