Рафаэль Уразбахтин: Дастан Сәтпаевтың Англияда қалуына Алонсо ықпал етті

411

Алматылық "Қайрат" командасының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Дастан Сәтпаевтың лондондық "Челсиден" "Бёрнлиге" жалға берілуіне қатысты өз пікірін айтты.   

Рафаэль Уразбахтин: Дастан Сәтпаевтың Англияда қалуына Алонсо ықпал етті Фото: kazfootball.kz

"Қайрат" академиясының түлегі өткен аптада "Челсиден" Чемпионшипте өнер көрсететін "Бёрнли" клубына жалға ауысты. Уразбахтиннің пікірінше, футболшы үшін Англияда қалу дұрыс шешім болып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты egemen.kz-ке сілтеме жасап.

"Егер объективті тұрғыдан қарайтын болсақ, оның Англияда қалғаны жақсы. Қазақстан чемпионатынан бірден АПЛ-да ойнау оңай емес. "Челси" шабуыл шебіне бірнеше ойыншы алды. Оның үстіне Хаби Алонсо клубқа үлкен амбициямен келді, оның негізгі мақсаты жастарды дамыту емес, команданың алдына қойылған міндеттерді орындау", – деді маман.

Уразбахтин Чемпионшиптегі ойын қарқыны Сәтпаевтың дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Оның сөзінше, лигада АПЛ-дегідей жоғары деңгейдегі футболшылар көп болмағанымен, ойынның қарқыны мен қарқындылығы жас шабуылшы үшін пайдалы тәжірибе болады.

"Бұл Дастан үшін өте жақсы шешім. Чемпионшип – өте қарқынды чемпионат. Дастанның "Бёрнлиде" жеткілікті ойын тәжірибесін жинайтынына сенімдімін", – деді "Қайрат" бапкері.

Сонымен қатар Уразбахтин Сәтпаевпен трансферден кейін сөйлескенін айтып, футболшының "Бёрнлиге" ауысуына "Челси" бас бапкері Хаби Алонсоның өзі ықпал еткенін жеткізді.

"Басшылығымыз Дастанмен сөйлесті. Оның айтуынша, дәл Алонсо Англиядан кетпеуін талап еткен. Ол Дастанды жанында ұстап, оның дамуын бақылағысы келеді. Дастанның өзі де бұл нұсқаға риза деп түсіндім. "Бёрнли" сапында қанша гол соғатынын болжайтын болсақ, он гол соқса, өте жақсы нәтиже болар еді", – деді маман.

Айта кетейік, футболшы Англияға тамыз айында, 18 жасқа толған соң ауысуы керек болған. Алайда "Челси" басшылығы оны алдын ала шақырып, Аустралиядағы маусым алдындағы дайындыққа қатыстырды. Маусым алдындағы турне аясында Сәтпаев "Челсидің" төрт жолдастық кездесуінің үшеуінде алаңға шықты. Ол "Вестерн Сиднейге" қарсы дебюттік ойынында алғашқы голын соқты.

Ал 14 тамызда Дастан Сәтпаев ресми түрде "Челси" құрамына еніп, "Бёрнли" клубына жалға берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу