Рақымшылық жасау актісі қабылданды

1932

Сенатта мәжіліс мақұлдаған "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң қабылданды.  

Рақымшылық жасау актісі қабылданды  Фото: egemen.kz

"Құжаттың мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыс үшін жаза мерзімін қысқарту. Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады", – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Министрдің мәлімдеуінше, еліміздегі 64 жаза өтеу мекемесі мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Бүгінге дейін 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан.

"4 мың адам тергеуде қамауда отыр. Олардың 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. 45%-ы бұған дейін бірнеше рет сотталған. 32 мың адам пробациялық бақылауда", – деді Ерлан Тұрғымбаев. 

Оның айтуынша, қабылданған заңға сәйкес, 2 292 сотталушыға, 11 753 пробацияда тұрған азаматқа рақымшылық жасалады. 
"1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады. 3 881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1 330 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады", – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Ішкі істер министрі сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылғаны туралы мәлімдеді. 
"1 674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. 1 471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережесі қолданылады", – деді Ерлан Тұрғымбаев. 

Қабылданған заңға қатысты сенатор Андрей Лукин мен Сәуле Айтпаева пікір білдірді. 

Андрей Лукин: "Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған азаматтардың әлеуметтік осал санатына рақымшылық жасауға бағытталған. Заң жобасы аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық құқық бұзушылық үшін сотталған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құжатта жасалған іс-әрекеттің ауырлығын және істің өзге де мән-жайын ескере отырып, сотталғандардың жекелеген санатына қатысты жаза мерзімін қысқарту көзделген. Заң арқылы қауіпті, ауыр немесе аса ауыр қылмыс, сондай-ақ террористік және экстремистік қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасауға тыйым салынды", – десе, Сәуле Айтпаева: "Рақымшылық жасау актісі  – адамгершілік актісі болып табылады. Бұл акті барлық елде қолданыла бермейді. Заң жобасының негізгі міндеті – азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан және негізгі жазадан босату, жеке анықталмаған адамдар тобына қатысты жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту. Заң жобасында рақымшылық жасауды қолданудың шарттары мен тәртібі оны енгізген күннен бастап санағанда 6 ай ішінде орындалуға тиіс. Қылмыстық кодекстің 78- бабында рақымшылық жасау актісін қабылдаудың және оны тарату шеңберінің негізгі өлшемдері айқындалған. Заң жобасы Қылмыстық кодекстің ережелеріне толық сәйкес келеді. Заң жобасы сотталғандарды жазадан босатуға байланысты түрмедегі адамдар мен пробациялық бақылаудағы сотталғандардың санын азайту, жазаның өтелмеген бөлігінің  мерзімін қысқарту сынды бірқатар ізгі амалдарды қолдануға ықпал етеді", – деді.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу