Радикалдар әлі де көп: Қаңтар оқиғасынан билік сабақ алды ма

2297

Бүгінге дейін елде дін істері саласындағы өзекті мәселелерге жіті мән берілмей, арты ауыр жайттарға апарып соққанын ел билігі енді түйсініп отырған сыңайлы. Мемлекет Қаңтар оқиғасынан кейін бұл істі енді майшаммен қарайтын түрі бар.

Радикалдар әлі де көп: Қаңтар оқиғасынан билік сабақ алды ма

...Бұлай дейтініміз, бейбіт шерумен басталған Қаңтар оқиғасында діни радикалдар көптің наразылығын сылтау етіп, арты ел тыныштығын бұзған үлкен қақтығысқа алып келгені ашық айтыла бастады. Дәл осы сөз Қаңтар оқиғасы өткен соң бір жарым айдан кейін сенаторлардың аузымен де айтылған. Расында да, кейінгі жылдары діни экстремизм мен терроризмнің қауіпті екенін жекелеген азаматтар қанша мәрте ескерткенімен, мемлекет тарапынан нақты әрі батыл шаралар қолға алынбай келді.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлестік болған екен. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 18 конфессияға тиесілі 3 834 діни бірлестік жұмыс істейтінін хабарлаған.  

 

Діни бірлестіктің ішінде пейілдісі де, пиғылдысы да бар. Пиғылдысының түпкі мақсаты жолындағы әрекеті әу баста там-тұмдап жасалған дайындықтан басталған. Атап айтқанда, діннің атын жамылған жат ағымдар оң-солын танымаған жастарды соңына ертіп, қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығарып, жат идеологияны таратып келді. Шынтуайтында, олар дінді өз концепциясына бұрып, өз мүддесіне пайдаланды. Ақыры, дін біріктіруші фактор болудың орнына, халықтың жік-жікке бөлінуіне себеп болып отыр.

Сарапшының ескертуі

Осыдан бір ай бұрын журналист Нартай Аралбайға сұхбат берген сарапшы, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов Қазақстандағы діни радикалардың түпкі мақсаты – халифат құру, халифатта өмір сүру екенін ашық айтқан болатын. Сарапшыға сенсек, олар еліміздің контитуциясын, құрылымын, заңнамасын, қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін мойындамайды.

"Халифат құрудың тұтастай ешқандай "плюсы" болмайды. Біз өйткен жағдайда барлығынан айырыламыз. Біздің аумақ ондайда екінші Ауғанстанға айналады. Экономика болсын, саяси тұрғыдан болсын. Ғылымда хартлет деген ұғым бар. Ол жердің жүрегі дегенді білдіреді. Сол жердің жүрегі ретінде далалық аймақтар – Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан қарастырылады. Сол себепті Қазақстанда айдаладағы АҚШ-тың ықпалын арттырғысы келіп жатқаны – Ресейді және Қытайды әлсіретудің тамаша плацдармы. Шын мәнінде Қазақстанға ешкімнің жаны ашымайды. Экономикалық тұрғыда бұл бай әрі транзиттік аумақ. Саяси тұрғыдан да Еуропаға да, Азияға ықпал ететін жер. Халықаралық қылмыс тұрғысынан қарағанда қару болсын, есірткі болсын – кез келген қауіпті затты тасымалдауға ыңғайлы аумақта тұр. Сондықтан халифат орнаса, Қазақстанда толығымен хаос болады", – деп ескертеді сарапшы.

Ал сенаторлар келтірген мәліметке сүйенсек, Қазақстанда дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73% қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейді екен. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Яғни қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блог-платформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізіп жатыр.

"Халықаралық экстремистік ұйымдар қаржылық және адам ресурстарымен жабдықталған, трансұлттық деңгейде қанатын кең жайған дербес жүйеге айналған. Интернетті, әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, дүниенің әр жерінде тұрақтылықтың бұзылуына әрекеттенген мұндай топтар дін атын бүркеніп, өздерін Шариғат заңдарына негізделген мемлекет құрушы күштер ретінде жарнамалайды. Ресми ақпаратқа сәйкес бүгінгі күні ел аумағында қызметіне тыйым салынған 22 экстремистік ұйым бар. Десекте, БАҚ таратқан ақпаратқа қарасақ, осы күні елімізде қызметіне тыйым салынса да әлі күнге белсенді әрекет жасап жүрген деструктивті діни ағымдар жетерлік. Мысалы, Бас прокуратураның соңғы мәліметі бойынша "Қаңтар оқиғасына" қатысты деген күдікпен қамауға алынғандардың арасында "Йакын Инкар" (2018 жылы тыйым салынған) радикалды тобының мүшелері бар. Олардан қару-жарақ пен діни жазба әдебиеттері тәркіленді. Осы және бұдан да басқа деструктивті діни ағымдарды ұстанушы азаматтардың саны өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан жыл санап өсіп келе жатқаны байқалуда. 2019 жылы Қазақстан Дінтанушыларының ХІ форумында ҚР ҰҚК терроризмге қарсы орталық бастығының орынбасары Сергей Швейкин өз сөзінде Қазақстандағы деструктивті ағымды ұстанушылардың саны 20 мыңнан асатынын мәлімдеді. Осы тұста, бұлардың саны неге көбейіп жатыр деген сұрақ туындайды", – дейді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.

Депутаттар осы жайттарды ескере отырып, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа мемлекеттік бағдарлама дайындауды ұсынған. Одан бөлек өңірлер бөлінісінде Қазақстанның діни ахуал картасын әзірлеуді, дін саласы бойынша зерттеу, мониторинг және сараптама жүргізетін республикалық зерттеу орталығын құру, оны тиісті білімі бар кәсіби, білікті мамандармен жасақтауды ұсыныс ретінде енгізген.

Билік не істегелі отыр?

Бұрынғы қателіктерді бүгінгі Үкімет реттеу үшін қандай шараларды қолға алғалы отыр. Қаңтар оқиғасынан кейін елдегі діни ахуалға үкіметтік деңгейде баса мән беріле бастағанын байқауға болады. Мәселен, Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қаңтар оқиғаларының себебі мен салдары мүдделі мемлекеттік органдармен жан-жақты қаралып, зерделеніп жатқанын хабарлайды. Үкімет басшысының өзі аталған оқиға негізінен әлеуметтік-экономикалық, сонымен қатар дін саласындағы басым бағыттарды күшейтіп, одан әрі жетілдіру қажеттігін айқындап бергенін мойындап отыр. Нақтырақ айтқанда, биыл 10 ақпанда мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы кеңес өткізіліп, радикалды идеологияның таралуына жол бермеу, интернет желілерде олардың алдын-алу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелерін қараған. Оның нәтижесі бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берілген.

"Атап айтқанда сарапшылар қауымдастығының өкілдерін тарта отырып деструктивті діни ағымдарды ұстанушылармен оңалту жұмыстарын заңнамалық қамтамасыз ету керек. Азаматтарымызға күмәнді шетелдік теологиялық оқу орындарына баруға жол бермеу жөнінде нақты  шаралар қабылдау тапсырылды. Одан бөлек интернет-кеңістіктегі қарсы насихат жұмыстарына тартылатын мамандар жетіспеушілігін шешу мәселесіне мән беріледі. Ал дін істері басқармаларының штатына smm-мамандарды (әлеуметтік желілерде контенттерді ілгерілету мамандары) тартуды қамтамасыз ету міндеттері жүктелді", – дейді Әлихан Смайылов.

Діни ахуалдың жай-күйі Үкімет жанындағы дін саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мәселелері бойынша ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі комиссияның жүйелі күн тәртібіне қойылған. Ал сенаторлардың жаңа бағдарлама құру керек деген ұсынысына Әлихан Смайылов "діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмысын одан әрі жетілдіру жөніндегі кешенді шараларды көздейтін жаңа "Қауіпсіз ел" ұлттық жобасы әзірленіп, ол мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында" тұрғанын хабарлайды. 

Діни оқу орындары жайлы

Кazislam.kz порталының жазуынша, Қазақстанның азаматтары шетелдік діни оқу орындарымен екіжақты ынтымақтастықтар негізінде діни білім алады. Ақпарат көзінің мәліметіне сәйкес, шетелдік діни оқу орындарын екі бөліп қарасытырған жөн. Біріншілері – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түрде меморандумға отырған шетелдегі танымал жоғары оқу орындары. Екіншілері – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы меморандумға отырмаған шетелдік діни оқу орындар.

"Пәкістан, Сауд Арабиясы Корольдігі, Иран, Катар, Кувейт, Йемен, БАӘ сияқты мұсылман мемлекеттеріндегі күмәнді діни оқу орындарынан білім алып келген студенттер халық арасында деструктивті діни идеологияның таралуына себепші болуда. Міне, осындай шетелдік күмәнді діни оқу орындарында білім алған жастар отанына оралып, деструктивті діни ағымдардың идеологиясын таратудың салдарынан Қазақстанның әр аймағында терролық әрекеттер орын алды", – деп ескерткен 2020 жылғы мақаласында Жамбыл облысы әкімдігінің "Дін проблемаларын зерттеу орталығының" бөлім басшысы Ерзат Жақыпов.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу