banner

QAZAQ OIL – еліміздегі ең үздік жұмыс беруші компания

10095

Компания өз қызметінде бірегей HR-тәжірибені қолданады. 

QAZAQ OIL – еліміздегі ең үздік жұмыс беруші компания Фото: QAZAQ OIL баспасөз қызметі

QAZAQ OIL компаниясы HeadHunter өткізген халықаралық байқауда екінші орынды иеленіп, "Ең үздік жұмыс беруші" номинациясын жеңіп алды. Бұл туралы inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында QAZAQ OIL компаниясының бас директоры Төлеміс Шотанов айтты.

"Біздің компания осыдан екі жыл бұрын өз қызметіне Чемпиондар лигасының бірегей жобасын әзірлеп, енгізді. Бұл танымал футбол турнирі УЕФА-ға ұқсас. Бұл жобаның негізгі мәні – ең үздік жанармай құю станциялары мен қызметкерлерді супер жүлде деп аталатын ұтысты алуға ынталандыру. Супер жүлде дегеніміз жеңімпаздардың қалауы бойынша әлемдегі ең жақсы курорттардың біріне барып демалу. Бұдан бөлек жүлдегерлер де құрметке бөленеді. Екінші орынды иеленгендер Қазақстан ішінде саяхаттаса, үшінші орынды алғандар бағалы тұрмыстық сыйлықтармен марапатталады", - деді Төлеміс Шотанов.

Оның сөзінше, QAZAQ OIL құрамындағы компанияларды, қызметкерлерді және басқаруындағы нысандарды бірнеше бөлімшелерге бөлген. Осы бөлімшелер аясында ұпайлар есептеледі.

"Бұл жоба нақты уақыт режимінде өтеді. Әрбір жанармай құю станциясының ұжымы және басшылығы турнир кестесінде болып жатқан өзгерістерді онлайн режимде көре алады. Бұл адамдардың бір маңызды идеяның айналасында топтасуы үшін ең жақсы құрал болып есептеледі. Барлығының жеңімпаз болғысы келетіні айтпаса да түсінікті. Екіншіден, бұл өндірісте еңбек ететін қызметкерлерімізге саяхаттауға және әлемнің үздік курорттарына баруына үлкен мүмкіндік. Жоба артында ауқымды жұмыс тұр. Ең әуелі бұл бағдарламалық қамтамасыз ету, себебі нақты уақыт режимінде ұпайларды есептеу қажет. Екіншіден, адамдардың қызығушылық танытуы үшін оларды ақпараттандыру керек. Ең соңғысына бақылау процесі жатады, яғни ұпайды санау. Сайып келгенде әр команда бір-бірімен бәсекелесе бастайды. Бұл жобаның спорттық астары да бар, яғни қызметкерлерде салауатты амбиция пайда болады", - деп атап өтті компания басшысы.

Мысалы, 2022 жылы QAZAQ OILкомпаниясының ШҚО-дағы шағын елдімекенде орналасқан жанармай құю станциясы үздік деп танылған. Осылайша ЖҚС ұжымы Египетке саяхаттап келді. Бүгінде QAZAQ OIL-дың әр жанармай құю станциясында 10-15 адамға дейін еңбек етеді.

"Компанияның негізгі миссиясы табысты бизнес құру ғана емес, біз Қазақстан экономикасындағы табысты өзгерістер мен трансформацияның үлгісі болуға тиіспіз", - деп атап өтті Төлеміс Шотанов.

Ең үздік жұмыс берушілерді марапаттау бойынша байқауды HeadHunter компаниясы өткізген. Конкурсқа басқа танымал ірі компаниялар да қатысты.

"Мұны тағы қандай бағытта жұмыс істеу керекпіз деген перспектива ретінде қабылдаймыз. Бәлкім, алдағы жылдары одан да үздік бастамашыл жобалармен қатысатын боламыз. Жобаның негізгі критерийлеріне корпоративті мәдениеттің өзгеруіне ықпал ету, жаңалығы мен бірегейлігі кіреді. Біздің жоба шынымен де ерекше әрі бірегей болды. Егер жобаның өзі туралы айтатын болсақ, мұнда бірнеше негізгі индикаторлар бар. Мұнай өнімдерін сату, халық тұтынатын тауарларды сату, тұтынушылардың пікірлері, жасырын сатып алушы бойынша көрсеткіштер, жанармай құю станциясындағы қызмет сапасы, көрсетілген кезеңде біздің нысандарда төтенше жағдайдың болмауы – мұның бәрі есепке алынып, ұпайлар қойылады", - деді ол.

Төлеміс Шотановтың сөзінше, компания мұнай өнімдерінің сатылымын 50 пайызға, халық тұтынатын тауарлардың сатылымын 100 пайызға арттырды.

Бұдан бөлек салық жүктемесінің деңгейі де 10 есеге өскен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша компания республикалық бюджетке 15 млрд теңге көлемінде салық төледі.

"Тұтастай алғанда компанияда болып жатқан өзгерістер мемлекеттік активтерді жеке меншікке беру дұрыс шешім екендігінің өте маңызды көрсеткіші деп есептеймін. Жоғарыда айтып кеткен барлық көрсеткіштер компанияның бұрынғы басқару кезеңіндегі көрсеткіштерімен салыстырғанда бірнеше есеге өсті", - деп қорытындылады Төлеміс Шотанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу