"Qazaq Stroy" компаниясы Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның сөзін жоққа шығарды

3172

Компанияның банкроттығы туралы мәселе болуы мүмкін емес. 

"Qazaq Stroy" компаниясы Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның сөзін жоққа шығарды

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан "Qazaq Stroy" компаниясын жергілікті барлық саладағы билік, құқық қорғау органдарымен бірігіп, заң бұзушылықтар жасады деп айыптаған

Алайда елдегі ең ірі құрылыс компанияларының бірі депутаттың сөзін жоққа шығарды. 

"Бұл қоғамда резонанс тудырып, компанияның беделіне кері әсер етті.  Осыған байланысты, біз айыптауларды дәлелді түрде жоққа шығарғымыз келеді. 
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан "Qazaq Stroy" ЖШС компаниясы карьерлерді Алматы қаласының орталығында қазғандай айыптады. Карьерлер қала орталығында емес, жаңа Науырызбай ауданында орналасқан, ол қаланың шеті екенін атап өткіміз келеді", – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі. 

Компания таратқан мәліметке сүйенсек, сот және сотқа дейінгі тергеу органдары дәлелдеген фактілер бойынша "Qazaq Stroy" ЖШС-нің карьерлерді игеруге ешқандай қатысы жоқ. Бұл карьерлер 2-3 жыл көлемінде қазылған. Тиісінше, олар компания нысандарының құрылысы басталғанға дейін болған. Сонымен қатар, карьерлер орналасқан жер учаскелері "Qazaq Stroy" компаниясына қатысы жоқ жеке тұлғаларға тиесілі.

"Карьерлер орналасқан жер учаскелерінің нақты иелерінің болуына қарамастан, тексеру жүргізу кезінде олардың ешқайсысымен сауалнама жүргізілмеген. Демек, бұл осы карьерлердің жанынан құрылыс жүргізген "Qazaq Stroy" компаниясын мақсатты түрде айыптау көзделген. Сонымен қатар, біздің компанияның карьерлерде қазу жұмыстарына қатысқаны туралы нақты дәлелдер жоқ", – деп жазылған хабарламада. 

Аталған карьерлерге байланысты құрылыс салушы шығын мен пайдаға қарамастан, жоспарланған екі үйдің құрылысынан бас тартты. 

"Мемлекеттік экологиялық инспектор Д. М. Лесбековтың әрекеттері екі рет заңсыз деп танылды. Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 01.07.2022 жылғы қаулысымен тексеру нәтижелері туралы актіні және оның негізінде жазылған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы заңсыз деп таныды. Бұл қаулы ҚР Жоғарғы Сотында жойылып, басқа құрамдағы сол сотқа тағы да қарауға жіберілді. Бірақ екінші рет Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы да осы тұжырыммен келісіп, 29.08.2023 жылғы қаулы бойынша экологтардың әрекеттері заңсыз деп танылады. Осы қаулы қазіргі уақытта заңды күшіне ену процесінде", – деп хабарлады "Qazaq Stroy" баспасөз қызметі. 

Бұл ретте құрылыс компаниясы, сот істі қарау кезінде мемлекеттік инспектор Д.М. Лесбековтың тексеру жүргізу кезіндегі іс-әрекеттері басынан-ақ айыптау сипатында болғандығын анықтап, қорытындылар жасағанын хабарлады. 

Ал оның тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген тұжырымдары тексеру жүргізу кезінде объективті болмаған. 

Нәтижесінде, тексеру  процесі заңсыз актіге негізделген және кейін жазылған нұсқамалар заңсыз болып табылады.

Компания өкілдері бұл нұсқамалар Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысы күшіне енгеннен кейін, сот тәртібімен жойылатынын жеткізді. 

"Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан өз өтінішінде осы сот актісінің бар екенін айтпайды және компанияны бірнеше рет құқық бұзушы деп атай отырып, "Qazaq Stroy" компаниясының кінәлі екенін айтады. Демек, депутат Абзал Құспан ҚР қолданыстағы іс жүргізу заңнамасының нормалары туралы білмейтіні анық және осыған байланысты компанияға қарсы шығарылған азаматтық іс жүргізу тәртібімен заңды күшіне енген сот актілері қазір ҚР Әкімшілік рәсімдік-іс жүргізу кодексінде көзделген тәртіппен қайта қаралуда деп тікелей мәлімдейді. Депутат өз сауалында жалған ақпарат тарата отырып, Алматы қаласы экология департаментінің заңсыз іс-әрекеттерін бүркемелеп отыр. Мемлекетке 3,6 млрд теңге көлемінде залалды өтеуге қатысты депутат мемлекеттік сот орындаушыларының "Qazaq Stroy" ЖШС-ге қатысты шығарылған сот актілерін орындамағаны туралы айтады. Бірақ оның себебін ескермей отыр", – деп мәлімдеді компанияда. 

Сот актілері ұйғарым құжаттары бойынша енгізілген және Атқарушылық іс жүргізу қозғалған сәттен бастап мемлекеттік сот орындаушысы "Qazaq Stroy" компаниясының қызметін іс жүзінде банк шоттарына, компания мүлкіне тыйым салу, нотариаттық және тіркеу іс-әрекеттеріне тыйым салып, компания басшысының шетелге шығуын шектеді.

Бұл тұста компания дептуат жағдайды дұрыс түсінбей, "Qazaq Stroy" жалған банкроттық жариялауға тырысты деп айыптағанын ескертті. 

"Депутат 3, 6 млрд теңге өндіріп алу туралы сөз қозғады. Алайда, бұл ретте компанияның тыйым салынған мүлкі 20 млрд теңгеден астам сомаға бағаланады. Тиісінше, компанияның банкроттығы  туралы мәселе болуы мүмкін емес. Сыбайлас жемқорлық фактісіне келетін болсақ, Ерлепесовке 560 000 АҚШ долларын төледі деген жалған болып табылады. Өйткені бұл сома жеке тұлғаға заңды қызмет көрсету үшін біржолғы төлем емес, ұзақ мерзіміне төленді. Сондай-ақ, депутат өз сауалында "Qazaq Stroy" компаниясы қауіпті карьерге 20 м қашықтықта он қабатты тұрғын үй салғанын айтады", – деп хабарлаған компания өкілдері үй мен карьер арасындағы қашықтық 30 метрден асатынын жеткізді. 

"Депутат Абзал Құспан тағы да біздің компанияны жария түрде айтыптай отырып, мәселені объективті түрде түсінбеді. Тек бір ғана тараптың шағымына назар аудара отырып, "Qazaq Stroy" компаниясын заңсыз әрекеттер жасады деп айыптап, кінәләуі күдік туғызады. ҚР заңнамасында жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылатыны, сондай-ақ ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау құқығы көзделгенін еске салғымыз келеді", – деп жазылған "Qazaq Stroy" компаниясы таратқан хабарламада. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу