"Қайраттың" бас бапкері "Чемпиондар лигасына шығамыз" деп ойламаған

245

Матч аяқталысымен баспасөз мәслихаты өтіп, алматылық клубтың бас бапкері ойыннан кейінгі пікірімен бөлісті. 

"Қайраттың" бас бапкері "Чемпиондар лигасына шығамыз" деп ойламаған Фото: Қайрат ФК

"Қайраттың" бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне тарихи жолдама алғаннан кейінгі матчтан соң баспасөз мәслихатында шәкірттеріне Еуропа футболының алып клубтары туралы сөз қозғағанын тілге тиек етті.

– Біздің мақсатымыз чемпионатта жеңіске жету болды. Кубок алу және Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу. Бір мақсат орындалды. Мүмкін, дәл осы топтық кезеңге шығамыз деп ойлаған жоқпыз. Ең болмағанда Конференциялар лигасында ойнасақ деп едік. Бірақ енді міне… Жігіттерге біз мақсатты орындадық дедім. Енді қандай мақсат қоямыз, білмеймін, көреміз. Мен болжам жасауды ұнатпаймын. Бәрін біртіндеп орындағанды жақсы көремін. Өзіміз де сене алар емеспіз, – деді ол.

Алматылық команданың бапкерінен топтық кезеңде қай қарсыласты көргісі келетіні жайлы да сұрадық.

– Армандап көрмеппін де. Бірақ бір әңгіме айтайын. Ойын алдындағы нұсқау кезінде біз жігіттерге топтық кезеңде күтіп тұрған командаларды көрсеттік. Бәрі алпауыт клубтар. Тізімін қағазға басып шығарып, киім ауыстыратын бөлмеге іліп қойдық. Жігіттердің көріп, жігерленгенін қаладым. Әрине, (Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде) барынша танымал клубтармен ойнағанды қалаймыз. Өйткені мұндай мүмкіндік, мүмкін, өмірде бір-ақ рет келетін шығар. Біздің стадион да Глазгодағыдай болса ғой, – деді Рафаэль Уразбахтин.

Айта кетейік, бүгін алматылық "Қайрат" Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде шотландиялық "Селтикті" пенальти сериясында ұтып (3:2), тарихында алғаш рет Еуропаның ең беделді клубтық турнирінің топтық кезеңіне өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу