"Қайрат" клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин "Копенгагенге" қарсы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі маңызды матч алдында өткен баспасөз мәслихатында команданың дайындығы жөнінде айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Уразбахтиннің айтуынша, чемпионат аяқталғаннан кейінгі үзіліс командаға жақсы әсер еткен.
– Ұзақ үзіліс болды. Ойынды асыға күтіп отырмыз. Демалыстан да шаршадық. Ойыншылардың тынығуына, дайындалуына уақыт болды. Біз жақсы ойын көрсетеміз деп сенеміз.
– Копенгагенге қалай келдіңіздер? Сапарларыңыз ұзақ болды ма?
– Біз мұндай ұзақ сапарларға үйреніп қалғанбыз. Бұл бірінші рет емес. Барлығы жақсы өтті. Кеше ұшып келдік. Жаттығу өткізіп, демалдық. Ешқандай қиындық болған жоқ.
– Командалар үзілістен кейін бірден ойын ырғағына ене алмайды. Бұл үзіліс командаңызға кері әсер етеді деп алаңдамайсыз ба?
– Бізге демалыс қажет болды. Жігіттердің бойында микрожарақаттар жиналды әрі психологиялық тұрғыда да шаршау байқалды. Құрамаға барып келген ойыншыларға қосымша демалыс бердік. Қалғандары жақсы көңіл-күймен дайындалды. Сондықтан бұл үзіліс бізге оң әсер етті.
– "Интермен" болған матчтан кейін Офри Арадтың ота жасатып, алдағы ойындарға қатыса алмайтыны туралы ақпарат тарады. Оның орнына кімді көреміз? Мүмкін, Қазақстан құрамасында осы позицияда ойнаған Тапалов?
– Офри ота жасатты. Оның орнын басатын ойыншыларымыз бар. Еркін Тапалов – әмбебап футболшы, құрамада да өз деңгейін көрсетті. Сонымен қатар, Глазер толық қалпына келді. Арадтың орнын басатын бірнеше нұсқа бар.
– Көрші Әзербайжанның "Қарабахы" "Копенгагенді" ұтып, жалпы маусымда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Осы салыстырулар сіздерге қалай әсер етеді?
– Біз мұндай салыстыруларға назар аудармаймыз. Бұл тек медиа тудырған әңгіме. Футбол алдын ала болжанбайтын ойын. Біз де, "Копенгаген" де турнирлік кестеде бір деңгейдеміз. Өз алаңында олар да барын салады. Кім мықты, сол жеңеді.
– Александр Мартынович "Интермен" өткен матчқа қатыспады. Бірақ оны Александр Широбоков жақсы алмастырды. Мартынович алдағы ойынға дайын ба?
– Иә, Мартынович "Астанамен" болған ойында алған жарақатына байланысты "Интермен" өткен матчқа қатыса алмады. Қазір ол толық қалпына келіп, жалпы топпен жаттығып жүр. Бастапқы құрамда кім шығатынын ойын алдында көресіздер. Ал Широбоковтың "Интерге" қарсы ойнау мүмкіндігі – оның дамуы үшін баға жетпес тәжірибе. Ол әлі жас ойыншы, өседі, дамиды. Мұндай матчтар және Чемпиондар Лигасына қатысу жалпы біздің ойыншылардың даму деңгейін арттырады. Широбоковтың "Интерге" қарсы сенімді, сапалы ойын көрсетуі біз үшін қуанышты жағдай. Бұл оның болашағына да, біздің бапкерлік штабқа да оптимизм сыйлайды. Біздің қолымызда Саша секілді жас, болашағынан зор үміт күттіретін қорғаушының болуы қуантарлық жағдай.
Айта кетейік, "Қайрат" – "Копенгаген" матчы бүгін, 26 қараша Қазақстан уақыты бойынша 22:35-те басталады.